Бурабай ауданы әкімінің Ұлттық Домбыра күніне арналған құттықтауы

Құрметті бурабайлықтар!

Сіздерді халқымыздың бай мұрасы, басты құндылығы, ерекше аспабы домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қасиетті қазақтың даласын сазға бөлеген, тоғыз пернелі, екі шекті халқымыздың қасиетті аспабы ұлттық домбыра күні, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен ресми мереке ретінде тойланып жүр. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші халқымыздың басты байлығы, сан ғасырлық тарихы бар, арғы-бергі бабамыздан бері қарай музыкалық аспап ретінде құндылығын жоймай келе жатқан қасиетті қара домбыраға деген халқымыздың бойындағы ыстық ықыласы мен махаббаты ерекше. Өзіндік үні қайталанбас адам бойына рух беретін, ішкі жан дүниеңді әдемі нұрға бөлейтін домбыраның үніне жетер жер бетінде ешқандай аспап жоқ. Жалпы музыкаға жаны жақын халқымыздың арасынан домбыраны ерекше меңгеріп, күмбірлеген күйімен ел жүрегінде, бай тарихымызда шертпе күйдің шебері болып, есімі тарихта қалған тұлғаларымыз да аз емес. Атап айтар болсақ: Құрмағазы, Тәттімбет, Дина, бертін Нұрғиса, Қаршыға есімді тума таланттарымыз киелі аспап арқылы, ел жүрегінен орын тапты. Ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып, өскелең ұрпаққа рух сыйлайтын киелі де, қасиетті домбырамыз — ұлтымыздың басты құндылығы.

Құндылығымыз артып, ел жүрегінен қоңыр күйімен орын таба білген домбырамыздың қашанда мәртебесі биік болып, әрбір қара шаңырақтың төрінен табылып, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіре берсін!

Отбастарыңыз аман, егеменді еліміздің еңсесі биік болып, бейбітшілік ұйыған кезеңде бақытты өмір сүріп, мәңгілік мұратымыздың тұғыры мықты болып, еліміз жасап, жаңарып, өсіп-өркендей берсін! Ұлттық Домбыра күні құтты болсын, жерлестер!

Әсет Мұздыбаев, Бурабай ауданының әкімі

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *