Өзін-өзі тану: махаббат пен шығармашылық педагогикасы

Егеменді еліміздің жас буынына рухани тәрбие мен білім беру, өмірді құндылық деп түсінуін, өзін табиғатпен үйлесімділікте ұстай білуін, жердегі тіршілікті сақтау үшін өзінің қажеттігін түсінуді қамтамасыз ететін өзін-өзі тану пәні бүгінгі күні оқыту процесінде маңызды орынға ие болып отыр.

Тәрбие берудегі басты мақсат — жастарды ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар арқылы дамытуға, мәдени дағдыларды игеруге, өзіне және өзгелерге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға назар аудару. Тұлғаға бағытталған тәрбиеде рухани-адамгершілік ұстанымдарын жүйелі түрде жүргізу тиімділікке жеткізеді. Ол үшін жастардың мәдени құндылықтарды игеруіне, өзін-өзі дамыту дағдыларына, өмір сүре білуге бейімділігіне, тұлғааралық қатынастарды, дағдыларды игеруіне, өзіне және өзгеге жауапкершілікпен қарауына көмектесу басты нысана болып табылары сөзсіз.

Ақпан айының 3-12 аралығында барлық республика көлеміндегі білім ошақтарында: «Өзін-өзі тану: махаббат пен шығармашылық педагогикасы» апталығы өткізілді. Біздің Атамекен ауылының орта мектебінде де осы ауқымды іс-шараға алдын ала жоспар құрылып, мектеп басшылығымен бекітілді. Жоспар әр түрлі сынып сағаттары, дөңгелек үстел, ашық сабақтар, тренинг-сабақтар, жарыссөз сайысы, сурет және қолөнер байқауы, ән фестивалі, флешмоб, Тимуршылар көмегі, кітап көрмесі және тағы да басқа тәрбиелік мәні зор іс-шаралардан құрылды. Мектебіміздің балабақша, даярлық тобы, бастауыш сыныптар, орта және жоғары буын оқушыларының барлығын қамтыған іс-шаралар өте қызықты ұйымдастырыла білді.

Өзін-өзі тәрбиелеу — адамды дамытуға арналған тәрбие үрдісі. Кез-келген тәрбие жүйесінде адам өзін әлеуметтік тұлға ретінде сезініп, қоғаммен және табиғатпен біртұтас тіршілік етеді. Өзін-өзі тәрбиелемей жеке тұлға қалыптаспайды. Өзін-өзі тәрбиелеу барысында адам өз білімін дамытады. Қазір қоғам адам болмысындағы мейірім, шапағат, төзім, махаббат… сияқты құндылықтардың жаңғыруына зәру болып отыр.

Олай болса, адамдарға деген ізгі ниеттілік, құрмет, жанашырлық пен сенім, кеңпейілділік, басқалардың мүддесі үшін жан аяушылық, кішіпейілділік, адалдық, шыншылдық сияқты адами құндылығымызды биік көтеріп ұстайық!

Ботагоз Асанова,

Атамекен ауылы орта мектебінің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.