Жолдауды қолдағанымыз ел мүддесі үшін

Елбасының дәстүрлі жолдауы тағы да халыққа жол тартты. Әр жолдаудан ел һәм қазақстандықтар үміт күтеді.

Биылғы жолдаудың маңыздылығы басымдау. Өнеркәсіп саласын дамыту, мұғалімдердің еңбекақысын көтеру сияқты жағымды жаңалықтар көпшіліктен қолдау тапты. Жолдау жарияланып, ақпарат саласы арқылы елге таратылысымен бірден қалың қазақ елі қолдау танытты. Соның бірі курорттық аймақ, тоқсан жолдың торабында орналасқан Бурабай ауданының атқамінерлері Елбасының жолдауында айтылған мәлімдемені халыққа түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.

Өткен аптаның қасиетті жұма күні Щучинск қаласы №1 мектеп-гимназиясының мәжіліс залында ауданның зиялы қауым өкілдері, студенттер, аға буын бас қосып, жолдауды талқылап өз пікірлерін ортаға салды. Аудандық мемлекеттік архивтің басшысы, іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Ш. Бостамбаева сөз алып, жолдауда айтылған нақты тапсырмаларды талдай келе, өзіне және бұқара жұртшылықтың көңілінен шығатын тұстарына тоқталып, кесекті өз пікірімен бөлісті.

Аудандық мәслихат депутаты, №-7 мектеп-лицейі директорының орынбасары М. Рахымжанов, жолдаудағы ІІ. Һәм Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту бөліміне тоқталып, баламалы энергия үлесіне байланысты өзінің пікірін айтып, көпшіліктің талқысына ұсынды. Қалада орналасқан орман шаруашылығы институтының ғылыми бөлім басшысы Э. Обезинская, Щучинск қаласы №3 орта мектебінің 10 сынып оқушысы К. Вознюк мінбеге көтеріліп, тұңғыш Президентіміздің жолдауында айтылған міндеттемелердегі, нақты қадамдарға ерекше тоқталып, жолдаудың шыққан күні сынып сағатын өткізіп, оқытушылар қауымымен бірлесе отырып, әрбір мектеп оқушысы өздерінің пікірлерін жеткізіп, талқыға салғандарын мақтаныш сезіммен баяндап, әсерлі жеткізе білді.

Жиында қала тұрғындары және аға буынның өкілдері дәстүрлі жолдаудың халыққа қаншалықты қажеттігін және экономикалық тұрғыдан ертең әлеуметтің әлеуеті көтерілетіндігін айтып, ойларын айшықты жеткізіп, көпшіліктің назарына ұсынды.

Жиын соңында Бурабай ауданы әкімінің орынбасары М. Нұрпанова жиынға қатысып, Елбасы жолдауына байланысты маңызды пікірлерін жеткізген көпшілікке алғысын айтып, алдағы уақытта  аудан тұрғындарына жол тартқан «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында айтылған нақты он тапсырманың барлығы ауданымызда мұқият орындалып, елдің мүддесі үшін қызмет атқару керек деп салиқалы ойларын айтып, жиынды түйіндеді.

«Бурабай-ақпарат»

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *