Оза шапқан қос шәкірт

Көп тіл білсең көкжиегің кең болар,

Құрметтейді жан екен деп төрге озар.

Қай тілде де сөйлесең де дұрысы,

Мемлекеттік тілді үйренген жөн болар.

Елімізде мемлекеттік тілді дамытуға және оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында соңғы жылдары атқарылып жатқан нәтижелі істер қатары мол. Осындай мақсатта мамыр айының 10-12 күндері аралығында Көкшетау қаласында мемлекеттік тілді үйреніп жатқан өзге ұлт өкілдеріне арналған 5-11 сынып оқушыларының арасында облыстық шығармашылық конкурсы болып өтті.  Сан түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жинаған қазақ елінің негізгі тілі қазақ тілін дамытуға арналған бұл шара Елбасымыздың «Қазақстан 2050. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» ұзақ мерзімді стратегиялық жолдауындағы қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру жолындағы қадамдардың бірі.

Сайысқа облыс аудандарынан жүлделі орын иеленген өзге ұлт оқушылары қатысты.  Олар жас ерекшеліктеріне байланысты 4 түрлі  8 номинация бойынша бақ сынасты.

Осы сайысқа Бурабай ауданынан 8 оқушы қатысты. Соның ішінде біздің  №9 мектеп-гимназиясынан  Хомич Евгений мен  Умрыхина Галина өз бағын сынады. Қатысушылар 4 кезеңнен құралған сайыста тапсырмаларын ойдағыдай орындап, алғыр да жылдам екендіктерін көрсете білді. Әсіресе, «Әдеби көркем оқу», «Музыкалық қонақжай» кезеңдері ерекше өтті. Қазақ тілінде көсіле, еркін сөйлеген  поэзияның майын тамызып, мәнерлеп оқыған Евгенийдің шешендігі мен шеберлігі, ой өрісі мен сөз саптауы жанкүйер қауымның делебесін қоздырды. Ал орыс қызы Галинаның әуелете салған» Атамекен» әні дүбірлі доданың өтуін қызықты ете түсті. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл!» дегендей мақал-мәтелдерді нақышына келтіріп, мағынасын ашуда  және мәтінмен жұмыс істеу кезінде  сөздік қоры мен білімдерін таразыға салды. Диалог құру барысында көркем сөзді кестелеп, өздерінің шешендігін көрсете білді.

Сайыстың өту барысын әділ-қазылар талқылап, сайыскерлердің  бағаларын берді.  Сайыс қорытындысы бойынша бәсекелестерінен оқ бойы алға шыққан Хомич Евгений 1-орынды иеленіп, Галина 2-орынды қанжығасына байлады. Тіл мерейін үстем етуге ат салысқан сайыскерлер дипломдармен  және ақшалай сыйлықтармен  марапатталды. Қазақ тілін өз ана тіліндей құрметтейтін осындай оқушыларымыз басқаларға үлгі болатыны біздің ертеңгі күнгі тіл тағдырының асқақ болуына сенімімізді күшейте түспек.

Сайыстың аты — сайыс. Біреулердің бабы келіп бағы жанады, біреудің бағы жанып аты озады,-демекші оза шапқан шәкірттерімізге алар асуларың көп болсын, тіліміздің мәртебесін асқақтата беріңіздер демекпіз.

Г.  Нұрғожина, № 9 мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.