Округ әкімдері халық алдында есеп берді

Аудан көлемінде қаңтардың 18-жұлдызынан 29-жұлдызына дейін Щучинск қаласы, Бурабай кенті және елді мекендердегі округ әкімдерінің жылдағы үрдіс бойынша халық алдындағы есеп беру кездесу жиындары өтті.

Бурабай ауданының әкімі арнайы бекітілген кестеге сай алғашқы кездесуді іргелес жатқан Атамекен ауылдық округінен бастады.

Кездесу жиынын өзі ашып, жүргізіп отырған ауданымыздың әкімі Қанат Қарауылов 2017 жылы атқарылған Атамекен ауылдық округінің әкімі Дауылбай Қапезовтың есепті баяндамасын тыңдап, үстіміздегі жылға белгіленген міндеттерін және болашаққа деген жұмыс жоспарымен танысты.

Аталмыш кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы Өтелбай Бейсенов, аудан көлеміндегі жауапты органдардың басшылары, БАҚ өкілдері және округ тұрғындары белсене қатысты.

Қазақстан егемен ел болып, тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, жер жәннаты Бурабай өңірінде туған жердің топырағын аңсап келген ағайын-бауырлардың көпшілігі осы Атамекен ауылдық округінен қоныс тауып, Қаражар, Шиелі, Жаңажол округ орталығына шоғырланып, жергілікті халықпен етене араласып, азаматтықтарын алып, шаруашылықтарын дөңгелете бастады. Тағдырлары тарих болып, жан-жаққа тарыдай шашылған қандастарымыз туған жерге деген сағыныш сезімдерін қарапайым еңбектен бастап, үкіметтің қолдауымен қызметке араласып, еңбектің қай түрі болмасын тырмысып, жергілікті бұқара халықпен алғашқы күннен бастап иық тірестіре еңбек етті. Тамырларын терең жайып, ұлды ұяға, қыздарын қияға қондырып, демографиямызды көбейтуге ұмыт болып бара жатқан ана тіліміздің солтүстік өңірде өркендеп-дамуына септігін тигізді, тастай батып, судай сіңді. Тіпті өткен 2017 жылы республика көлемінде алғашқылардың бірі болып, ата жұртқа келгендеріне ширек ғасыр толған 25 жылдық тойын дүркіретіп есте қаларлықтай жоғары деңгейде атап өтті.

Атамекен ауылдық округінің әкімі Дауылбай Қалымұлы жат жерден елді аңсап келген бауырларды қанатының астына алып, олардың көкейтесті мәселелерін жоғары деңгейдегі билік алдында көтеріп, құжаттарын әлеуметтік тұрғыдағы көптеген шаруаларын пысықтауда атсалысып, тынымсыз еңбек етті. Бауырларымыздың ресми тілге мүлдем жатық екенін ескерсек, талай құзырлы мекемелердің есігін қағып, өзі бас болып ертіп жүріп, аяқтарынан тік тұрғанша күні бүгінге дейін қолдан келген көмегін жасап келеді, оны әңгімелесіп сұхбаттаса қалғанда қарапайым халықтың өзі де жоққа шығармай, әкімдеріне ризашыл сезімдерін білдіреді.

Нәтижелі жұмыспен қамту әлеуметтік мемлекеттік бағдарлама бойынша көптеген еті тірі азаматтар өз кәсіптерін ашып, қолға алған шаруашылықтарын дөңгелетіп, бүгінде сол тынымсыз еңбектің жемісін теріп отыр. Қоғамға қажетті мамандықтарды оқып, оны да игеріп, бауырларымыз кәсіпкерлік саланың да қыр-сырына әбден қанықты, нәтиже де жаман емес, көңілге қонымды болашаққа деген сенім бар.

Өткен жылы округ әкімі аппаратына жер қатынасы жұмыстарын жандандыру мақсатында тұрғындардан 27 өтініш келіп түсіпті. Аудан әкімі және аудандық бөлім басшылары алдында Атамекен округінің әкімі Дауылбай Қапезовтың ана сүтімен дарыған қазақ тілінде ақпаратын дайындап, әсерлі де әдемі жеткізе білуі және ресми тілге де аударып, өзге ұлттар алдында қысылмай баяндамасын еркін жеткізгені бізді де, кездесу жиынына қатысқан мемлекеттік қызметкерлерді де сүйсіндіріп, тәнті етті.

Сұрақ мәселесіне келетін болсақ, аса көп өтінімдер болған жоқ, округте бұрыннан шешімі қиындау болып келе жатқан ауыз судың тапшылығы. Аталмыш мәселеге де бюджеттен қаражат бөлініп, биылға сметалық құжаттар әзірленіп, 2019 жылы ауыз су мәселесі толығымен шешіледі деген үміт бар. Округ орталығында бұрыннан келе жатқан тұрмыстық үй, яғни дом быта ғимараты қаңырап бос тұрған болатын, оны да жергілікті әкімдік өз құзырына алып, құжаттарды әзірлеп, ақпан-наурыз айларында заңға сәйкес аукцион жариялап, конкурс өткізбекші. Оған қатысып, бағы жанғандар ауыл орталығында дәмхана немесе жастарға сауықтыру, бос уақытты тиімді өткізу орнын ашып, бұл мәселе де тұрғындар үшін тиімді шешіліп, істің оңға басатындығына шүбә келтірмейміз. Өзекті мәселенің бірі округтегі мал жайылымы барлық жерде мемлекеттік қорық болғандықтан кәсіби шаруашылықты дамытып, малдың басын көбейтіп, оны өсіруде келелі сұрақтар болды, оған да құзырлы орган басшылары түсініктеме берді. Электр жарығын пайдалануда тоқтың шамадан тыс берілетіндігі де айтылып, жауапты орган қызметкерлері бұл сұрақты да бақылауға алды.

Жаңажол ауылында өткен жылы жабылған мектептің ғимараты ауыл тұрғындары үшін қызмет атқаратын мәдениет ошағына айналғаны мені өнер адамы ретінде қуанышқа бөлегені жасырын емес, өте орынды. Мектеп оқушылары тасымалмен орталық және аудан орталығындағы мектеп-интернатында білімдерін жалғастыруда. «Айдос-98» шаруашылығын серіктестіктен өздеріне тиесілі пайларын ала алмай қынжылып отырғандарын да тұрғындар жеткізе білді. Серіктестік басшысы көпке ұзатпай халықтың назын орындап, жақын маңында есеп айырысатынын айтып, көпшілік алдында уәде етті.

Өзімнің жеке бизнесімді ашуға қандай ұсыныс жасап, көмек бересіздер деген жап-жас жігіт аудан әкімінің жеке қабылдауына баратын болып келісті, себебі жоспарланған келешекте айналыспақ бизнес түрі құпия болып шықты. Бұл сөзге елдің бәрі ду күліп, әзілдесе қалғанмен жас жігіттің болашағын ойлап, алға ұмтылыс жасап жатқанының өзі ерлік деп ұғындық.

Мақсаттарыңыз орындалып, бизнес немесе шаруашылық болсын, округте өркендей берсін, халқымыз аман, еліміз тыныш болсын дегіміз келеді.

Болат САБЫРҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *