Имандылықтың бастауы бірлікте

Сонымен күннен – күнге арамыздан кетіп бара жатқан коронавирус ауруы ел ішінде саябырсыған сияқты. Дейді солай! Солай болсыншы. Талай адамның өмірін жалмаған, ауру тіпті белең алып кеткендігі сонша жақсы менен жайсаңның ғұмырын жалмады. Мұндай сәтте, сонау тектілікті бойына жинап, қашан көрсеңіз ұлттың ұйтқысы бола білетін басбілгі азаматтар қол қусырып қарап отырмады. Халқым деп қамығып, жұртым деп жабығып елдің амандығы үшін барын салды.  Жергілікті белсенділер құрғақ сөзден, көлеңкеде жатып көлгірсуден бойларын аулақ салып, ел үшін, елдің амандығы үшін тыныс алу аппараттарын елге жеткізіп, халқымен бірге екендігін көрсете білді. Шынашақтай ғана айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева шырылдағанда барлық қазағы риза болған шығар. Қолынан келген көмегін аямай «әр қазақ, менің жалғызым» деп жанұшырды. Алла разы болсын, ісіне береке берсін дейміз. Бұдан басқа қошемет, ізет, құрмет, жылы лебіз, жүректен шыққан мейірімді сөз мына пәленің бас –аяғы біткен соң һәм толыққанды аяқталған соң, айтыла жатар. Қасиетті құран кәрімде мынандай сөз бар екен «мұсылман баласы тар кезеңде, бір-біріне көмек қылмаса, оның оқыған намазы мен ұстаған оразасы қабыл болмайды»-деген. Аллаға шүкір, Көкшетау қаласындағы Науан Хазірет атындағы мешітін ұйымдастыруымен ауырып дертіне шипа іздеп жатқан жандарға өңір бойынша тыныс алу аппаратын жеткізіп жатқандығынан барлық көзі қарақты, көзі ашық, көкірегі ояу иісі алаштың баласы хабардар. Атымтай жомарт, пейілі кең, жүзінен нұры, тілінен имандылықтың шырыны тамған иманды азаматтардың бұл ісіне шын көңілмен алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Өткен аптада қасиетті жұма күні ауданымыздағы ауруханаларға облыстық мешіт имамдарының ұйтқы болуымен «Көкше» сауықтыру орталығына, «Авицена –Бурабай» ЖШС, Бурабай кентіндегі «Балаларды сауықтыру орталығы» барлық 19 тыныс алу аппараты жеткізілді. Имандылық жолында жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ел үшін жасап жатқан еңбектеріңізге береке берсін дейміз.

                                                                «Бурабай-ақпарат»

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.