Аруағына бас иіп келген жерлестер

Жұмыста отыр едім Оңалбек Кенжебек ағаның үйіндегі Раиса жеңгей қоңырау шалыды. Ағаңның туып өскен жері, кіндік қаны тамған елінен бір топ зиялылар келе жатыр. Біз тұратын үйге қойылған ескерткіш-тақтаны көздерімен көрмекші. Басқа басқа, бұл жолы ауыр сын маған түсті. Жарайды келсін дедім. Аудандық мәслихаттың хатшысы Өтелбай Бейсенов ағамның көлігімен қарсы алдық.

Келген меймандарды ең алды жер жәннаты, жұмыр жердің бетіндегі ләйлім жүзді Бурабайға апарып аралаттық. Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаттары, мектеп-гимназиясының директорлары мен оқу бөлімінің басшылары екен. Оқжетпес қиясын тамашалап, тұнық тұнбалы суына  шомылып, Абылайдың алаңына барып сол жердегі жаңадан құрылған этноауылдарды аралап тамашалады. Арыс қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры, Оңалбек ағамыздың жерлесі, әрі бұрынғы әріптесі Сағатбек Ахметбек ағаны әңгімеге тарттық.

— Жалпы қазіргі күні мен басшылық жасап отырған мектеп-гимназиясында 800-ге тарта шәкірт білім алып тәрбиеленіп жатыр. Негізінен мектеп-гимназиясында білім алатын оқушылар ауданымызға қарасты ауылдардан келіп оқитын балалар. Мектеп-гимназиясы посткеңестік заманда да қырдағы құрық сүйреткен шопан, темір тұлпар мінген механизаторлардың балалары келіп оқитын іргелі білім ошағы еді. Осы мектепте шәкірт болып білім алып, әрі ең алғаш еңбек жолын бастаған өзіңіздің әріптесіңіз Оңалбек көкеміздің табанының табы қалған құтты орын екенін білесіз. Сөз сауған, қара сөздің кілегейін қалқыған атам қазақ «жақсының тұяғы мұқалмасын»-дейді ғой. Осы қалада тұрып жатқан көкеміздің құдай қосқан қосағы Райса жеңгемізге және балаларына рақмет, алыстан ат терлетіп келіп мектеп ішінен қазақ тілі және әдебиет сыныбын ашты. Қазір Оңалбек Кенжебектің көзі тірісінде ұстаған заттарынан бастап, жазған туындыларының барлығы мұражайда тұр. Мұндай идеяны жалғыз біз емес, барлық республика бойынша қолға алып, артында өшпес із қалдырған ірі тұлғаларды жазушы ақындарды жалпы өнер адамдарын келешек ұрпақ танитындай мұражайлар ашу керек. Сонда кемел келешектің болашағы жарқын болады, өткенді танымай келешекке болжам жасай алмайсың,- дейді.

Шырайлы шымкенттен һәм Арыстың жағасынан келген зиялы қауым Ломоносова көшесіндегі Оңалбек Кенжебек ағаның көзі тірісінде тұрған үйге келіп, ескерткіш тақтаны тамашалап естелік суретке түсті.

Оңтүстіктен келген меймандар Бурабай ауданының әкімдігіне және ат үстінде жүрген жергілікті басшыларға алғыстарын білдіріп ризашылықтары мен бөлісті.

Иә, көзі тірісінде өшпейтін із, өлмейтін мұра, сарқылмайтын қазына, таусылмайтын тұңғиық сырларын тастап кеткен Оңалбек ағаны елі сыйлайды, жалғыз елі емес алаш жұрты қадірлейді. Жақсы жарды құдекеңде күні-түні ой қаузаған жазушыға сыйлаған ғой. Том-том болып сөреде тұрмаса да, шаң басқан мұрағатта қалмасын деп жүрген жеңгейдің арқасы ғой тақта тас орнатылып, сонау Арыс қаласында А.Құнанбаев атындағы мектеп гимназиясында жазушының атынан мұражай ашылғаны. Ақ сүт емген адал жар жолықсын деп ата-анамыз тілекші болушы еді кезінде. Бәлкім құдай қосқан жар болса Оңалбек ағам үйіндегі жеңгейдей болсыншы деп тілейік!

Ж. Кәріптегі

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *