Өткен жылы елімізге 3 млн ресейлік турист келген

Өткен жылы Қазақстанға 3 миллион ресейлік турист келген. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының XIII өңіраларық форумында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Астанадағы форумда Қазақстан мен Ресей арасындағы туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды. Панельдік сессияда сөз алған Тимур Тоқтабаев Ресейден Қазақстанға келетін туристер саны жыл сайын көбейіп келе жатқандығына назар аударды.

«2015 жылы еліміз ресейлік азаматтар үшін туризм бойынша танымалдылығы жағынан төртінші орын алды. Қазақстанда 3 миллион ресейлік турист болып қайтты. Қонақтардың ең көп демалатын аймағы Бурабай шипажайы болып отыр. Сондай-ақ Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық саябағы, Балқаш және Алакөл көлдері, Шымбұлақ тау-шаңғы шипажайы сұранысқа ие болды»,- дейді Тимур Тоқтабаев.

Айта кетейік, бүгін Астанада «Еуразиялық кеңістіктің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту» тақырыбында екі ел басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының ХІІІ өңіраралық Форумы өтеді.

Форумның мақсаты – Қазақстан мен Ресейдің ірі кәсіпкерлері және кәсіпорындары арасында іскерлік байланыс орнату, жаңа технологияларды қолдану арқылы көліктік-логистикалық кешенде жаңа байланыстарды қалыптастыру, экономикалық өсімді, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша бизнес пен биліктің конструктивті өзара іс-қимыл мәселелерін шешу. Сондай-ақ ХІІІ Форум аясында төрт панельді сессия өтеді. Сонымен бірге, Қазақстан мен Ресейдің байланыстар биржасын ұйымдастыру жоспарланған. Форум аясында екі елдің экспорттық әлеуетін әртараптандыруға, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын құруға бағытталған экономикалық сипаттағы 50-ден астам құжатқа қол қойылады.

Бек ТӨЛЕУОВ

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *