Ана тілім — қасиетім, ардағым

Қыркүйектің 11-жұлдызында аудандық Мәдениет үйінің алаңында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай өткізілетін көпшілікке арналған іс-шараның ашылу салтанаты өтті.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдістемелік бөлімі апталыққа байланысты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Белгіленген уақытта сахна төріне мәдени орталықтардың жетекшілері және шақырылған меймандар көтерілді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дина Қарсыбаева алғашқы сөз алып, тіл мерекесіне қатысушыларды құттықтап, онкүндікте атқарылатын көпшілік іс-шараларды тілдің қолданылу аясы жөнінде ақпарат беріп, өз ойымен бөлісті.

Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, Бурабай ауданының құрметті азаматы Кенжеболат Аушахманов, педагогика саласының ардагері, ауданның құрметті азаматы Бағила Қасенова, мақала авторы Болат Рақышев, поляк мәдени орталығының жетекшісі Галина Линкевич, неміс мәдени орталығының жетекшісі Инна Киляйлар жиналған көпшілікті тіл мерекесінің ашылуымен құттықтады.

Мерекенің ажарын ашып, сәнін келтірген көркем сөз оқу шеберлері, авторлық өлеңдерімен тілдің құдіретін насихаттаушы болашақ ақындар үш тілде жатқа өлең оқып, тілге деген өздерінің құрметін жеткізе білген кішкентай бала бақша бүлдіршіндері мен аудандық Мәдениет үйінің өнер ұжымдарына мәдени орталықтардың әр тілде орындаған сазды бағдарламасына жиналған көпшілік сүйсіне қол соқты.

Ана тіліміздің мерейі үстем болып, тілді оқып үйренуге ниет білдірген өзге ұлт өкілдерінің де қатары жыл санап өсіп келеді. Тіл саясатының маңыздылығын терең түсініп, қазақ мектептеріне балалары мен немерелерін оқуға беріп жүрген өзге ұлт өкілдеріне де сүйіспеншілік танытасыз.

130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың Қазақстанда өз ана тілдерін насихаттап, оқып, үйрету, мәдениет және тарих салт-дәстүрлерін білуге барлық мүмкіндіктер жасалған.

Қазақ елінің өркендеп гүлдену жолында қалтқысыз еңбек етіп жүрген ұлттар мен ұлыстарға түрлі этно-мәдени орталықтарға Қазақстан халқының тілдер күні мерекесі құтты болсын дегіміз келеді.

Болат Сабырұлы

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.