Әз Наурыз һәм тышқан жылы…

Қазақ ұғымында жыл басы Әз Наурыздан басталады. Бойына сеніп жылдан құр қалған түйе жарықтықтың үстіне шығып, бір уыс тышқан алғашқы болып алыстан келе жатқан жылды көріпті-міс. Әлқисса солай деп бала кезімізде ертегі оқитынбыз.

Тамыр жұрттың жылы басталысымен ұшақ құлап, елімізді мұңға батырды. Әй соңы жақсы болса екен деп тілек тіледік. Аллаға шүкір. Жайымыз жақсы, көңіліміз сергек, ұйқымыз тыныш, ел іргесі бүтін, тойымыз-той, ойынымыз-ойын болып жүріп жатырмыз. Дегенмен де, аспан асты елінен шыққан тәжтажал (коронавирус) тағы да, әлемді өзінің назарына аударды. «Тұмау -аяғы құрт» болатын ауру емес екен бұл. Сәлемдесу арқылы, тіпті шетелден келетін тауар арқылы да жұғады деген ел ішінде сыпсың бар. Сөз сауа білетін тапқыр қазақтың көкейінен шыққан «қотыр қолдан жұғады, таз тақиядан жұғады» дегені осындайда еске түседі. Аурудың беті аулақ деп отырғанда елімізде бүгінгі таңда 33 адам тіркелді. Қазіргі таңда бұл кісілер оқшауланып ем-дом алып жатыр. Е несін айтасың «соқыр десем, құныкемнің көзіне тиеді» демекші, осылардың арасында ақ төсекте шалқиып жатып алып, ішетін тамағын менсінбей жатқандар да бар екен. Жә, оны бәрі өткінші. Тәжтажал жайлы ақпарат 2009 жылы шыққан биология оқулығының ішінде нақты ақпарат берілген. Біз немқұрайлы қарап мән бермегенбіз. Санитарлық тазалықты сақтап, уақытында режиммен жүріп, ас-ауқатын дұрыс ішіп, тазалықпен жүрген жанға бұл ауру маңайламайды дейді. Солай болсын. Ал қол жумаса, дастарқан басына отырмайтын біздің халыққа бұл қалай келіп жүр. Бұл жағы енді сауал көп, жауап жоқтың кері.

Сақтансаң сақтаймын деген. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткенде телеэкранға шығып, жалпы қазақстандықтарға үндеуін жариялады. Той десе, қу басы домалап жиған-тергенін әулетінің қызығына жұмсайтын ақ көңіл, кең қолтық қазақтың бір осал жері, тойына жоқ дегенде жүзге жуық кісі шақырып, аста-төк ас беріп, ырың-жырың қылатынын бәріміз білеміз. Той болсын, ала қайғыдан, шер-мұңнан Алла сақтасын! Дегенмен де осындай қарбалас сәтте барлығын қоя тұрып, ел ішіне үндемей кірген аса қауіпті аурудан сақтанып, біз болып, сіз болып күресудің жолын іздеу керек.  Әйтпесе апам тойға барады, мен неге қалайын деген принциптен арылып, бір мезетте дәрігерлердің, үкімет басшыларының айтқанын тыңдап, елдің амандығына тілекші болғанға не жетсін!? Қазіргі күні құнсыз дүние бетперденің бағасы шарықтап шыға келді. Бұл «не жоқ болса, сол қат» дегеннің кері. Жалғыз біздің елде ғана емес. Алпауыт атанып иығы сонадайдан көрінетін Британия елінде де бетперде болмай күрделі мәселеге айналып отыр. Бұл аурудың таралу кіндігі күншығыс елінен шығып жатыр дейді. Солай-ақ болсын. Экономикалық жағдайымызды қалыпты ұстау үшін көрші елмен сауда-саттық жасау арқылы елді дамыту кез-келген мемлекеттін басты бағыты. Ойбай шекараны баяғыда жабу керек дейтін саясаттан хабары жоқтар, я болмаса әлгі сарыжағал басылымдардың гөй-гөйіне құлақ түріп, жазғанына үңілетін болсаңыз қарыныңыз ашып, кәдімгідей саяси іріткі салғысы келетін ләмінен білесің. Оу, тоқта, ағайын. Мынадай қиын-қыстау уақытта ала басымыздан, қара қасіретті ел болып бірігіп, бір білекпен біржақты қылайын деудің орнына қағынан жеріген құлан сияқты гөй-гөйлеулері қызық болып тұр. Атам қазақ  «ителгінің қызығына қызсаң, қаршығаңды қамшы етерсің» деп айтады. Есті сөзге тоқтап, мемлекет басшыларының үндеуіне құлақ түріп, дүрегейлердің айтағына ермей қазіргі уақытта той-томалақты қоя тұрып елдің амандығын тілеп, ауру-сырқаудан бойымызды аулақ салып, сабырлық сақтаудың керек екендігін айтқымыз келіп отыр. Сонымен қатар атың өшкір коронавирусқа байланысты мәдени шаралар да қысқартылды. Осының ішінде нәзік жандылардың мерекесі, ұлыстың ұлы күні Әз Наурызымызды да қоғам болып тойлауға болмайтындығы ескертілді. Сынықтан өзгенің бәрі жұғады. Сондықтан сақтанып, сабырлық сақтап жүрейік, ағайын! Әз Наурызымыз берекелі болып, ақ мол, сапарымыз сәтті, қалың қазақтың ырысы аста-төк болсын! Бастысы еліміз аман болсын!

                                                                                 Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.