Елдің еңсесін көтерген азаматтар аман болсын

Е.Ысмайылов атындағы Мәдениет орта мектебінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы өзіндік сән-салтанатымен айрықша өтті. Наурыз -ежелден қалыптасқан жыл басы. Бұл мереке халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптейтін, оны ортаға салып саралайтын, қызықтайтын күн.
Биылғы наурыз тойы жылдағыдан да ерекше әсерлі тойланды. Әдеттегідей әннен шашу шашылып, мерекелік дастархан жайылды, оқушылардың ата-аналарының ұйымдастыруымен әзірленген мерекелік жәрмеңкеден басталды.
Мерекеге жиналған көпшілік қауым, ата-аналар, қонақтар, түлектер бәрі де мәз-мейрам көңіл-күйлері көтеріңкі.
Мерекеге арналған мектебіміздің «Армысың әз-Наурыз!» атты сазды бағдарламасын ұйымдастыруға мұрындық болған 9-сынып оқушылары да өз көрермендерін ыждағаттылықпен қарсы алды.
Сахна төрін алдымен жерлесіміз, мектебіміздің түлегі, бүгінгі таңда асаба, әншілік қырларынан танылып жүрген Біржан Хамзин күмбірлеген домбырамен ашты. Шәкіртіміз бір ғана емес бірнеше рет өзінің шығармашылығын шыңдап, ауылдастарына арнайы келіп концерт ұйымдастырып, елдің алғысын алып жүр.
Бағдарлама негізінде 9-сыныптың оқушылары Нариман Асылханов мен Алуа Тауышева жүргізушілер сөз алып, әр сынып оқушыларына кезек беріліп, сахналық қойылымды тамашалады.
Мектебіміздің басшысы Дина Қалиева жиылған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтады.
Жылдағы өтілетін мерекеге тілектер айтылып, ақ баталар берілсе, әжелеріміз шашуларын шашып, қонақтарға наурыз көже таратылды.
Ендігі кезеңді барлық жұртшылық тағатсыздана күткен болатын. Ауылымыздың түлегі, Астана қаласында тұратын Медығат Ыбраев бас демеуші болып, 300000 мың теңге көлемінде үлкен сый-құрмет жасап, ауылдастарына арнайы сыйлықтарымен келгендігін, ертеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз: тоғызқұмалақ, арқан тартыс, күрес, ат шаптыру сияқты сайыстарға жүлде тағайындағаны хабарланды.
Мектептің түлектері Бақытжан Серғазин, Жасұлан Қосымов еркін күрес абсолютке бір қой және «Айналайын» шағын орталығына спорт құралдарын сыйға тартты.
Ел ағалары Базарбай Каркенов және Ақан Мергенбаев ақшалай сыйлықтарын мектебіміздің түлегі, Азия чемпионы Абзал Өкеновке табыс етті.
Ауылымыздың қадірлі абыз ақсалдары Дулат Әбдірашев, Сатыбалды Бұланов, Әбжан Теміров аталар өз өнерлерін көрсеткен оқушыларға қаржылай қолдау жасады.
Дүйім жұрт алдымен өткізіліп жатқан қазақша күресті тамашаласа, кейбірі бірін-бірі көріп қауышып тілектерін білдірді.
Көпшілік іс-шара соңында ұлттық спорттық ойындарда орын алған оқушыларымыз мақтау қағаздарымен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Тоғызқұмалақтан 9-сынып оқушылары Аққу Амантай 3-орын, Сұлтан Қуандықов 2-орын, Мерей Амангелді 1-орынға ие болды.
Дойбыдан 7-сынып оқушысы Ернұр Қасенов 3-орын, 8-сынып оқушысы Саябек Сапатаев 2-орын, 9-сынып оқушысы Әміржан Әбжанов 1-орын.
Еркін күрестен 37 кг салмақта Нұрболат Бақыт 1-орынды қанжығасына байлап, сыйлыққа велосипед берілді, Ералхан Темірхан 2-орын, шаңсорғышқа ие болса, Нұрсұлтан Ислямов 3-орын, бағалы сыйлықты жеңіп алды. 56 кг салмақта Досбол Әшкенов 3-орын, Айболат Қабденов 2-орынды місе тұтып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Абзал Өкенов 1-орынға тігілген жүлдеге лайық деп танылып, велосипед, 1-қой, ақшалай сыйлықтың иегері атанды.
Ат жарыста 3-орын Көкшетаудан арнайы ат әкелген Қайрат есімді қонағымыз 10000 теңге, 2-орын мектебіміздің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Біржан Қарабаев 30 000 теңге, 1-орын ауылымыздың тұрғыны Ескен Қосымов 50000 теңге ақшалай сертификаттың иегерлері болды.
Мектеп оқушылары ата-аналарының наурыз мейрамына салған суреттеріне де сыйлық тағайындалды. 4-сыныптағы Сұңқар Қуандықовтың анасы Қалиса Елубаеваға шәйнек, 10-сынып оқушысы Гүлнұр Әскероваға сыйлық тапсырылды.
Есмағанбет Ысмайылов атындағы Мәдениет орта мектебінің әкімшілігі мектебімізден білім алып, әр жерде өздерінің жүрегі қалаған қызметтерін адал атқарып, ауыл десе ішкен асын жерге қоюға дайын жомарт жандардың барлығына Наурыз мерекесін жоғары деңгейде өткізуге қол ұшын созып, қолдау көрсеткендеріне шексіз алғыстарын жеткізеді.

А.Темірова, Е.Ысмайылов атындағы Мәдениет
орта мектебі география пәнінің мұғалімі

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.