Қариялар — елімнің қазынасы

Қазан айының қарсаңында Щучинск қаласындағы № 10 мектеп-интернатында мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында ауданымыздың әкімі Қанат Қарауыловтың қатысуымен мерекелі дастархан басында дәстүрлі кездесу өтті.

Аталмыш көпшілік іс-шараға мұрындық болған аудандық оқу бөлімі және кәсіподақ комитеті.

Театр киім ілгіштен басталады десек кездесуге келген ұстаздардың ұстазы, ауданның бетке ұстар ардагер-педагогтарын мектеп-интернат әкімшілігі оқушылар, ұйымдастырушылар жылы шыраймен қарсы алып, тиесілі орындарына отырғызып, ізеттілік жасады.

Аудан әкімі Қанат Серікұлы ешқандай жазылған қағазды оқымай, ардагер-ұстаздарға деген ықылас-ниетін білдіріп, жүрек жарды ақ тілегін басқаша үрдісте көңілдерге жылылық беретіндей пейілде әсерлі жеткізе білді. Өзінің мектеп табалдырығын аттағанда білім берген алғашқы ұстазын құрметпен есіне алып, ұстаз еңбегінің қашанда биіктен көрінетінін оларға деген сыйластық пен шәкірттік сезімнің жоғары тұратынын атап өтті. Жауапты да қастерлі қиын мамандықты ұзақ жылдар бойы атқарып келген ардагер-педагогтар мен әлі де еңбек жасап жүрген мұғалімдерге деген шынайы алғысын білдіріп, мықты денсаулық, баянды ғұмыр тіледі.

Педагогика саласының майталманы, талай жастарды қызметке баулып, тәлім-тәрбие, ақыл-кеңесімен күні бүгінге дейін қамқоршы болып жүрген, бұрынғы аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Қайыркен Нұрымжанов, «Педагогика еңбек ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Бурабай ауданының құрметті азаматы Бағила Қасенова, аудандық оқу бөлімінің басшысы Жангелді Төлегенов, білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Абай Абдрахманов, мақала авторы аудандық «Бурабай» газетінің редакторы Болат Рақышев аудан педагогтарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Аудан әкімінің атынан ардагер-ұстаздарға естелік ретінде сый-кәде жасалды.

«Арман» МТОТЖО және Щучинск қаласы балалар өнер мектебінің өнерлі ұжымдары екі сағат бойы әріптестерінің көңілдерін көтеріп, ән-жырдан шашу шашып, мың бұралған бишілер өнерлерін көрсетіп, кездесудің ажарын одан сайын әрлей түсті.

Кештің жүргізушілері болса әрбір қонақтың мерейін тасытып, ардагер-ұстаздарға деген сүйіспеншіліктерін түрлі ойын, әзіл-оспақпен ұштастырып, әсем үйлестіре білді.

Ардагер-педагогтардың аудандық оқу бөлімі ұйымдастырған тартымды кездесуден рухани қуат алып, іс-шара соңында естелік суретке түсті.

Болат САБЫРҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.