Сүйікті «Бурабай» газетіне — ширек ғасыр!

Тәуелсіздігіміздің айғағы, тіліміздің байрағы, аудан өмірінің айнасы болып танылатын аудандық саяси қоғамдық үнқағазы, сүйікті «Бурабай» газетіне  2018 жылдың 1 қаңтарында 25 жыл толып, биылғы Ит жылы інжу маржан аймағы  үшін аталғандай айтулы оқиғамен басталды. Неткен зымырап өтіп жатқан уақыт десеңізші! Күні кеше ғана, қазақ тілінде шығатын басылым аталымына конкурс жарияланып, зиялы қауымның аңсаған армандары орындалып, төбеміз көкке жеткендей болып еді… Бәрі есімізде… Газет өзімізбен бірге жасап, ширек ғасырды артқа салып отыр. Тәубе, Жасаған…

Аталған тарихи уақиға жергілікті  оқырмандарды шексіз қуанышқа бөлеп, ресми түрде мерекелеу іс шарасы, аудандық әкімдіктің шешімімен,  маусым айындағы баспасөз күніне орай белгіленсе де, тіл жанашырларының арқасында мерекені атап өту іс-шаралары басталып та кетті.

…2001-2009 жылдары «Бурабай» газетінде редактор лауазымын атқарып, баға жетпес аталмыш үнқағазын халық аманатындай қадірлеп-қастерлеп, оның мәртебесін өсіру жолында үнемі ізденіс үстінде жүріп, еліміздің ең қиын — қыстау кезеңінің ыстық- суығын ұжыммен бірге көріп,  нарық шабуылдарынан газетті абыроймен алып шығып, сүйікті үнқағазына өзіндік ақпараттандыру тәсілін  иелендіре отыра, қасиетті өңірдің қазақ газетіне республикалық «Алтын жүрек» конкурсының «Ақпараттық қолдаушы» номинациясын жеңіп әперген Шолпан Әшімқызы Бостамбаева, бүгінде өзі басшылық ететін және өткен жылы бөлініп, жуырда күрделі жөндеуден өткізілген аудандық Мұрағат мекемесінің су жаңа ғимаратында, Елбасы Жолдауының аясында аудан әкімдігінің қолдауы, тіл жанашырларының қатысуымен, кезінде өз еркімен жүрегінің  бір түбінен мәңгілікке орын берген, қоғамдық-саяси «Бурабай» газетінің 25 жылдығына орай көрме ұйымдастырып, салтанатты отырыс өткізді.

…Әр Елбасы өз дәуірінде халқының отаншыл болуын армандайды. Менімше, отаншылдық әкенің қаны, шешенің ақ сүтімен даритын қасиет. Аталмыш ең жоғарғы адамгершілік белгісі ешқандай байлыққа сатылмайды.  Отаншылдық — ақ білектің күші, ақ семсердің ұшымен қазақ даласын қорғай білген текті ата бабамыздың  артына қалдырған баға жетпес мұрасы болып табылады. Оның көріністерін адамның шынайы жақсы істері ғана айқындай алады…

Маңызды іс шараны өзі ашып-жүргізіп, көрме бұйымдарын бірден сайрата жөнелткен іскер басшы Шолпан Бостамбаева қатысушыларды тез арада әсерлі де әдемі тарих қойнауына  баурап, айналаға отаншылдық атмосферасы орнады. Аудан газетінің қыр-сырын, тарихын жатқа білетін бұрынғы редактордың әр сөзінен ана тіліндегі үнқағазына деген шексіз сүйіспеншілігі, өткенге деген сағынышы, зор құрметі байқалып тұрды. Еріксіз көңіліміз босап, көзге жас келді… Газеттің негізін қалаушы, бай тарихының алғашқы бетін ашушы редакторлар Самат Саудабайұлы Рахымберлин және Мәули Қалиоллаұлы Алимовтардың  тарапына көптеген жылы сөздер айтылып, марқұмдар  жатқан жерлерінде бір аунап түскендей болды. 1993 жылдың 1 қаңтарында шыққан алғашқы газет, ең бірінші хатшы Айгүл Байшалованы (Абраева) жұмысқа қабылдау жөніндегі тұңғыш бұйрық, алғашқы Алғыс хаттары мен марапаттау қағаздары, ұлттық нақыштағы естелік сыйлықтар, қиын қыстау кезеңіндегі отырыстар мен кездесулерді, көтерілген мәселелерді қамтыған газет беттері, фото суреттер… Осының бәрі тәуелсіз елдің арайланып атқан алғашқы таңын, қазақ газетінің тәй-тәй басқан алғашқы қадамдарын елестетіп, көз алдымызда әдемі тарихқа айналып, құнды мұрағат бұйымдарын құрап жатты… Тиісті есімдер тарихты ары қарай өрбітіп, шабыттанған қатысушылар жоғары белсенділік танытып,  өткенімізге бас иді…

…Ұзақ жылдар аудан әкімінің орынбасары қызметін ойдағыдай атқарып, жүрегі қарапайым халықпен бірге соғып, артына өшпестей із қалдырған қазақтың қайсар қызы, тіл жанашыры марқұм Тұрсын Қайырбекқызы Алтаеваның жемісті еңбегі тілге тиек етіліп, отырыс қатысушылары отансүйгіш апайымызды қимастықпен еске алды. Марқұм Сара Құсайынқызы Рақымбаеваның, аударма арқылы газет беттерін жандандырып, қартаң жүректің лүпілін айнытпай жеткізетін отансүйгіш мақалалары тарихқа еніп, келер ұрпаққа шынайы отансүйгіштің өнегесі болары хақ. Газеттің меншікті тілшісі ретінде біраз жыл нәтижелі еңбек еткен оңтүстік өңірінен қоныс аударған бауырымыз, әріптесіміз болған марқұм Оңалбек Қасымбекұлы Кенжебектің және аталмыш редакция ардагері, корректор ағамыз, көкшетаулық Сағындық Молдабайұлы Мүжібаевтың есімдері де тарих беттерінен өзіндік орындарын иеленді. Жазушылық қабілетімен,  аудандық газеттің дамуына өз үлесін қосқан басқа да жандар жауапты ұйымдастырушының назарынан тыс қалмай, өз есімдерімен тарих беттерін толықтырды. Мақала авторы ардагер тілші Күлшат Ісләмқызының, яғни менің, он жылдан астам уақыт аталмыш газетке атқарған шығармашылық еңбегін, ақындық қабілетіме тіл жанашырлары жоғары бағаларын беріп, газет беттерін көркейткен авторлық туындыларым әп-сәтте тарих қазынасына айналды.

Мәнді отырыс барысында қатысушылардың тарихи дерек  қоржындарына көптеген құнды мәліметтер құйылып, ауданымыздың рухани жаңғыру жолындағы оң бағытын аңғартты. Айрықша жоғары шабытпен жарыссөзге қатысқан, аудандық билік өкілдері жүрекжарды ақ тілектерден шашу шашып, естелік сыйлықтарын редакция басшылығына тарту етіп, қазақ газетіне деген шексіз құрметтерін көрсетті. Қатысушылар тобын бастаған тіл жанашыры, әрдайым жаңашылдық, игі істерді екі қолын көтере қолдайтын және үнемі ізденіс үстінде болып, ауданымыздың дамуына аянбай үлес қосушы, ақпараттық бөлімнің басшысы, аудан әкімінің орынбасары Марпуға Нұрпанова маңызды отырыстың абыроймен өтуіне ат салысып, мерекелік іс-шараның маңыздылығын одан сайын арттыра түсті. Адамгершілігі мол азамат ретінде елімізге кеңінен танымал, жылдар бойы тырнақтап жинаған абыройының арқасында  тағынан таймайтын, айтқан сөзінен қайтпайтын аудандық мәслихаттың хатшысы, көпті көрген Өтелбай Бейсенов ұйымдастырушыларға разы болып, нәзік жандылармен батыл атқарылатын игі істерді қазақ қыздарының батырлығымен  теңестірді. Бурабай газетінің редакторы Болат Рақышев құттықтауларды қабылдап, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға шексіз алғысын білдіре отыра, ауданымызға гүлдену тіледі. Мерекелік отырыс мол дастарқанға ұласып, аудандық қазақ газетінің  ширек ғасыр мерейтойын тойлау салты, осылайша, отаншылдықтың арқасында жаңа бастау иеленді.

Мерекеге шақырылған қонақтардың арасында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дина Қарсыбаева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Күзембаева, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жангелді Төлегенов, білім беру кәсіподағы комитетінің төрағасы Абай Абдрахманов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Қожағұлов, жұмыспен қамту орталығының басшысы Кенже Иманқұлова, қала әкімі Бегахмет Махметов, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Татьяна Куприянова, «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Бақыт Бостанбаева, «Луч» газеті редакторының орынбасары Ирина Корниенко сонымен қатар «Бурабай» газетінің жауапты хатшысы Айгүл Абраева, меншікті тілшісі Жеңіс Оспанов болып, айтулы күннің  қуанышын бірге бөлісті.

Осылайша, отаншылдық атмосферасында әсерлі де әдемі өткен мәнді отырыс көк байрағымызды биікте желбіреткендей болды… 

Күлшат Ісләмқызы, журналист

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *