Қазақстанда ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктерін құру мүмкіндіктері

Жақында Бурабай кентінде орналасқан «Әлем» қонақжайында геоғылым және геопарктер бойынша ЮНЕСКО халықаралық бағдарламасының көшпелі семинары өтті.

«Геопарк» деген өзі не? Бірегей геологиялық сипаттағы аймақтардың геопарктерді құрудағы рөлі қандай?

Геопарктер ерекше қорғалатын табиғи аймақтар ретінде шектеле ме? Осы және басқа да сұрақтар геоғылым және геопарктер бойынша ЮНЕСКО-ның халықаралық бағдарламасының семинарында жан-жақты талқыланып, әңгіме арқауына ілікті.

Семинар жұмысын ұйымдастыруға Ақмола облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер жөніндегі Ұлттық комитеті және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мұрындық болды. Семинарға ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінен арнайы шақырылған спикерлер келді. Олар Патрик Маккивер мырза, ЮНЕСКО-ның Халықаралық геоғылымдар және геопарктер бағдарламасының директоры Сурен Гевиниан мырза, ЮНЕСКО-ның халықаралық геоғылымдар және  геопарктер бағдарламасының кеңесшісі қатысты.

Семинарды ашып жүргізген ҚР ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның бас хатшысы Әсел Өтегенова. Әсел ханым алыс-жақыннан келген шетелдік қонақтармен республиканың әр түкпірінен келген мәртебелі меймандарды таныстырып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Бұл семинар мүдделі тараптардың Қазақстанда ЮНЕСКО-ның алғашқы геопарктерін құру  жөніндегі диалогына бірегей алаңды қамтамасыз етеді. Бұл бастама әсіресе ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында өзекті болып табылады, сондай-ақ 2050 Стратегиясын жүзеге асыруға ықпал етеді және де табиғи ресурстардың сарқылуы мәселесін қарастырады. Эко және гео туризм дамуы біздің елге шикізат өндіру экономикасының тәуелділігінен біртіндеп азайту ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренада Қазақстанның туристік бағыт имиджін жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы 1992 жылдан бері жұмыс атқарады. Комиссияның басты мақсаты ЮНЕСКО-ның құзыреті салаларда халықаралық гуманитарлық ынтамақтастық жасасу болып табылады, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның іс-шараларына қатысу арқылы халықтардың өзара түсіністігіне бағытталған рухани келісуіне және халықтың топтасуына, білім бағдарламасын жетілдіруге, мәдениеттің әртүрлілігін дамытуға және таратуға, мәдени мұрамызды сақтау және арттыруға, дәстүрлі білім мен дағдыларды, ақпараттың бостандығына ықпал жасауға қызмет етеді. Комиссия жанында 6 ұлттық комитеттер жұмыс атқарады, оның ішінде жақында құрылған ЮНЕСКО жаһандық геопарктер істері жөніндегі ұлттық комитетінің де кіретінін  тілге тиек етті.

Келген мәртебелі қонақтар мен семинарға қатысушыларды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков құттықтап, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өңір басшысының қолдау-құттықтау тілегін де жеткізді. Одан кейін Патрик Маккивер, Диляра Вудворд семинар қонақтарына жүрек жарды алғысын біліріп, ақ жарма ақ тілектерімен бөлісті.

Тақырыптық баяндама жасау мақсатында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб пәтерінен арнайы келген спикер Патрик Маккивер, «Бурабай» МҰТП директоры, жерлесіміз Әліби Ғазиз, Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов, Ақмола облысы мәдениет басқармасы тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының басшысы Талғат Ибраев, ЮНЕСКО халықаралық бағдарламасының кеңесшісі Сурен Гевиниан, Бурабай ауданы демалыс және туризм индустриясы ассоциациясының директоры Сәния Ахметова мінберге көтеріліп, бейне көріністер жасалған слайд арқылы өз ойларын жеткізіп, пікір алмасты.

Щучье-Бурабай курортты аймағына жыл санап келуші туристердің қатары артып келеді, осы бағытта атқарылып жатқан қызмет түрлерінің сапалығы мен қолжетімдігіне де тоқталды.

Семинар қонақтарына Ақмола облысы бойынша қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бағалы туындылар ұлттық нақышта жасалған құнды дүниелер қойылған көрме ұйымдастырылды. Көрме жұмысына Бурабай ауданы да қатысып, Щучинск тарихи өлкетану мұражайының директоры Раушан Айтикенова аудандағы он саусағынан өнер тамған білікті шеберлердің жұмыстарын көрсетіп насихаттады. Алыс-жақыннан жиналған семинар қонақтары көрме жұмысына қызығушылық білдіріп, оң бағасын берді.

Екі күнге созылған семинар қонақтары жоспарға сай Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болып, курортты мекеннің тарихи жерлерін түгел аралап, мәдени мұра ұлттық құндылықтарымызды көздерімен көріп, жергілікті қауымдастықтың өкілдерімен кездесіп, үлкен әсер алып, елдеріне марқайып қайтты.

Болат Сабырұлы

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *