Халық қалаулысы сайлаушылармен кездесті

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік -мәдени  даму комитетінің мүшесі Жанат Омарбекова Бурабай ауданына келіп, бірқатар елді-мекендерді аралап, халықпен жүздесіп, жағдайларымен танысты.

Халық қалаулысы сапар барысын Қатаркөл ауылының маңайындағы арнаулы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған емдеу орталығынан бастады. Жалпы бұл орталық еліміздің бас қаласы Астана қаласына қарайтындықтан шығыс-кірістің барлығы сол тараптан болады. Елордадан мүмкіндігі шектеулі жандар жолдама арқылы келіп, орталықтың ем-домына жүгінеді, дертіне шипа алады. Дегенмен демалысқа орталыққа келетіндер жергілікті жердің тәртібіне аса мән бермей, өздерінің өктемдігін жүргізіп, мүмкіндігі шектеуліктерін жеткізіп, қасына ертіп әкелген адамдарын да бірге қастарында демалуға мәжбүрлейді екен. Жалпы қай елдің заңында болмасын мүмкіндігі шектеулі болғанмен де қасындағы ертіп келген адамға орын жоқ. Бұл жалпы медицина заңында шегеленіп нақты жазылған, үш жастан асқан бала да ауруханада жалғыз жатады,-дейді өз сөзінде жергілікті орталықтың басшысы Арыстан Жанғазиев мырза. Ал ақпарат саласы еркіндікке шыққалы біздің орталықтың жұмысына сын айтушылар да жоқ емес, кездесіп жатады. Халықтың барлығы бірдей емес, аласы да, құласы да болады ғой. Бір адамға жолдама беріледі, қасында ертіп келген адамға орынды қайдан тауып береміз? Дейтұрғанмен де орталықтың жұмысына алғыстарын айтып, қызметіне барынша риза көңілмен аттанатындардың қарасы көп, қазір жеке меншік шипажайларға барсыншы, бағалары удай, бізде барлық қызмет түрлері тегін, тіпті кейбір қызмет алушылар үйінен дәрігердің бөлген дәрісін де әкелмей бізден сұрайды. Қайтеміз қолдан келгенше көмектесіп жатамыз,- деп қынжылды басшымен сөйлескенімізде.

Жанат Әнуарбекқызы орталықтың ішін тегіс аралап, көзімен барлығын көріп, көңілге түйіп, басшылыққа алғысын білдірді. Себебі емделушілер үшін барлық жағдайлар жасалған. Іші тап-тұйнақтай таза, ауасы кең, әрі жарық түрлі ауруларға қолданатын емшараның барлығын көріп қайтқан халықтың қалаулы қызы басшылыққа ризашылығын жеткізіп, Қатаркөл ауылының орталығында жұмыс сапарын жалғастырды. Бұл жерде жаңадан ашылған «Қазпошта» филиалының ішін қарап, пошта маманымен сөйлесіп, Қатаркөл ауылындағы ауылшаруашылық колледжінің қабырғасында жергілікті тұрғындармен кездесті. Халық қалаулысына ауылдың тұрғындары өздерін мазалап жүрген сауалдарын жолдады. Көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі әрине жер мәселесі, т.б. көптеген сауалдарға депутат ханым түсінікті тілде жауап қайтарып, бүгінгі күнге дейін атқарған парламент жұмысынан да біршама ақпараттар, баянды деректер айтып, жұртшылықты заң шығару өкілдерінің жұмысымен ауқымды іс тындырғандарын жеткізді.

Жиын соңында ел атынан алдыңғы буынның аға өкілдері халық қалаулысына алғыстарын айтып, шексіз ризашылықтарын білдірді.

Округте өткен кездесуде Бурабай ауданы «НұрОтан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайныш Өміртаева, Қатаркөл округінің әкімі Мереке Құсайынов қатысты.

                                        «Бурабай-ақпарат»

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *