Келіндер сахнаның сәнін келтірді

Аудандық Мәдениет үйінде облыстық кәсіпкер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Қазақ келіні» атты сайыс өтті.

Әр ата-ана ана сүтін емген, тәлім-тәрбиесі бар келін түсірсек деп армандайды ғой.

Бұл байқауға аты айтып тұрғандай қазақы тәрбиенің жемісін бастарынан өткізген, отбасы құндылықтарын, бала тәрбиесін, ата-анаға құрмет жасау сияқты көптеген қасиеттерді бойларына сіңірген инабатты, иманды, ақылына көркі сай, білімді де зерделі келіндер қатысып, бақ таластырды.

Ақмола облыстық кәсіпкер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина, Бурабай ауданы кәсіпкер әйелдер қауымдастығының төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты, қоғам белсендісі Гауһар Хамзинамен байқауды жоғары деңгейде ұйымдастыру тізгінін өз қолдарына алып, ұлттық дәстүр, отбасы құндылықтарын дәріптеу, шаңырақтың шаттығы өмірге перзент әкеліп, оларды бағып тәрбиелейтін аналардың мәртебесін көтеру мақсатындағы, сахналық көріністер арқылы әсерлі жеткізе білген, байқау залда отырған көрермендер мен қазылар алқасын сүйсінткенін айта кеткен абзал.

Жалпы байқау облыстық деңгейде ұйымдастырылғандықтан Целиноград, Шортанды ауданынан екі жергілікті Бурабай ауданынан үш үміткер қатысты.

Байқаудың шарты бойынша өздерін таныстыру, шығармашылықтарын көрсету, ұлттық салт-дәстүрден сахналық көріністер жасау және үй тапсырмасы бойынша ұлттық тағамдар әзірлеу барысында әр сайыскер бойларындағы күш-жігерлерін жұмсап, жауапкершілікпен тыңғылықты дайындалғандарын шара барысында дәлелдей алды.

Келіндердің қайсы болса да өздерін мәдениетті, шығармашылықтары мол, ой-өрістерінің терең, отбасылық өмірге әбден бейімделген ізетті және парасатты екендіктерін толығымен жеткізе білді.

Байқау болған соң ара-тұра жіктері ашылмаған әр түрлі сәттер де байқалып жатады. Менің пайымдауымда киелі сахнаға ұмтылып, халық алдына шыққаннан соң, әдептен озбай, берілген тапсырманы бұлжытпай орындап, өзіне берілген уақыттан шектелмеген дұрыс. Кейде бір артық қимылдар мен шамадан тыс жат қылықтардың жанкүйерлерді жалықтырып жіберетін сәттері де болады.

Қазылар алқасының қорытынды түйіні жасалып, жүлделі І-орынды «Ақбота» балабақшасының қатысушысы Райхан Жалманбетова иеленді. Шортанды ауданынан Сайрангүл Қонайқызы ІІ-орын, Целиноград ауданынан Айжан Дінтаева ІІІ-орынды місе тұтты. «Мерей» бала бақшасы мен Щучинск қаласы № 7 мектеп-лицейінің намысын қорғаған Медетгүл Кенжеболатова, Әсем Бердешовалар белсенділіктері үшін марапатталып, әр сайыскерге бағалы сый-сияпаттар тапсырылды.

Болат Сабырұлы

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.