Имандылық үйі «Ынтымақ» мешіті ашылды

Тас жолдың бойында орналасқан «Кенесары» ауылы тұрғындар саны, ауыл ішінің көркемділігі, шаруашылық құрылымдары, Қаныш Сәтпаев атындағы білім ордасы, еңбекқор ауыл азаматтарымен айрықша көзге түсіп, өзгелерден көш ілгері дамып келе жатқан, облыс және аудан орталығына жақын орналасқан ауыл. Ауыл тұрғындарының арасында өзге ұлт өкілдері де көп тұрады, бірақ Кенесары ауылы ұйымшыл іскерлік қасиеттер, қандай іске болмасын көп болып жұмыла кірісетін ауыз бірліктерімен, өзге ауылдарға қарағанда ширақ қимылдайтын сияқты.

Кенесары ауылында тамылжыған тамыз айының 27 жұлдызында көптен бергі, қарапайым халықтың ізгі арманы болып жүрген құдай үйі, жаңа «Ынтымақ» мешітінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қасиетті құрбан айтының қарсаңында, есігін айқара ашқан ауыл мешітінің сән-салтанатымен, қызық қуанышын бірге бөліскен жергілікті тұрғындармен, алыс-жақыннан арнайы келген ағайынның қарасы да көп болды. Ақмола облысы бойынша көптеген дін өкілдері, бас имамдар, олардың көмекшілері, көршілес елді мекендерден келген имамдар, БАҚ өкілдері тарихи оқиғаның куәгері болды.

Белгіленген уақытта мәртебелі меймандар, ауыл қариялары, жастар, имандылық жолында өнеге тұтып жүрген ел ағалары, ауыл қуанышын тең бөлісе келген барша ағайын, орталық трибунаға назар аударды. Бурабай аудандық мешітінің бас имамы Жаслан Ертихалов көпшілік алдында құран оқыды. Көптен күткен тарихи күннің шымылдығын түрген, Ақмола облысы діни басқармасына қарасты,  Н.Хазірет атындағы облыстық мешітінің өкіл имамы Сәбит Қуаныш, ұлық мереке қарсаңында ашылғалы отырған жаңа мешіттің ашылуымен, барша жиналған көпшілікті құттықтап, жүрек жарды тілегін арнады. Бас имам жиналған ағайынға өздерінің есімдерін, жариялауға рұқсат бермеген мешітті өз қаражаттарымен салып, он бес айдың ішінде тынымсыз еңбек еткен, есімдері құпия бауырларымызға алғысын айтып, құдіреті күшті Алланың разылығын білдірді. Сондай-ақ демеуші азаматтардың жоспарда асхана, имамға арналған тұрғын үй құрылысының да жүргізілетінін жеткізіп, жағымды жаңалықпен көпшіліктің  көңілін тағы бір серпілтті.

Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Малика Нұрпанова сөз кезегінде, жаңадан бой түзеген «Ынтымақ» мешітіне қол ұшын созып, құрылыс жұмыстарына көмектескен барша жамағатқа ризашылығын білдіріп, ауданымыздың әкімі Қанат Қарауыловтың жалынды тілегін жеткізді. Кенесары ауылы тұрғындарының көп жылдардан бергі ақ арманы орындалып, имандылық үйінің ашылуы тарихи оқиғаға ұласқанын тілге тиек етіп, жамағатқа мықты денсаулық, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тіледі. Ақ жаулықты әжелеріміз жан жақтан шашуларын шашып, жаңа мешіттің лента қию рәсімін облыстың бас имамы Сәбит Қуаныш, ауылдың қазыналы ақсақалдарымен жүргізді. Жүздері бал-бұл жанып, жүректері қуаныштан лүпілдеген ел тұрғындары, алыс жақыннан келген меймандар, жаңа мешіттің ішін көріп, өте жарық, әрі шапағат нұрына толы мешіттің, көңілдерінен шыққанына қуанып, сүйіспеншіліктерін білдіртіп жатты.

Кенесары ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Жұмағали Қалмағанбетов ағамыздың бойындағы, іскерлігі және жауапкершілік пен ұйымдастыру шеберлігінің арқасында, жаңа мешіттің бой түзегенін, елдің шежірелі қариясы Қайырқан Ахметжанұлы атамыздың сөйлеген сөзінен ұғынып, ақсақалға деген құрмет, адал ниетімізді жұртпен қатар біз де жеткіздік.

«Көп түкірсе көл»,- дейді дана халқымызда, Жұмағали ағамыз құрылыстың іргесі қаланғаннан,  басы-қасында жүрген құжат әзірлеуден бастап, талай құзырлы орындардың есігін қаққанын жерлестері де, сөз арасында жиі-жиі естеріне алып ризашылықтарын білдірді. Орталық дәмханада ұйымдастырушылардың қолдауымен, «Ынтымақ» мешітінің ашылуына байланысты дастархан мәзірі жайылып, имандылық, тәрбие төңірегінде әңгімелер айтылып, қонақтардың ақ тілек ұсыныс пікірлеріне көңіл бөлінді. Кенесары селолық округіне таяуда сайланған округ әкімі Әлімжан Ахметов, ауылда ашылған жаңа мешіттің салтанатына жиналған көпшілікке, алғысын білдіріп имандылық үйінің жамағаты көп болып, жастарымызды әдептілік пен ибалыққа тәрбиелеуде, мешіттің алар орны ерекше екенін жеткізді. Мешіт салына бастағаннан бері, ауылда тағы бір адамның уақытпен санаспай, имандылық жолында ізеттілік танытқаны анықталды. Ол қазіргі мешіттің бас имамы қызметін атқарып жүрген, бір көргенде көңілің толатын, өз ісінің шебері жас маман Азамат Куйчев. Облыс имамы сөз арасында имамдарды тағайындау үшін, жуық маңда іріктеу сынақтары өткізілетінін де жасырмай айтып қалды. Діни білімдері бар, адамгершіліктері мен тәрбие тәлімдері үйлесім тапқан жастардың бастамасын, ауыл тұрғындары да бірауыздан қолдайтындарын білдірді.

Түйіндей келе есімдері құпия болып жатқан, ауыл мешітінің ашылуына қолдау көрсеткен, қазақтың нар қасқа жомарт азаматтарына, Алланың нұры жаусын дей отыра, атына заты сай «Ынтымақ» мешітінің ішінде жамағатымыз көп болып, ойлаған арман мақсаттарыңыз түгел орындалып, Кенесары ауылы одан сайын көркейіп, ардагерлеріміз ардақты, жастарымыз салмақты, ұрпағымыз иманды болсын дегіміз келеді.

Болат САБЫРҰЛЫ

              

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.