Көлге түсу толастамай тұр…

 

Айтып-айтпай не керек, мына вирустың қай тұстан ұрынатынын ешкім нақты дәлелдеп айта алмайды. Құдай өзі сақтасын! Күннен-күнге аты жаман ауру асқынып барады. Қазіргі таңдағы халықтың енжарлығының кесірінен ел ішіне тараған ауруға қарамастан, жұрт жасырын түрде той-томалағын, дұға асын беріп жатыр.  Беріп жатыр деп…отырмыз.

Оның үстіне халық көп шоғырланбасын деп айтқанымен шілде айының ыстығы да дөп келді. Халық соңғы екі жылда дәл мұндай демалуға қолайлы ыстық көрген жоқ. Ал келіп жаппай көлге түсіп, күнге қыздырынып жатыр.

Ауданымыздан құрылған мобильді топ, Бурабайдың айналасындағы көлдерге шолу жасады.  «Қазаны басқаның, қайғысы басқа» дегеннің керімі. Қайда барсаңыз да көл жиегінде жатып, демалып жатқан халықтың шоғыры қалың. Біздегілер көлмен естері шығып жатса, оңтүстіктегі ағайын ауласының ішінен аңғар ашып алып, соған тойы мен томалағын жасап әлек.

Жай былай ұзынқұлақтан естуімізше халықтың әлі де пейілі бері қарамай тұр. Өйткені Үкімет басшылары ескертіп дабыл қағып, жергілікті әкімдерге тапсырма жүктеп жатқанымен, жаназа асы беріліп жатқан көрінеді. Ойпырмай жасы жүзге жақындап қалып еді… аманаты, т.б., таусылмайтын сөзуарлықтың кесірі, былайғы жай адамға тиіп жатқандығында ешкімнің шаруасы.

Өткенде осы ауданымызға қарасты ауылдағы елге қадірлі жасы жүзге аяқ басқан абыз қария бақилық болды. Балаларына шегелеп тұрып тапсырыпты. «Айналайындар, мына қысылтаяң кезеңде жаназа асымды беріп, елді түгел ауруға ұшыратып алмаңдар»,-деп. Міне ақыл. Қарияға тән қасиет пен  дала перзентіне тән мінез құрыштан құйған құдірет иесінің елін ойлаған абзалдылығы.

Өткен аптада Ақмола облысы Туризм басқармасымен жергілікті әкімдіктің мұрындық болуымен көлдерді аралады. Қайда барсаңыз да туристер. Емін-еркін, жағалары жайлау. Біраз адамдарға ескерту жасалды. Дейтұрғанмен, «елді тентек бұзар» демекші, басы ауырып, балтыры сыздамағандар, біраз өкпелерін айтып, ортаға салып жатыр.

Ау, ағайын, Бурабайдың сексен көлі қашанда халықтың көлі болып қалады. Әлдебір әумесер ыдысына құйып, қотарып алып кетпес, себебі оның жаратушысы Алла болса, иеленіп, қызығын көретін халық. Ал бірақ ел ішінен дендеп кірген дерттің тым асқынып белең алуына жол бермей, уақытша карантиндік режимді қатаң бақылап, бір-бірімізді сабырлылыққа шақырып, елдің амандығын көбірек ойлау керек. Себебі дерт асқынып барады. Жақыныңызға жанашыр болып, қолдан келген көмегіңіз сол болсын, көп шоғырланып жиналудың қажеті жоқ. Ел аман болса, жоқ-жітіктің орны толар деген сенімде болайық!..

Р.S. Бұл кезеңнен өтерміз. Қазақ айтады: «Құт қонған елде, Қыдыр қыдырып жүреді» деп. «Ынтымақ елді оздырар, тентектік елді тоздырар»- деген. Ынтымақ пен бірлігімізді жарастырып, басымызға түскен аздаған сын-сағатта бір-біріміздің ақылымызды тыңдап, ертеңгі күнімізді қамдайық. Бұл бүгінгі уақыттың талабы екендігін ұмытпайық, ағайын!..

                                                          

Жеңіс Оспанов    

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *