Отыз тістің қадірін бағалай білейік

Макинка қаласында тұратын Мәулітбай деген азамат қоңырау шалды. Бұрынғыдай емес дауысы біртүрлі басқаша сөйлеп тұр. Үнінде бір қобалжу бар, дерті жанына батқандай көңілсіз.

— Щучинск қаласында Кенжетай Тұймақов деген тіс дәрігері бар еді, сол азаматтың мекен-жайын тауып беруге жәрдем берші,- деді.

— Не болып қалды?

— Көзімнің астына көгеріп, оймақтай ет өсіп келе жатыр, басында түймедей ғана болатын, енді бармақтай болып үлкейіп келеді, оң көзімді жауып қалатын кейпі бар. Басқа отағыштар, сылып алып тастаушыларды білмеймін өз басым шипалы дәрігер сол Кенжекеңді ғана жүрегім қалайды,-деді.

— Мәке, ол кісінің емханасы аудандық ішкі істер бөлімінің қасында ғой.

— Жоқ, ол жерден ауысып кетіпті, анада бардым,- деді.

Щучинск қаласы бір шетімен, екінші жағы ұштасып  жатса да, мекенжайды табу оңайға соқпайды. Мүмкін Кенжекең бастап жатқан кәсібін тастап аудандық ауруханаға қайта орналасты ма екен деген екіұшты ой санамда қылт етті. Ақыры жақсылап іздесең табасың ғой. Табылды. Алыста емес. Нағыз қаланың орталығын Абылайхан көшесіндегі, 37 үйдің астыңғы қабаты. Алдында «Стоматология»-деген үлкен жазу бар. Ертеңіне ызғытып бейтаныс мекен-жайға арнайы барсам, сырқатына саулық іздеп отырған адамдардың қарасы әжептәуір болды. Кезектерін күтіп отыр. Мен де жайлы орынға жайғастым. Жасы қырықтан асып, елуге қадам басқан ел ағасымен тілдестім.

— Тістерімді жұлғызуға келдім. Осы өңірде шипалы қолы жеңіл жалғыз ғана дәрігер бар. Әйтпесе, жамандағаным емес, дәрігерлердің көбі өз ісіне ат үсті қарап қатырдық дейді, артынан ем-домдарының сапасыздығы байқалып шығып жатады. Мен үшін Кенжетай Тұймақов аса білгір маман, өз ісінің хас шебері, нақты дәрігер деп бағалаймын,- деп ішіндегі сырымен жасырмай бөлісті.

Ішке кірсем, Кенжекең орта жастағы әйел адамның тістерін емдеп протездеп жатыр екен. Еңбекшілдер ауданына қарасты, Аңғал батыр ауылынан келіпті. Ұлты орыс болса да, қазақ тілінде жарқын сөйлеп ағып тұр.

— Біздің ауданда тіс дәрігері бар. Барсақ алдына бас сұға алмаймыз. Иін-тірескен кезекке тұрғандардың санынан жағыңыз жаңылысады,- дейді. -Сондықтан тісім ауырса бірден осында келемін. Қолы жеңіл дәрігер қашанда өз ісіне ерекше мән беріп, жұмысына жауапкершілікпен қарап, адамның жан-дүниесін бірден түсінеді,- деп ағынан жарылып, ойымен бөлісті.

Иә, шындығында солай, жалпы дүйім жұрт тым әсіре мақтап жіберген екен демесін. Осыдан төрт жыл бұрын жағыма үлкейген «жировик» деген бірдеңе өсті. Ауырмайды, бірақ күннен-күнге зорайып келеді. Ақыры Көкшетауда таныс жігіттің жездесіне жолықтым. Ота жасайтын хирург екен. Тілімен жағына сүйеніп, майда сөйлеп, жылы жымиып, «сіз» деп сызылып, біз деп бүгіліп, таңдайынан бал тамызып, үйбай-ау балдай тәтті балдызымның бал жаласқан, төс қағысқан досы екенсің, қалай саған көмек қылмаймын, сен үшін тегін-ақ қолдан келген көмегімді аямас едім, бірақ білесіз тегіннен-тегін маса да ұшпайды, қолақтығым қырық мың теңге деп жылмия жымиып қарады. Жазған құлда шаршау жоқ, оның үстіне бет-әлпетімнің әрін кетіріп тұрған дүниеден тез арылуға асықтым. Ендеше бәлені күні, бәленше сағатта кел,-деп арқамнан қағып, басымнан сипап үйге қоя берді. Нағыз 9-мамыр мерекесі болатын. Көшеде Кенжетай ағам кездесті. Амандық-саулықтан кейін ананы-мынаны айтып тұр едік.

— Ана бетіңдегі дүниені алып тастайын, келсеңші,-деді.

— Қашан?

— Мейрамнан кейін кел,- деген соң, бірден желтіп барайын.

Жарты сағатта сылып алды да тастады. Бағасы ана жарылқаушы айтқандай қырық мың емес әрине, ем-шара жасайтын мекеменің тиісті ақысын төледім. Болды. «Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы»- деген осы. Біреу тәні ауырып жаны сыздап, басы зеңіп дәрігерге барса, ақысыз арба да жүрмейді деп сыздана жауап берсе, жаны көзіне көрінген сырқатты жан қайда бармақ? Әрине, мұндайды ойлау да қиын.

Кенжетай Тұймақовтың стоматологиясында тіс жұлу, протездеу, бетке шыққан түрлі жарақаттарды сылып тастау сияқты оталарды жасап, медициналық тұрғыда кеңестерін беріп, көмегін аямайды. Жалғыз ауданға қарасты елді-мекендерден келмейді. Облыс орталықтарынан да сырқаттар келіп дәрігердің қолынан ем-домдарын алып, алғыстарын білдіріп жатады.  Қазақта сөз бар ғой «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»-дейді. Міне шипалы қол, ақ халатты абзал жанның ішкі әлемі осындай. Оны халқы жақсы біледі, кәсіби шеберлігін бағалайды. Демек, тісіңіз ауырып дәрігердің кеңесі қажет болса Кенжетайдың офисіне бас сұғыңыз. Абылайхан көшесі, тел 2-12-21. Немесе ұялы телефоны 87012620787 хабарласыңыз.

Халқы қадірлеп, елінің ақ батасын алып жүрген ақ халатты абзал жан Кенжетай Ғалымжанұлы, сіздің ерен еңбегіңізді бағалай отырып, кәсіби мерекелеріңіз — медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Отбасыңыз аман болып, ойлаған армандарыңыз іске асып, бизнесіңіз өркендеп, адам көркі шүберек дегендей әдемі маржандай тістерді жасай отыра, қызмет алушы тұрғындардың шынайы алғыстарына бөлене беріңіздер. Қай салада еңбек етсең де, адамдға қажеттісі мейірімділік пен ізеттілік сіздің бойыңызда адамгершілік асыл қасиеттердң бәрі бар. Ендеше көрікті табысты сұлу жердің адамдары да денсаулықтары мықты, тістері көркем, сіздердің кәсіби шеберліктеріңізден нәр алып сусындай берсін, ақ адал еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз дегіміз келеді.

                                                              Ж. Оспанов

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.