Мемлекеттік тіл-менің тілім

«Тіл тазалығы дейтініміз — ана тілдің

сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау»

 Ахмет Байтұрсынұлы.

Қазақ тілі — тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл, ортақ тіліміз екенін ұмытпағанымыз жөн болар. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриотымын  деп есептейтін азаматтардың  тілі. «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген Елбасымыздың сөзін есте сақтағанымыз дұрыс болар. Қазақ тілі өте бай, орамды, көркем тіл. Тіл арқылы өнер білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды сол тіл арқылы үйренеді. Халық өзінің ғасырлар бойы жасаған асыл мұраларын ұрпақтан ұрпаққа алдымен ана тілі арқылы табыс етеді. Сондықтан ана тілін білмей, ұлттық мәдениетті жете меңгеру мүмкін емес. Қазіргі жаңартылған бағдарлама талабына қарай үш тілдікті алға қойып отыр. Әрине, әр тілді меңгеру, әр тілде сөйлеу әркімнің арманы.

«Жеті түрлі ілім біл, жеті елдің тілін біл» -деген. Біздің мектебіміз аралас мектеп болса да мемлекеттік тілге деген құрмет өте жоғары. Біздің мақсатымыз өзгенің байлығы, сұлулығы және икемдігі жағынан дүние жүзіндегі озық тілдермен теңдесе алатын ана тіліміз бар екенін ұмытпау болып табылады.

Қыркүйек айының 20 күні біздің Бурабай ауданы «Арман» орталығында  «Мемлекеттік тіл — менің тілім» тақырыбында оқушылар арасында байқау өткізілді.
Байқаудың мақсаты оқушылардың Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, оларды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, мемлекеттік тілге, қазақ мәдениетіне, көп ұлтты Отанымызға деген мақтаныш қалыптастыру және өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін арттыру.

Байқауға аудан бойынша 10 мектептің үміткерлері қатысты. Біздің Атамекен ауылының орта мектебінің намысын қорғауға 8 сынып оқушысы Сивцева Ева қатысты.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең өзін-өзі таныстыру, екінші кезең таңдаған тақырыпқа әңгіме айту болса, үшінші кезеңде оқушылар ақын-жазушылар шығармашылығынан проза не поэзиядан үзінді жатқа айту болды.

Барлық сайыскерлер байқауға дайындықпен келген. Десек те, көп алдында айтар сөзден жаңылып, берілген тапсырманы орындай алмаған оқушылар да болды.
Қазылар алқасы мүшелерінің шешімімен үздік нәтижеге Ақылбай орта мектебінің оқушысы  қол жеткізсе, біздің Сивцева Ева жүлделі 2 орынды иеленді. Байқау жеңімпаздары мадақтама қағаздарымен марапатталды.

Біз Еваны жеңісімен құттықтаймыз!

Тіл туралы заңымыздың қағаз жүзінде қалмай, өмірінде нық қадам басып, ғұмыры ұзақ болуы үшін күресе білейік те, намысты қолдан бермейік!

 Б. Асанова,  Атамекен ауылының орта мектебі

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.