Түлектер болашаққа қанат қақты

Былтыр ғана тұсауы кесіліп, бұқара халыққа есігін айқара ашқан Щучинск қаласының № 7 мектеп-лицейі 2016-2017 жылдың алғашқы түлектерін сән-салтанатымен шығарып салды.

Соңғы қоңырау мерекесіне жиналған оқушылар мен түлектер мектеп мұғалімдері, ата-аналар, қадірменді қонақтар белгіленген уақытта сапқа тұрып, алтын ұя мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқалы отырған 51 түлекті сынып жетекшілерімен бірге қошеметпен қарсы алды.

Салтанатты қуанышты күннің жүргізушілері мектеп-лицейдің мұғалімі Азамат Жакеев пен лицей президенті, оқу озаты Индира Ахметова соңғы қоңырау мерекесін ашық деп жариялап, мемлекеттік әнұран орындалды.

Алғашқы құттықтау соз № 7 мектеп-лицейдің директоры Жомарт Қайрмденовке берілді, көпті көрген іскер басшы 2016-2017 жылғы мектеп-лицейінің жалпы жетістіктерін тілге тиек етіп, бітіруші 9-11-сынып түлектеріне сәт-сапар, ақ жол тілеп, алдағы мемлекеттік емтихан, ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, өмірден өз жолдарын табуға жүрек жарды тілегін арнады. Бурабай аудандық оқу бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Әсия Қосыбаева, Ш.Уәлиханов атындағы республикалық Кадет корпусының басшысы, полковник Руслан Қабдулинов, ата-аналар атынан мақала авторы, мектеп-лицейдің алғашқы түлектерін жаңа оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектердің 11 жыл бойы алған білімдерін алдағы күтіп тұрған сынақтардан сүрінбей өтіп, өздері қалаған мамандықтың иесі болуларына тілектес екендіктерін білдірді.

Мектеп-лицейі бойынша оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда белсенді бір топ оқушыларға мақтау қағаздары табыс етілді.

Соңғы қоңырау сылдырын түлектер үшін сыңғырлата соғу бақыты мектеп-лицейдің түлегі Гүлназ Жамбылова және оның 1-сыныпты аяқтаған інісі Мирас Жамбылов, мектеп түлегі Хабиболла Еламан мен інісі Хабибулин Саян, мектеп бітіруші Айзада Кәрімова інісі Қуанышбек Алдияр, мектеп түлегі Данияр Балтабаев мектептің белсенді оқушыларының бірі Назерке Жанұзақоваларға бұйырды.

Мектеп-лицейдің 11-сынып түлектері орталық алаңда қоштасу вальс биін билеп, заманауи үлгідегі қойылған әдемі қойылым жиналған көпшіліктің жанарына жас үйіртті. Қазақстанның болашағы жастардың қолында деген ұран сөзді Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әр жиында айтып, насихаттап жүреді. Салтанатты жиынның соңы мұнымен аяқталмай ата-аналар мен келген қонақтар мектеп педагогтары, лицейдің әсем безендірілген демалыс залына көтерілді. Бұл қасиетті сахнадан мектеп түлектері өздері дайындаған ауқымды сазды бағдарламаны ұсынып, көрерменнің көңілін тағы бір серпілтті. Сахналық қойылым арқылы дүниедегі асыл мамандықтарды еске түсіріп, оның қыр-сырына қанықтырса, мың бұралған бишілер халқымыздың ұмыт болып бара жатқан ширақ қимылдарын көзге елестетті. Суырып салма ақын да, өлеңдеріне музыка жазған сазгер де, күмбірлете домбыраға үн бітірген әнші де, шоу бизнесте жүрген топтарды айнытпай салып жүрген біріккен топтар, флешмоб биіндегі жігіттер мен қыздар арасындағы көз тоятындай кәсіби үйлесім, әр түрлі ойындар мен ұйымдастырылған конкурстар ешкімді де жалықтырмай, шабытқа шабыт қосқандай болды. Көркем сөз шеберлері мен концертті жүргізуші түлектер бағдарламаның ажарын одан сайын ашып, әрбір сахнада көрсетілген өнер қырандарына жігерлеріне жігер қосты. Бұл жерде 11-сынып оқушыларын аталмыш жауапты іс-шараға баулып, көңілге қонымды сценарий дайындап, шынымен де көпшілікке арналған іс-шараны әзірлеген сынып жетекшілерінің де еңбектері өлшеусіз ұшан-теңіз. Түлектер қолдарына ең алғаш қалам ұстатып, әліппе бетін ашқызған ұлағатты ұстаздарын да ұмытпай гүл шоқтарын беріп, алғыстарын білдірді.

Еліміздің ертеңі кемел келешегіміз № 7 мектеп-лицейінің барлық түлектеріне өздері қалаған мамандыққа қол жеткізіп, ата-ана, бауырдай басқан ұстаздарының үкілі үміттерін ақтап, өмірден өз орындарын тауып халқына адал қызмет ететіндеріне сенім мол. Қадамдарыңа гүл бітсін, сәт сапар, қадірлі түлектер!

Болат Сабырұлы

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.