Жасай бер, ұлы тілім — қазақ тілі!

Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екендігін ел Президенті сөйлеген сөздерінде жиі қолданады. Сөзіміз дәлелді болу үшін мемлекеттік тіл, заң жүзінде қазақ тілі болып бекітілгеннен кейін, тіл майданында көптеген оң өзгерістер жүзеге асырыла бастады. Аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мемлекеттік тілді үйренушілерге арналған курстар ашылып, өзге ұлттармен бірге ана тіліне шорқақ, қандастарымыз да қазақ тілін үйренуге ден қойды. Біздің Ақмола өңірінде алғашқылардың бірі болып мемлекеттік тілді оқыту орталығы Бурабай ауданында ашылған болатын.

2007 жылы ауданымызда іскер азамат, ана тіліміздің жанашыры, ұлт мақтанышы Болат Ақанов әкім болып қызмет істеді. Аталмыш мәселе көтеріліп жаппай қолға алынып жатқанда, көп қабатты тұрғын үйден тұрғындары әр түрлі себептермен тастап кеткен, бес бөлмелі үйге қаржы қарастырып, күрделі жөндеуден өткізіп, орталықтың ашылуына мұрындық болды, ғимараттың тұсау кесер рәсімінде сөз сөйлеп, лентасын өз қолымен қиды. Алғашқылардың қатарында өзі жол көрсетіп, орталықтан дәріс алды және барлық бюджеттік сала қызметкерлерін, қосымша білімдерін жетілдіруге талпындырып қолдау көрсетіп, шынайы азаматтық танытқандығының куәгері болдық. Сағаттың тіліндей зу еткен өмір, оған да міне табандай 10 жыл толып, Бурабай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанындағы, «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мекемесі болып өзгертіліп, заман талабына сай ағылшын тілін оқытатын топтар да ашылды.

Орталық директоры тіл білгірі, өз ісінің кәсіби шебері Арайлым Қайрмденованың ұжымымен бірлесіп ұйымдастырған, «Орталықтың он жылдағы тынысы» атты көпшілікке арналған бұқаралық іс-шара ауызша журнал ретінде жаңа келбет алып, жаңартылған ғимаратта, бұрынғы «Бурабай» аудандық газетінің редакциясы қазіргі күрделі жөндеуден өткен тілдерді оқыту орталығында өтті.

Әріптестердің игілікті істеріне қолдау танытып, ақ тілектерін арқалай келген мәртебелі меймандармен, ана тілімізге жаны ашитын, тілдің қолданылу аясын өмірі мен қызметінде дөңгелетіп жүрген тіл мамандары, орталықтың тыңдаушылары және бітіріп, қолдарына сертификат алып шыққан түлектері қатысты.

Орталықтың оқытушылары 2012 жылдан бері «Шабыт» шығармашылық тобын құрып, «Орталық тынысы» атты арнайы әдістемелік журнал шығара бастады. Биылғы мерейтойдың кезекті санын, жиналған көпшілік алдында ауызша түрде өткізуді жөн санапты және ол ойлары сәтті шықты деуге толықтай негіз бар. «Ақпарат және мәлімет» айдарын орталық директоры Арайлым Есболатқызы өзі жүргізіп, жұмыстары жайлы толыққанды әсерлі ақпарат берді. Он жыл уақыт ішіндегі ұжымның шығармашылық шыңдалу жолындағы жетістіктерін тілге тиек етті. Орталықтың оқытушылары басында «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», бертін келе «Тіл мерейі» облыстық байқауына жыл сайын қатысып, жүлделі I-шi және II орындарды қанжығаларына байлап, өзге әріптестеріне дес бермей, жылда үздіктер қатарында келеді. Еңбектері де елеусіз қалмады, түрлі марапаттар мен құнды сыйлықтарға қол жеткізді. Орталық басшысы тіл үйретудей жауапкершілігі мол күрделі жұмыста жарқын жол көрсетіп, тәлімді ақыл-кеңестерімен қолдау танытып жүрген, Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығына, басшылары Қаратай Төлекеев мен білікті мамандарына, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Малика Нұрпанова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дина Қарсыбаеваларға шексіз ризашылығын жеткізді.

Орталықтың үздік оқытушысы Жанар Қайыртайқызы жүргізген «Сөз кезегі қонақтарда» айдарында, аудан әкімінің орынбасары Малика Нұрпанова, Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Қуаныш Қажиахметовтар сөз сөйлеп, орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігіне алғыстарын білдіріп, ақ тілектерімен бөлісіп, естелік ретінде сый-сияпаттарын тарту етті. Қуаныш Қайыргелдіұлы өздерінің басшысы Қаратай Байкенұлының қолымен расталған «Алғыс хатын» аудан әкімінің орынбасары Малика Нұрпанова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дина Қарсыбаеваға табыс етті.

Тіл үйрету ісі тынымсыз еңбек пен үнемі ізденуді талап етеді, сол өздері оқытқан шәкірттері мен бітіріп шыққан түлектерінің, жемісін көру ұстаз мерейін үстем етері хақ. Оны біз тәжірибесі мол, озат педагогтардың бірі Айман Кәрібайқызының түлектерден сұхбат алған бөлімінде көзбен көріп сүйсіндік, еңбектері мен алтын уақыттарының зая кетпегеніне бірге марқайдық. Өзге ұлттың өкілдері №1 мектеп-гимназиясы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Наталья Балашова, Экология және орман шаруашылғы колледжінің оқытушысы Кира Антонюк, аудандық ішкі істер бөлімінің полиция капитаны Спартак Сансызбаев, Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусының қызметкері Александр Головкин, Щучинск қаласы №3 орта мектебінің мұғалімі Екатерина Дедова және ең қызығы орталықта қазақ тілін үйреніп жүргенде бір-бірімен танысып, көп ұзамай шаңырақ көтерген ерлі-зайыпты жас жұбайлар Василий мен Надежда екі айдан сәл асқан шаранасын ертіп, іс-шараға отбасымен қатысып, сырларымен бөліскендері әсерлі көрінді, ақиық ақын М.Мақатаевтың «Махаббат диалогы» өлеңін сүйіспеншілік сезімінде жарасты ойнап, актерлік шеберліктерін де танытқандай болды.

Тіл тағдыры — ел тағдыры екенін ешқашан ұмытпағанымыз абзал. Әрбір дүние есігін ашқан адам, өзінің ана сүтімен дарыған ана тілін және мемлекеттік тілді игеруге міндетті екенін ұмытпасақ болғаны.

Ана тілді білмеуің, ананың арын төккендей,

Оны бұзып сөйлеуің, өзіңді-өзің сөккендей,

Тілге олқылық бой алса, тым алысқа бармассың,

Ана тілің жойылса, қазақ болып қалмассың!

 

Болат Сабырұлы

 

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *