Мәңгілік ел-рухани жаңғыру

Өткен аптада Первомай ауылының орта мектебінде рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Ұлы дала елі» атты ауқымы кең, мазмұны терең мағыналы кеш өтті.

Мұндай игілікті шараны ауыл мектебінің әкімшілігі ұйымдастырып елдің тарихынан сыр шертіп, өскелең ұрпақтың бойына дала перзенттерінің тағлымды тәлімдерін сіңіруді мақсат етіп қойды.

Аталған кешке ауданнан білім бөлімінің басшылары, педагогикалық сала ардагерлері, ауыл әкімі, ел тұрғындары  қатысты. Ауданнан келген меймандарға мектеп ішілік мұражайды оқушылар таныстырып жеке-жеке әр бөлімге тоқталып баяндап берді. Күміс белдік, аң терілері, садақ, оқшаңтайға салынған жебе, самауыр т.б дүниелер көзді тартып, жанды баурап ескі болса да, құнды жәдігерлер өткен заманда бабалардың тұтынған дүниесіміз деп мен мұндалап тұрғандай. Әрбір жәдігерге қызықтай қараған меймандар осы ауылда еңбек етіп, қазығын қағып, маңдай терін төккен ардагерлердің суреттерімен танысып тарау-тараумен баяндалды. Ауыл, ауыл болып құрылғалы қанша адамдар еңбек етті, қалай жұмыс атқарды бұның бәрі қолмен қатталып тәлімді тәрбиелік маңызы зор тарихи құжат ретінде сақталған. Мектеп басшысы Жаслан Шахметовтың шақыруымен іші безендіріліп, әрленіп көмкерілген сынып бөлмесіне бас сұғып жайғастық. Златополья селолық округінің Сәкен Сипульдин сөз алып, Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жасалып жатқан іс-шараның маңызы зор екендігін тілге тиек етіп ауқымды баяндама жасады.

Мектепте ұзақ жыл ұстаздық етіп, шәкірт тәлімді ұрпақ тәрбиелеп, кем дүниенің кетігіне кірпіш қалап білім ордасынан талай қарлығашты қияға қанат қақтырған зейнеткер-ұстаз Нәзира Төкенова бүгінгі білім саласының жетістігі жайында төгілдіріп әдемі баяндама жасады. Ауыл тұрғыны қарт ана, еңбек ардагері Бәтима Жоламанова кешегі ауылдың ішкі реңімен бүгінгі тұрмыс-тіршілігі жайында салыстыра отырып қысқа тұжырымдап айтып берді.

Бурабай ауданы білім бөлімінің әдіскер маманы Әсия Қосыбаева аудандық білім бөлімі басшыларының атынан және өзінің атынан игілікті шараның құтты қоныс, берекелі ауылда өтіп жатқандығын баяндап рухани жаңғырудың маңыздылығына тоқталып ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді қайта қолға алып, ұрпақтар сабақтастығы арқылы өрлейміз деді өз сөзінде.

«Мәңгілік ел-рухани жаңғыру» тақырыбында мектеп директоры Жаслан Шахметов рухани жаңғырудың мемлекетімізге беретін үлесі зор екендігін атап өтіп өз ойын түйіндеді. «Туған жер — тұнған шежіре» тақырыбында оқушылардың ғылыми жұмыстары жайында Айнагүл Илиманова бейнекөріністер арқылы елдің ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарының ауызынан еңбек адамдарының жүріп өткен ізі, соқтықпалы соқпағы жайында тұщымды әңгімелерін тыңдап марқайып қалдық. Иә, ұлттық санамыздан алшақтап барып, бертін дәстүрімізге қайта енген мектеп ұжымы әзірлеген тұсау кесер рәсімі де көптің көңілінен шықты. «Ұлт -рухының асқақтауы» тақырыбында тәрбие сағатына қатысқан көпшілік пән мұғалімі Диана Қыдырекешованың сабағы көпшіліктің көңілінен орын тапты. Тәрбие сағатынан кейін ауданның ардақты ұстазы, Бурабай ауданының «Құрметті азаматы» Бағила Қасенова апамыз көкірегіне түйіп алған ақындардың өлеңдерінен төкпелетіп жыр оқыды. Округке қарасты мектеп оқушылары арасында волейболдан өткен жарыста округ әкімі сөз сөйлеп жеңіске қол жеткізген оқушыларды марапаттады.

                                                                          Жеңіс Кәріп

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.