Арыстың асыл азаматы ардақталды

Көзі тірісінде қолынан қаламы түспей, қазақ әдебиетінің қорына қомақты үлесін қосқан, біртуар тұлға Оңалбек Қасымбекұлы Кенжебек соңғы демі таусылғанша ой еңбегімен шұғылданып өмірден озды. Жан дүниесіндегі сығып алған сөлді дүниесімен оқырмандары тәнті етті. Өзіміздің киелі жеріміз Бурабай ауданына, Ақмола облысының барлық баспасөз саласына танымал еңбегі бір адамдай сіңді деуге негіз бар. Республикалық көлемде шыққан талай жазушылардың кітабына авторлық жасады. Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, белгілі сықақшы, әзілкеш, журналист, баспагер-редактор Оңалбек Кенжебекке өзі тұрған Щучинск қаласы, Ломоносов көшесіндегі 6 үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылды. Иә, ердің еңбегі осылай еленді.

Ертең тақтатас һәм ескерткіш қойылады деген күні шыны керек, өзім бір адамдай тынығып, ұйықтай алмадым. Ұйқы қайда, көз алдыма Оңал ағамның (Оңалбек аға дейтінмін) кескін-келбеті елестеп, дөңбекшіп шықтым. Ойыма алған жұмысты қашан орындағанша ұйқым келмейтін бір әдетім бар. Сондықтан болар жаздың қысқа таңы қасын кергенше компьютердің алдында ұзақ отырдым. Парасат, пайымы бөлек, нәті кісіге қиянаты жоқ, біреудің ныспысын атап, сыртынан сұқ саусағын шошайтып, «әй анау солай еді…»-деп сөзбұйдаға салмайтын ақжарқын, сөзге сараң ағаның рухы оң бүйірімнен түртіп маза бермегендей.

Шіркін дүние-ай! Алғашқы рет осы өзіміз қысқа жібін күрмеп отырған газет редакциясында танысып едік.

— Сен кімсің?-деді ғой. Атымды айтып, түбімді түсіндірдім. — Һім мені білесің бе?-деді.

— Әрине білемін. Солай таныстығымыз басталып еді. Жазуды меніңше еркін жазатын, түні бойы жаза ма, жоқ әлде жазуға әбден төселіп алған ба, қаламында сүріну жоқ, тайпалай беретін. Талай жолсапарларға бірге шығып жүрдік. Өмірден жинаған тәлімімен бөлісіп, бөденедей бүлкілдеп қасында жүрген маған, журналистиканың қыр-сырын толық үйрететін-ді. «Пәлен деген жазушының шығармасын оқышы, былай деп жазылған, түген деген ақынның өлеңдерін оқыдың ба, былай жазыпты, тек шалт ұйқаста мынандай қате кетіпті, оны «Жалын», «Жұлдыз» қайта жариялапты деп айтып отыратын». Бәлкім қаламгерге тән мінез, сүбесіне құйған құдіреттің күші ме, қай баспаға шыққан кімнің туындысы болса да, оқырман, жазушы ретінде азаматтық болмыс танытып, өзінің көкірек көзіндегісін айтып, жақсысы болса сүйініп, жасығы болса күйініп отыратын еді.

Аудандық газетіміз «Бурабай» басылымының және Көкшетау шаһарынан шыққан республикалық «Алаш үні» қоғамдық-саяси газетінде біраз жылдар еңбек етіп, қарымы мықты, адымы алғыр кәсіби қаламгер ретінде Көкше жұртшылығына кеңінен есімі мәшһүр болды. Иә, айтарын айтып, жазарын жазып, қоғамның былжыр тұсына сын көзімен қарап, көрікті жеріне оң баға беріп ақыры туған жері шырайлы Шымкент, киелі арыстан топырақ жамылған аяулы ағаның еңбегі елдің есінде қалды.

Өткен аптада жазушының артында қалған ұлдары мен аяулы қызы және құдай қосқан жан жары Раиса Нығметжанқызы елі құрметтеген, елін өзі құрметтеген, көсем сөздің хас шебері Оңалбек Кенжебекке арналып, өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатты. Бұдан бұрын жеңгеміз бен балалары ең алғаш жоғарғы оқу орнын бітіріп келген О. Кенжебек өзінің туған ауылындағы Абай мектебінің оқушыларына дәріс беріп, еңбек еткенін білеміз. Сол мектептен О.Кенжебекке арналған дәрісхана мен мұражай ашқанын да газетімізде кеңінен жариялап оқырмандарды хабардар еткенбіз.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Щучинск қаласының әкімі Бекахмет Махметов, аудандық мәслихаттың хатшысы әдебиет пен мәдениетке жаны ашып, жүрегі жылып, бүйрегі бұрып тұратын Өтелбай Бейсенов қатысып, Оңалбек ағаның еңбегі жайлы өздерінің кесекті ойларымен бөлісті. Педагогика саласының ардагері, Бурабай ауданының құрметті азаматы Бағила Қасенова, Оңалбек Кенжебектің шығармашылық жолына көз жүгіртіп, терең талдап, өзінің көкірегіне түйгенін көпшіліктің алдында көркемдеп, жатқа айтып берді. Аудандық «Бурабай» газетінің тілшісі Жеңіс Оспанов «Шырағы сөнген күн» -деген өлеңін оқып, ағасына деген сағынышын жыр шумақтарымен үйлестіріп, құрметін жеткізді.

Жиынға жиналған дос-жарандары мен құда-құдағилары да қаламгердің көзі тірісіндегі адами келбеті жайында кеңінен толғанып тебірене әңгімеледі. Зайыбы Раиса  Нығметжанқызы  мен ұлы Арман елі ардақтап, қадір тұтқан Оңалбек Кенжебектің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі жайында айтып, ойларын түйіндеді.

Жазушының ұлы Арман Кенжебек пен аудандық мәслихаттың хатшысы Өтелбай Бейсенов ескерткіш тақтаның жамылғысын ашты. Ақынның сөзіне жазылған «Бурабай-Жерұйық» әнін нақышына келтіріп, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлыбек Байшұңғұлов ағамыз домбыраның сүйемелдеуімен шебер орындады.

«Нұрсәт» дәмханасында Оңалбек Кенжебектің шығармашылығына арналған аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің дайындаған «Арыстай ұлы едің Арыстың»-атты көрмесі жиналған көпшіліктің тағы бір рет жазушының шығармашылығымен толықтай танысуларына мүмкіндік берді.

«Нұрсәт» демханасында қаламгерге ас беріп, рухына құран бағышталды.

                                                                     Жеңіс Оспанов

Жүректегі шырақ сөнген күн

«Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол киелі болмаса неге қалған?»

Осылай деп айтушы ед төрде отырып,

Арыс жақты сағынғанда Оңал ағам.

 Жүруші едің жарқылдап жайраң қағып,

 Алаңсыз жүргендерге қайран қалып.

 Бойында тентектік жоқ, тектілік бар,

 Бұл сөзім жалған емес айдан анық.

  Жұрт айтады:

  Жазушыны әпенді деп,

  Бойында өкпеменен (қайнаған кек!)

  Жазушы жазушы боп қалмас еді,

  Тәңірім бір талабын бермесе тек.

    Бойында тарау-тарау сыр жатушы ед,

    Өзіде, өзгені де үйретуші ед.

    Апыр-ай, қайда кетті Оңал ағам?

    Арқасы жауыр болған.Уақыт-жүрдек.

   Бәріде жалған сезім қас-қағым сәт,

   Күн қысқа, түнің ұзақ уақыт қымбат.

   Жүргенде қысқа жіпті күрмей алмай,

   Кетіпті (әне-міне) уақыт зырлап.

   Тұр міне, ескерткіште Оңал ағам,

    Тірісінде от болып жалындаған.

    Айтарың айта білген жасқанбай-ақ,

    Жаңылмаған (тас-жарған талантынан).

Еһ уақыт,

Желден-жүйрік ұшқыр сезім,

Қылтада құламайтын жүйрік пе едің?!

Шіркін-ай,Оңал ағам отырушы ед,

Музасын жазып тастап он сегіздің.

 Ол кезде,

Балаң едік, түбіт иек,

Табылмаған талапқа, тілге тиек.

Отырушы ед, ағамыз өлең оқып,

Қоңыр үнмен музасын көкжиектеп.

Сөнбейтін көкіректен түнгі шамы,

Іздегені болушы ед, жанның нәрі.

Бүгінде Оңал ағам өмірде жоқ,

«Қас-қағым сәт» апыр-ай соның бәрі.

Тұр міне ескерткіште үнсіз ғана,

Сезімі сол қалпында жанарында.

Оңал ағам, тарихқа аты қалды,

Салғандай Төныкөктей тасқа таңба!

«Қазығұрттың басында кеме қалған,

 Ол киелі болмаса неге қалған?»

 Құлағымнан сол үн кетпей қойды,

 Айтушы ед, жиі-жиі Оңал ағам.

Шіркін-ай! Уақыт. Уақыт қас-қағым сәт,

Түн түнеріп мызғиды күн қалтырап.

Оңал ағам, жазды да кете барды,

Жүректегі шырағың сөндіріп сап.

                         Жеңіс Оспанов

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.