Қасқатаудың қыраны қалықтаған

Сөзден-сөз туады. «Баяғыда Көкшетау газетіне Мәтен Бижанов жұмысқа шақырды»,- деді бірде Болат ағам Сабырұлы. Бірақ бармадым. Газеттен қорықтым деп күлді. М.Бижанов дегенде есіме енді қайталанбайтын он сегізім түсті. Кәдімгідей ішіп қылп етіп, сағындырған «он сегізім-ай, жүруші едік елпең-елпең түнгі клубтарда тентіреп» деймін ішімнен. Жаздың бір шіліңгір ыстығы күні Көкшетауда келе жатыр едім, қазіргі атақты ақын Асылзат Айтмахан кездесті көшеде. Айтпақшы сені Мәтен аға іздеп жатыр. Баршы,-дейді. Ойбай ол кісі мені қайтеді деп зәрем ұшты. Келсін деді. Бар. Жарайды деп өлімге жұмсап тұрғандай басымды салбыраттым. Ақыры ол күні барған жоқпын. Артынан көшеде Арман Бердалин кездесті / ақын ғой, бетің бар, жүзің бар демейтін/ -Әй сені М.Бижанов іздеп жатыр, неге бармайсың, сақалды басымен, біле білсең осы жүргендердің бәрі Мәтен ағаның мектебінен шыққан, сен қайдан шыққан өр едің, бүгін бар деп қою қасын керіп, адайға тән мінезбен айтарын айтып кете барды. Жасқанып «Бұқпаға» бардым. Ішінде отырған кісіге Мәтен ағаға келіп едім дедім. Қазір келеді күт деді. Күттім. Келді. Үстінде аппақ көйлек, қырын сындырып тұрып өтектепті, қызыл күрең галстук, көзілдірігі үлкен, қайратты шашын артына шалқайта қайырып  жатқыза тарапты. Маған қарады да, кабинетіне кірді. Бассалып кіруге бата алмадым. Ақыры есігін қағып ішіне кірдім, рұқсат сұрап. Кімсің?-дегендей қарады. Бар айтқаным сіз шақырды деген соң келдім деп, жөнімді айттым. Ә, дұрыс болды отыр,-деді жылы жымиып. Отырдым…

Жағдайымды сұрап жатыр. Ауылдарыңнан Нұрмияш Көбенов, Саттар Сейтқазин, Орынтай Молдахметовтар сияқты кіл мықтылар шығып еді, өтті ғой өмірден жарықтықтар деп, көзілдірігін түзеді. Сен бала жазып тұршы, сенен түбі бірдеме шығуы мүмкін. Жасқанбай жазғандарыңды әкеле бер, жақсы редактор түзейді, жаман редактор күзейді, күземей, түзеп беремін, қолында күректей дипломы барлар қазақтың емле сөзін түсінбей шимайлай береді. Сөйтіп қатарға қосылады деді. Жарайды дедім. Бір жақсы жазатындай. Жазып тұрдым. Артынан ойландым. Әлім келмейтін шоқпарды беліме қыстырып қайтемін деп, бірақ аудандық газетке барасың деп Мәтен аға, осында жіберді. Жарытып жұмыста істей алмадық. Екі аяқты байлап, басты батысқа бұрып, ноқтаға түстік. Жазу қайда?! Байтал түгіл, бас қайғы болды.  Ауылда жұмыссыз жүріп тәуелсіз «Бұқпа!» газетін алып оқып отырсам. Мәтен Бижанов өмірден өтті дегенде, аяулы жанашыр ағаға деген ішімдегі шер ақтарылып көзімнен шығып еді. Арда арғымақ мінезді ардагерім-ай!-деп. Бірақ, жазуды тастаймын, менен түк шықпайды деп бәрін тастағанмен. Оның үстіне ауылдағы жағдай белгілі.

Бір күні түсіме Мәтен аға кірді. Баяғы қалпы. Қолында көк қаламмен, көк түсті былғары қойын дәптері бар. Мен алдында тұрмын мөлие қарап, жүзім төмен түскен. Сенген қойым, сен болсаң, күйсегеніне болайын, жаз қане, жаз! Жаз!-деп оң құлағымнан айқайлап кетті. Жаза бастадым. Жазғанда қалтама тиын-тебен түссе, ылғи классиктардың кітабын сатып алып, оқитын болдым. Шетел әдебиеті, өзіміздің мықтыларды жинап-жинап оқып, санама түйе бердім. Күнделік толтырамын. Ақыры біржола жазуға көштім. Сандырақ сөз. Құрғақ қиял, бірдеме жазған боламын. Онымнан түк шықпайтын сияқты. Өз-өзімізді жан қиналысына салып жан азығын іздеймін. Бірақ бәрі бір, бірдеме жетіспейді. Не екенін түсінбей далмын. Ақыры тағы да бірде түсіме кірді. Осы жолы көңілді сияқты. Баяғы ақ көйлек, қызыл күрең галстук, орындыққа шалқайып отырып алып, ақ қағазға бірдеме жазып отыр екен. Көңілді-ақ. Не жаздың?!-дейді. Міне жазған болдым деп менде бірдеме ұсындым. Қане әкел…һім. дұрыс бағытың. Жаз. Дүкенбайды оқы, Әбішті қайталап оқып шық, Мағауинді талқыла, Әуезовтың «Абай жолын» үш айда бір оқып, қайталап отыр, Оралханның ойын ұқ. Гоголь, Толстой, Бальзак еуропаның жаңа жазушыларына құнық, сонымен сусында стильдерін қара, өзіңше жаз, еліктеме, ұқсап бақ, мақұл ма?! Ия мақұл. Бар қайта жаз. Ұйықтама, ұйқы арсыз, ұйқы маубасқа берген енші, күндіз ұйықта түнде жаз дейді. Анық түсімде. Шошып ояндым.

Ал компютерге телміремін. Жазған боламын. Жұрт соңғы кезде сен жақсы жазып жүрсің деп қояды. Бірақ шыны керек, өз жазғаным мүлдем өзіме ұнамайды. «Арқа ажарында» Байқал Байәділді оқышы, кәдімгі суреткер, Көкшетау газетінің редакторы Серік аға Жетпісқалиевтың жазғанына қарашы сүйсініп оқисың, таңданып таңдай қағасың, сұқтанасың «Жасалаштағы» Жұлдыз Әбділданы оқы, әмбебап, қара сөздің жілігін шаққан «егенмедік» Жанболат аға Аупбаевтар су төгілмес жорға ғой шіркін. Айтар ойын былықтырмай, белін босатпай әкеліп тура жеткізеді. Менікі не? Құмырсқаның  қыр арқасына арқалатып қойған жаңғақтың жарты салмағындай ішінде дәні жоқ, қауағы бос бірдеме.

Жазып-жазып түк бітірген жоқпын. Анада Б. Баяәділ сұрайды. Кітап шығардың ба?- деп. Жоқ,-дедім. Кітап шығарып, атақ жинап, мансап қуып, алдамшы атаққа барғым келмейді. Тіпті кітабыңды шығарып берейін дегендер болса да, сосын дер едім. Бәрі-бір жұртқа ұнамаса, жайда кітап оқымайтын жұртты халтурамен басын қатырып қайтеміз. Ол үшін дөйлер, дөкейлер, елге еңбегі сіңбегендерді мақтау керек, сонда кітабың қолдан қолға көшуі мүмкін. «Жатқанда теңіз көл іріп, өлеңді қайтсын өлі жұрт?»-деп отырсақ, өлі жұртқа, өлімсіреген кітабын беріп тұрсаң, ол әжетке жарайды деп тұрса қас масқараның көкесі сол емес пе?!

Мәтен аға нағыз әмбебап жорналшы ғой. Жазғанын жұрт іздеп жүріп оқитын. Көзі тірісінде Көкше топырағына бір адамның, бір ғасырда жасайтын еңбегін, қысқа ғана ғұмырында сіңіріп кетті. Қолынан қаламы түспеді. Айтатын ойын ашық айтып, шырылдайтын жерде шырылдап, жанайқайын ортаға салды, қоғамды ойландырды. Ойдан қоспады, шындықты айтты. Шындық айтылған жерде, өтірік өлмей ме?! Өледі. Шындық қашанда шындық. Тәуелсіз «Бұқпа!» басылымын ашып берді. Ал М.Бижановтың орнында (атақ, мансап, қудалағыштар болса) сіңірі созылып әкімшіліктің алдын бермей маған бәленше деген атақты бер, түгенше деген марапат қағазды дүйім жұрттың көзінше салтанатты түрде табыста деп, ат үстінде жүргендердің сүтін су қылар еді, Мәтен аға Бижанов, Бижанов болып азаматтық болмысын сақтап өмірден өтті. Атаққа,  мансапқа ту-у деп түкірді. Сонысымен елге сыйлы, қауым жұртқа құрметті болды.  Екінің бірі ізіне түсіп бүгінде, ізденіп жатқан соқыр сөлкебайғада көзі тірісінде қызықпады-ау деймін сол кісі. Қарабұлаққа барған сайын көсіліп жатқан Қасқатау көзіме түседі. Сол Қасқатаудан көк аспанға еркін ұшқан құсты көрем. Кәдімгі қыран. Тазқара құс емес. Бәлкім қыранға айналып ұшып жүрген Мәтен ағамның рухыма деймін. Өйткені ол кісі, көзі тірісінде рухты еді. Жатқан жеріңіз жайлы болсын жан аға. Сіздің рухыңыз өлмейді. Өлшеулі ғұмырда түк бітірмей, шыбық басын сындырмай мансапқа малынып, іздеп, өкшелеп, әкімдіктің құлақ етін жеп жүріп, кеудесіне «бәленше, түгенше» деген сөлкебайды алғандардың атағы әрі кетсе бір ай. Ал сіздің есіміңіз халық жадында. Халық құдайдан бір мүшел ғана кіші. Демек халқыңыздың жүрегінде, сіздің жарқын жүзіңіз бен қалдырған өсиеттеріңіз барда сіз өлмейсіз!

Жеңіс Кәріптегі

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.