«Бір ел — бір кітап» акциясы

Қазақстанда республикалық «Бір ел — бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді.

Акцияның мақсаты — жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге, ана тілге мұқият қарауға, оқу мәдениетін қолдау және дамыту, көркем әдебиеттерді оқып тағылым алу болып табылады.

«Бір ел — бір кітап» республикалық акциясына 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» мен Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романдары таңдап алынды.

«Абай жолы» — Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» — қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. «Абай жолы» роман-эпопеясы — қазақ өмірінің энциклопедиясы» деген академик Қаныш Сәтбаев.

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды.

Қазақстанның халық жазушысы Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» романында X ғасырда өмір кешкен кемеңгер жерлес ғалымымыз, кезінде «Шығыстың екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің ғибратты өмірін суреттеген. Адамдықтың, жақсылықтың мәңгілік жауы — надандық тұманын сейілту үшін, жамағатшылыққа ең адал, таза даму, көркею жолын іздеп, ақиқатпен, біліммен қаруландыру үшін өмір бойы еңбектенген, өз басының тыныштығы мен бақытын осы мақсатқа құрбан еткен, ғажайып ғалым Әл-Фарабидің өшпес өнегесін айту әрі ауыр, әрі құрметті міндет еді. Бір халықтың емес, барша халықтың алдына білім шырағын жаққан, артына таусылмас мол рухани байлық қалдырған Әл-Фарабидің жарқын тұлғасы романда үлгі аларлық болып шыққан. Романда керемет бір идея бар. Ол — Әбу Насыр Әл-Фарабидің араб жұртына тек үйрену үшін емес, түркі әлемін, қыпшақ өркениетін таныту үшін жол тартқанын көркем тілмен суреттеп берген.

Көпшілік оқырмандарды заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романдарын оқуға шақырамыз.

Әдістемелік-библиографиялық бөлім

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *