Штрафбаттағы қазақ қызы…

Интернет желісін қарап отырып, Ресейдің бір ғаламторынан мына бір қызық мақалаға көзім түсіп, көңіл аударып отырып, апыр-ай, өткен жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап, аяғына дейін тұнған сұмдық, қулық, кісікәпір атанған империалистік тар пиғылда өмір сүрген адамдардың жаны сірі болған ғой. Өйткені ғасырдың басынан бастап, аяқ шеніне дейін «құдайсыз үкіметтің» заңы тек қыспақшылық, адами тұрғыны аяқ асты ету мақсатында болған.

Қазіргі күні екінші дүниежүзілік соғыс деп бағалап жүрген екі елдің арасындағы қанды қасапқа ер азаматтар ғана емес, нәзік жандылар да қатысып, фашизмдік құрсауды бұзып шығуға ат салысқан. Соның бірі Ресей сайтынан табылып отырған қазақ қызы Халида Маманова. Өмірбаянын оқып отырып көңілім бұзылды. 1918 жылы дүниеге келген.

Жағым сынса да, сағым сынбасын деген Халида, тәуекел түбі жел қайық, есесің, кетесің деп соғысқа аттанған. Әрине, себепсіз емес. Сталиндік үштіктің тізімінен табылған атасы «халық жауы» болған. Өмір бойы соңынан қалмайтын айыптан арылу үшін Сталинге хат жазып, өзін соғысқа жіберуге, оның ішінде «штрафбат» айыптылар батальонына сұранады.

Ал атасы Маманға келетін болсақ, көзі ашық, көкірегі ояу, сонымен қатар елге жаны ашыған, ағартушылық саласына ұмтылған жан болса керек. Стамбұл, Қазанға қазақ балаларын жіберіп, ілімге, білімге ұмтылдырып, барынша жағдайын жасауға жол ашқан. Сонымен қатар Тәшкент, Бұхарада үлкен сауда үйін ашуға мұрындық болған. Коммунистік партияның саяси қудалау тұсында Мамановтар тегінен 15 адам атылып, 36 адам абақтыға жабылып, жер аударылып «халық жауы» деген айыппен қудаланады.

Осының барлығын көріп, көңіліне түйіп өскен Халида сол кездегі Мәскеуде отырған Сталинге өз атынан хат жазады, «мені өз еркіммен соғысқа халық жауының қызы ретінде жіберіңіз, тіпті айыптылар батальонына түссем де айыбымды өтер едім, бірақ тірі қалған жағдайда «халық жауының тегі» деген атауды туған-туысқандарымнан алып тастасаңыз»,-деп өтініп жазады. Бұл хатты Сталин оқып, рұқсатын береді. Халида штрафбатта әскери өмірін өтеп, соғысқа толыққанды қатысып, Берлинге дейін жетіп, медицина қызметінің капитаны шеніне жоғарылайды. «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен және «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.

Бір қызығы Ресей сайтының ақпараты бойынша әрі қарай Халида Маманова жайлы дерек жоқ. Бейбіт кезеңде қайда болды, қандай мамандық иесі болды, ол жайлы ләм деп ауыз ашпайды. Қорлық өмірден, ерлік өлім артық деген қазақ қызының тағдыры не болды екен? Тайынбай, тайсалмай Отан үшін отқа түскен Әлия, Мәншүк, бертін табылған ұшқыш Хиуаз Доспанбетовалардың қатарынан табылып отырған Халиданың ерлігін оқып отырып, таң қалдым. Қара басының қамы үшін емес, Отанын қорғай жүріп, жатыры бір туыстың қамын ойлағанның өзі үлкен ерлік!  Тұрымтайдың тұсы да артта қалды. Енді Алла соғыс көрсетпесін деймін. Әйтеуір қазақ халқы ержүрек, батыр халық қой.

                                                                    Жеңіс Кәріп

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *