Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер

 

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу міндеті бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне етек алған маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Бұған Елбасымыздың өзі тереңірек мән беріп, «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасы мен өлшенеді» деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр. Әрбір әйел-ана отбасының ұйытқысы. Қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында қабылданған «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы ҚР Президентінің 29 қараша 2005 жылғы Жарлығында «отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтіретін отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне кез-келген қасақана іс-әрекеті отбасындағы зорлық-зомбылық болып танылатыны көрсетілген.

Өкінішке орай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған айғақ отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы әйелдерге сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және жеке тұрғын үй немесе пәтер шегінде жасалған олардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге қатысты істер санының азаймауы.

Мысалы Ақмола облысы Бурабай аудандық сотында 2018 жылы отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер санатында қаралған әкімшілік істер саны 292-іс, оның ішінде 2-іс бойынша құқық бұзушыларға қатысты ескерту жазасы қолданылып, 5-іс бойынша айыппұл жазасы, 10-іс бойынша әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалып, 255-іс бойынша әкімшілік істі құқық бұзушының жәбірленушімен медиациялық тәртіпте татуласуына байланысты қысқарту туралы қаулы шығарылып, 20-іс құқық бұзушының әрекетінде әкімшілік құық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартылған.

Ал, 2019 жылы отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер санатында қаралған әкімшілік істер саны 261-іс, оның ішінде 6-іс бойынша құқық бұзушыларға қатысты ескерту жазасы қолданылып, 18-іс бойынша айыппұл жазасы, 8-іс бойынша әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалып, 219-іс бойынша әкімшілік істі құқық бұзушының жәбірленушімен медиациялық тәртіпте татуласуына байланысты қысқарту туралы қаулы шығарылып, 10-іс құқық бұзушының әрекетінде әкімшілік құық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартылған.

2020 жылдың бастапқы 4 айында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер санатында қаралған әкімшілік істер саны 39-іс, оның ішінде 4-іс бойынша құқық бұзушыларға қатысты ескерту жазасы қолданылып, 3-іс бойынша әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалып, 32-іс бойынша әкімшілік істі құқық бұзушының жәбірленушімен медиациялық тәртіпте татуласуына байланысты қысқарту туралы қаулы шығарылған. Яғни, бұл дегеніңіз жыл өткен сайын отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер санының азаймауын көрсетеді.

Аталған құқық бұзушылықтардың алдын-алуда, олармен күресуде Бурабай аудандық полиция Бөлімінің учаскелік полиция қызметкерлерінің атқаратын ролі ерекше. Тәуліктің кез-келген уақытында түскен хабарлама бойынша құқық бұзушылық орыналған жерге барып жететін де солар. Сол себепті Бурабай ауданының тұрғындары учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмыстарына түсіністікпен қарап, олардың қызметтік міндеттерін атқару барысында оларға кедергі қылмай, өз тұрғыларынан құқық бұзушылықтарға жол бермеулері керек.

 

Ә. Маштаев, Бурабай аудандық сотының судьясы        

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *