Сенім тек сіздерде, ағайын!..

 

Атынан айналайын алаш қайраткері Ахаң жарықтық «Әуелі-газет халықтың көзі һәм құлағы»-деген. Рухы пейіште болсын. Ұлт мүддесі үшін қайран оғлан бабамыз әрі-сәрі топалаң уақытта сталиндік саясаттың құрбаны болып кете барды.

Бір кездері көзі қарақты аталарымыз кітап, журнал-газет оқып, жоғары оқу орнын бітірмесе де, қалам ұстаған жазушы-ақындардың ныспысын біліп, шығармасын талдап, тіпті руына дейін біліп отыратын-ды. Газетте жарық көрген қандай материал болса да ел тұщынып, сүйсініп, оқып, жақсы менен жаманды, күміс пенен алтынды айырып түп-тамырын қаузап, қозғап отырушы еді ғой. Бәрі ақырын қалып келе жатыр. Күпірлік шығар! Қалды деп, айту да қиын. Ауызға оңай. Өзгені білмеймін, өзім миым тынығып тіл сындырар болсам, алдымен апталық айшығы бар газет-журналдарды қолға аламын, сосын кітап рухани азығым.

Жаһандық процесі қарқынды дамып, аяқ алысы ілгерілеп бара жатқан жаңа кезеңнің біз білмейтін сан тарауы, сан қыры, сан түрлі жырым мен жыртығы бар. Жаппай мобильдік құрылымға иек артып, содан керегімізді тауып, содан жоғымызды жоқтап, сол интернетке ойымызға келгенді айтып, жазып, сандырақтап отырғанда баспа тілі һәм аузы уәлі аталарымыздың аузынан шыққан «мөрлі сөз» әдірем қалып бара жатыр.

Ана жылы алты алаштың баласын аузына қаратқан Әуесбайдың Қанатынан сұрадым «түбі газет қалатын шығар?»-деп, мырс етіп күлді. «Осы сұрақты Кембриджде оқып жүргенде, мүйізі қарағайдай, әлемге аты кеңінен танымал, самайы ғылым мен ағарған академикке мен де қойған болатынмын. Бірақ, саясаттың жілігін шағып, майын ішкен академик менің сауалыма: ХХ ғасырдың орта тұсында көгілдір экран пайда бола бастады. Әрине, бәрінде бірдей емес, бірен-саран жандардың төрінде тұрды. Екінің бірінің тамашасы мен тартымы мол экранға қолы жете бермеді. Бертін телевизия толық дами бастағанда қоғамның ойы бірден күрт өзгерді. Бітті. Енді баспаханалар банкротқа ұшырап, газеттің сөзі өтімсіз болып қалады, жаңа процесс күш алды деп, жоқ жоғалған жоқ. Газет-журналдар бұрынғысынан да көптеп шықты. Енді түрлі интернет иірімдері халыққа жол тартты. Әрине ғаламтордың ішінде керегі бар, керек жоғы бар, ұсағы бар, ірісі бар, әйтеуір халықтың миын ашытып, эстетикалық құндылықтарымыздан ажырап жатырмыз. Түбі газет-журналдардың күні туады, сондықтан оның ат төбеліндей оқырманы бар, болашағы күңгірт, ғұмыры қысқа, адымы тұсаулы деп баға беруге болмайды»,-деген болатын.

Расында да, ғаламтор бетінде жаулаған көбік дүние. Сапа жағы аз, көбіне көркемдік эстетикалық құндылықтан гөрі, төрт аяғы мешелденіп, тәрбиеден жұрдай, жұтаңдығы басым ақпарат экранға шықты. Ғаламтор беті сөзқұмарға жақсы болып тұр. Айқай да сонда, құқай да сонда. Ойына не келсе соны ірікпей айта салатын, тіпті кейде адамның төбе шашын тік тұрғызып аза бойыңды қаза қылатын, қасиетіңді жоғалтып, жон арқаңнан ащы тер шығарып, тірідей жерлейтін, бейпіл сөзділердің ордасы болып тұр. Сынықтан өзгені пұл беріп, құн беріп сұрап алатын әумесерлерге таптырмайтын орта болып тұрғаны да жасырын емес. Жарайды өркениеттің орбаздық сипаты бұл. Иірімі ирек интернеттен шаршаған күні газетті іздейміз. Бұл — ақиқат. Бірақ, бүгін емес күндердің күні.

Былтыр аудандық «Бурабай» газеті баршаларыңызға мәлім жүгі орта жолдан ауып тақымы бос шықты, тендерден ұтылып қалып «шықпа жаным, шықпаның» кебін киді. Әй мықтымыз-ау, мыңқ демедік. Ұжымға рақмет, қазақтың үні ғой, елдің үні ертеңгі болашаққа жеткізейік деп, қолды бір сермеп кетіп қалмай тыраштанып жүріп, жазға ілікті. Он екі бет болған басылым екінді мен ақшамның арасында әрі-сәрі болып, ақыры төрт бетке түсіп қалды. Оқырман ағайын жиі қоңырау шалады. Тіпті, бөз бен сөзді айырмайтындар «газет жабылыпты-мыс» деген ақпараттар ел ішіне таратып жіберген. Жоқ, қанша жерден қаржылық қиыншылық көрсек те, басылымның үні іріп шықпасын деп жанталастық. Сөйтіп «өлмегенге міне мамыр, міне жаз» деп осы күнге жетіп отырмыз.

Жарайды өткенге өкпе жоқ, бастысы бір өткелден өттік. Бірақ, «күйінгеннен күйіп кеттім» демекші газетке жазылу мәселесі қинап тұр. Анда-мында қоңырау шалып, есік күзетіп, жайсаңдардың жағдайын сұрап, көмектесіңізші деп отырмыз. Биылғы жылы «Бурабай Су арнасы», «Авиценна-Бурабай» ЖШС, т.б. пост басқарып отырған тілегі бір, жүрегі бір жанашырларға рақмет, қолдап, басылымға көмектесіп жатыр. Ендігі үміт пен сенім ауыл әкімдерінде, мектеп басшыларында…

«Қазақ тілі болашақта халықаралық дәрежеге көтеріледі»,- деді Президентіміз.  Сан ғасыр бойы тепкі менен теперіш көрген тіліміздің күні туар. Қазақ пен қазақ қазақша сөйлесіп, түбі түркіден тарайтын қазақ баласы өз тіліне құрметпен қарар деген менде үкілі үміт бар.

Ардақты ағайын, аудандық басылым «Бурабай» газетіне жазылуға асығыңыздар, жазылу бағасы алты айға-2340 теңге. Теңге тиыннан болса, ынтымақ ұйымнан екендігін бір дәлелдейік. Алла еліміздің жұлдызын жоғары қылсын! Егемендігіміз мәңгілік болсын! Ат төбеліндей оқырманнан хат күтеміз, жазып тұрыңыздар, сіздер үшін есігіміз қашанда ашық. Басылымды қолдайық!

                                                                            Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *