Әкем жайлы жазсам деп едім…

Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Әрине тарихта өзінің сұрапыл сұмдығымен қалған бұл соғысты ешқашан ұмытпаймыз. Соғыс тек адам шығыны, талайдың көз жасы, талай ғазиз жанның өмірі, миллиондаған адамзаттың қаны судай төгілген сұрапыл екендігін бәріміз білеміз. Біз бақытты ұрпақпыз. Өйткені бейбітшілік аясында, алдыңғы толқын аталарымыздың қажыр-қайратымен, күш-жігерімен Жеңіске жеттік.

Әкем, Елеусіз Смағұлов 1924 жылы 17 қыркүйекте Целиноград ауданы, Оразақ ауылында дүниеге келген, соғыс басталған кезде 17 жасында буыны бекімей жатып, Ақмол қаласындағы атты әскер, шаңғы тебуге сержанттар курсының дайындығына аттанады. Анасы Несіп сол қалада болып, баласына азық апарып, алаңдап жүреді.

Алты ай жаттығудан кейін, 18 жастағы жас жауынгер 1942 жылы әскерге алынып, Өзбекстанда №32 атқыштар полкінде тағы да пысықтаушы жаттығуда болып, бірінші Украина майданында Украинаны, Польшаны азат етуге қатысты. Содан соғыста Берлинге, Беларусь майданына қосылып кіргенде 24 сәуір күні 1945 жылы снаряд ұшқыны тиіп, сан етінен айрылды. Соғыста жүргенде бұдан басқа да үш рет жеңіл жарақат алған.  Содан Саратов әскери госпиталінде жатып, алты айдан соң күзде таяқпен старшина атағыменен елге келді.

Үш жыл Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданның бірінші дәрежелі мүгедегі болса да еңбекке араласып, шаруашылықты басқарудың арнайы курсына барып, оқып білім алып,  зейнеткерлікке шыққанға дейін ұжымжарда (Оразақ ауылында) бригадир, басқарманың орынбасары, бөлімше меңгерушісі болып еңбек етті. Сол кезде ел ертеңі үшін еңбек ете жүріп, ауылдастарынан да көмегін аяған жоқ, барынша қарасты, қолдан келгенін жасады. Бастысы елі сыйлайды, халқы қадірлейді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, ауыл ағасы ретінде жастарға ақыл-кеңесін беріп, жас өскелеңді жақсылыққа қарай тәрбиелеп, имандылыққа үйретуге көп ат салысты.

Еңбегі де бағаланып, екі орден «Қызыл жұлдыз» және «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» (06.04.1985 жылы  КСРО қорғаныс министрі) оннан астам медальмен, атап айтар болсақ «Берлинді жеңіп алғаны үшін», «Ерлік және батылдығы үшін», т.б. мадақтамалармен марапатталды. Бұл медальдар соғыс майданында, бейбіт кезеңде еңбекте көрсетілген ерлік істерінің айғағы.

1995 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың атынан Ұлы Отан соғысы ардагері ретінде қол сағатпен марапатталды. 1997 жылы 11 шілдеде өмірден өтті. Өмірінің жалғасы балаларынан тараған 13 немере, 18 шөберелерінің жүрегінде мәңгілік сақталып, аталарына деген ыстық ықылас, перзенттік махаббаттарының шуағы ешқашан өшпейді. Бір ғасырдың сұмдығын да, зардабын да басынан кешіріп, ел үшін аянбай еңбек еткен жанның ерлігі мен ұлағатты жолы мәңгілік жүрегімізде сақталады.

Көптен ойлап жүрген едім «әкем жайлы жазсам ба» деп, бүгін сәті түсті. Жаның жаннаттық болсын, ардагер әке!

Күлшат Смағұлова,

40 жыл ағартушылық саласына қызмет еткен ұстаз

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.