Жаны жомарт жандар жасай берсін…

Елдегі ахуалды жіпке тізіп айтудың қажеті шамалы. Жағдай белгілі болды. Ел ішіндегі дүрбелең, суыт хабардан шаршадық. Шаршадық деуге болмас, әлем халқының басына түсіп отырған жағдай бұл. Дей тұрғанмен, «ауырсыз жеңіл жоқ» деп түйіндеп, бұл өтпелі кезеңнен де өтерміз деген нық сенім бар. «Бір өліде, бір тіріде сыйласқан ағайынбыз» демекші, осындай қиын-қыстау уақытта жаны жомарт, қолы ашық, жүрегі кең жандардың болғаны да жақсы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы елдігі ахуал жайлы қазақстандықтарға үндеу жариялады. Қазіргі таңда жағдай күрделеніп кеткендігін барлығымыз жақсы білеміз, карантиндік режим қайта орнады. Сонымен, мұндай жағдайда қолы ашық, пейілі кең жомарт жандардың жақсылығын айтып, елмен бөліскенді жөн санадық…

Етек-жеңі кең қазақ даласынан талай жандар шыққаны белгілі. Бірлікті ту етіп халқы жабықса жабығып, қамықса қамығып, бір жағадан бас шығаруды білген сол кездегі тектілік, қазақтың бойында әлі де бар.

Қазіргі күні елдегі осындай қиын уақытта көптің көкейінен шығып, алғысына бөленіп жатқан жандар аз емес. Өзінің обьективтік көзқарасы арқылы, туған елі, қаны бір қандас қазақтың қамы деп екінің бірінің қолынан келе бермейтін игілікті іске белсене араласып, басы-қасында жүрген Айнұр Тұрсынбаева ақынның жақсылығын көпшіліктің есіне салуды жөн көрдік.

Түбі түркінің баласы болып саналатын кіндіктес, рухтас, үндестігі бір Түркиядан тыныс алуға арналған оттекті аппараттарды елге жеткізіп, алты миллион теңгенің шамасында қаражат қарастырып, елге үлкен септігін тигізіп жатқандығы ақынның үлкен ерлігі!

Елім деп еңіреген қазақтың бұрымды арулары бұрын да аз болмаған. Тарихтың ақ парағына үңіліп қарайтын болсақ, бір кездері туған жердің әр тасы үшін қас жауымен алысқан Тұмар ханым, ұлыңды құл, қызыңды күң қылмаймын деп егеулі найзаны қолға алған Бопай ханым, бертін қырық бірдің қылышынан қан саулаған алапат соғысында Отан үшін деп жанын қиған Әлия мен Мәншүк, сексен алтыншы жылы тәуелсіздікті аңсап, қыл бұрау шынжырды үзіп, өздері мерт болған Ләззәт, Сәбира сияқты біртуар жандардың ізін жалғап, нәзік жанды болса да, тәуелсіз елдің әрбір азаматы үшін алаңдап жүрген айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваға  қазақстандықтардың алғыстан басқа айтары жоқ.

Елі үшін аянбай еңбек етіп жатқан жандардың қатары көп болсын. Жақсыға ишарат жасаған халықпыз ғой, Айнұрдай аруларымыздың тілегін тілеп, тілекші болайық. Қазіргі күрделі кезеңнен де шығармыз. Басымыз аман болсын бастысы, ағайын!..

                                                                    Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *