«Табиғат сыйы» фестивалі

Өткен аптада «Бурабай даму» серіктестігі Бурабай кентінің «Визит-центр» аумағында Ақмола облысы туризм басқармасы және Бурабай ауданы әкімдігінің қолдауымен тұңғыш рет «Табиғат сыйы» фестивалі өтті.

Фестивальдің ауқымы кең, оған Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары, Ақмола облысының Атбасар, Қорғалжын, Сандықтау, Еңбекшілдер, Бұланды, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласы қатысты.

Фестивальда әрбір келген аудан мен қала өздерінің палаткаларын құрып, оның ішінде бау-бақшада өндірілген өнімдер, емдік қасиеті мол әр түрлі шөптер, көкөністер, консервіленген және жаңа өсіп шыққан жемістер, жидектердің бірнеше түрі, жаңғақ, бал, тосап, балық, ұлттық тағамдар-май, қоспа, айран, құрт, ірімшіктің неше түрлері көпшіліктің назарына ұсынылды. Сонымен қатар ең үздің атанған қол өнер шеберлерінің қолдан жасалған кәде сыйлары, тоқылған себеттер сұлу өлкенің табиғатын паш ететін түрлі кәдесыйлар көздің жауын алады.

Фестивальға мекеме, кәсіпорындар, бақша серіктестіктері, бақша өсірушілер, жеке кәсіптегі ферма және шаруа қожалықтары қатысты.

Әрбір қатысушы аудан және қала өкілдері өздерінің әкелген өнімдерін насихаттап, олардың дайындау және жасалу жолдары жөнінде көпшілікке жеткізіп, презентация жасады.

Салтанатты ашылу рәсімінде Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов, Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Айша Юсупова, Солтүстік Қазақстан облысынан келген мейман Татьяна Луко сөз сөйлеп, фестивальға қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, жүрек жарды тілектерімен бөлісті.

Фестивальға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков, Бурабай ауданының әкімі Қанат Қарауылов қатысты.

Аудандық Мәдениет үйінің «Асыл әжелер» вокалдық ансамблі шашуларын шашып, арнайы құрылған сахнада ән шырқап, жекелеген көпшілікке танымал әншілер «Гауһартас» халық би ансамблі өнердің күмбезін жарқыратып, ауа-райы қатты салқын қолайсыз болса да жиналған жұртшылықтың қолдау-қошеметіне бөленді.

Фестивальға қатысушылар арасында түрлі аталым бойынша конкурстар ұйымдастырылды. Атап өтер болсақ «Үздік көркем безендірілген көрмелік экспозиция», «Табиғат сыйы» өнімдерін дайындайтын үздік шебер», «Үздік өнім дайындаушы маман», «Бәрінен көп сауда жасаған тұтынушы».

«Үздік көркем безендірілген көркемдік экспозиция» аталымында Атбасар ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы, Бурабай ауданының Щучинск бау-бақша өнімдерін әзірлейтін ерікті серіктестігі, «Табиғат сыйы» өнімдерін дайындайтын үздік шебер» аталымында Альбина Бойковская Қорғалжын ауданы және Еңбекшілдер ауданы, «Үздік өнім дайындаушы маман» аталымында Сандықтау ауданы, Бұланды ауданы, Бурабай кентінің атбегілер ауласы, Николай Берверт, «Бәрінен көп сауда жасаған тұтынушы» аталымында Гүлшара Нұржановалар жеңімпаздар атанып, арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 Болат Сабырұлы

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.