Өңір басшысының сапары сәтті аяқталды

Қырық жолдың торабы облыс орталығы мен ауданға жақын жерде орналасқан Кенесары селолық округінде тәуелсіздік мерекесі күнінде ауыл тұрғындарының ежелгі арманы орындалып, жаңа отбасылық амбулатория ғимараты ашылды.

Ала таңнан елдегі жағымды жаңалықты көздерімен көріп, қуанышты күнді бөлісуге ауыл тұрғындары, аудан және облыс орталығынан мәртебелі меймандар, БАҚ өкілдері келіп қатысты.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген зәулім ғимаратты ауыл еңбеккерлері көп жылдар бойы күткені де анық. Ұлыстың ұлы күні тәуелсіздік мерекесінде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин арнайы ауылға келіп, жиналған көпшілік қауымды мерекемен құттықтап, жүрек жарды ақ тілегімен бөлісті. Мәлік Кеңесбайұлы «Авиценна-Бурабай» серіктестігінің басшысы Алма Құрмашевамен бірге көгілдір лентаны қиып, сауықтыру мекемесін аралап, ғимаратты тұрғызған құрылыс компаниясының мердігерлеріне ризашылығын білдірді.

Бұдан кейін аудан орталығы Щучинск қаласында болып, жеке меншік серіктестігінің қолдауымен қайта күрделі жөндеуден өткен «Нұрай» бөбек жайының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі.

Өңір басшысы Мәлік Мырзалин «Burabai Invest Co» ЖШС басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Марат Ахметовпен бірге лентасын қиды. Бұл ғимаратта ұзақ жылдар бойына аудандық салық инспекциясы қоныс тепкен болатын. Білікті маман, іскер басшының ұйытқы болуымен аталмыш ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, еліміздің жас бүлдіршіндерін тәрбиелеуге арналған бала бақша қала тұрғындарының қажеттілігіне жарап, көпшіліктің ілтипатына бөленді. Өмірге әкелген перзенттерін алаңсыз бағып-күтуде үйлерінде отырып қалып, бала бақшадан зәбір көрген ата-аналардың қуаныштарында шек жоқ. Біріншіден жақын маңда орналасқан бөбекжайға сол аумақтың тұрғындары қол жеткізіп, аналары қызметтеріне шығып, жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік алды.

Екі қабатты ғимаратта бой көтерген бала бақшаны күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына серіктестік 208 млн теңге қаражат жұмсады. 210 жас бүлдіршінді 10 топқа бір мезетте қабылдап, 30 адамды жұмыспен қамтыды.

Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсап, найзаның ұшы, ақ білектің күшімен қорғап жүрген атырабы, Алаш баласының отаны-Қазақ елінде тек тыныштық пен бейбіт өмір болсын. Жұмысымызда береке мен несібеміз мол болып, тәуелсіздіктің тұғыры биік болсын.

Еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақ жеткіншектерді патриоттық рухта тәрбиелеп, бала адамның бауыр еті демекші жас буын өкілдері зерделі ұрпақ, салиқалы азамат болсын, тәуелсіздіктің жемісін көріп, баянды өмір сүріп, халқына және кіндік қаны тамған қасиетті Бурабай өлкесіне адал еңбек етсін.

Тәуелсіздік ғұмырлы, Қазақ елі бай қуатты, баянды болсын!

Облыс әкімінің жанында аудан әкімі Қанат Қарауылов, аудандық мәслихаттың хатшысы Өтелбай Бейсенов, жауапты ведомство басшылары бірге еріп жүрді.

«Бурабай-ақпарат»

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *