Гүлденсе қаламыз, еліміздің мәртебесі…

Щучинск қаласының әкімімен жүздесіп, қаламыздың ертеңгі тіршілігі жайында әңгіме өрбітіп сұхбаттасып шықтық. Қаламыздың бүгінгі тыныс-тіршілігі, ертеңгі жоспары жайлы қала әкімі Ерлан Қаппасов кеңінен әңгімеледі.

 Тілші: Тоқсан жолдың торабында жатқан Щучинск қаласының тыныс-тіршілігін сырт көзбен қарағанда талай келімді-кетімді кісіге толы екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Алдағы қаланың инфрақұрылымы жайлы кеңінен әңгімелеп өтсеңіз

 Әкім Ерлан Қаппасов:-Иә, сырт көз сыншы, қазіргі таңда әлеуметтік желіде негативтік сын ескертпелер көп жазылып жатыр. Таңның атысынан, күннің батысына шейін дамыл таппаймыз. Курорттық аймақ. Келетін, кететін адамның легі қалың. Сырттан келген адам алдымен қаланың соғып тұрған тамырына үңіледі. Тамыр қағысы қалай деп, барынша қолдан келген көмекті жасап жатырмыз. Орталық саябақ, қала көшелерін түзетіп, жарықтандыруды назарымызға алып ұстап отырмыз.

 Тілші:Қала көшелері дегеннен шығады, соңғы кезде әлеуметтік желіде қаланың қоқысы жайлы халық тарапынан көптеген сындар айтылып кетті. Қоқыс тысқа тасымалданбай жатыр деген, осы жөнінде кеңірек айтып өтсеңіз?

 Әкім Ерлан Қаппасов:- Бүгінгі күні, Щучинск қаласынан тысқа шығатын қоқыс қалдығын төгетін арнайы орын жабылып тұр. Бұл биылғы жылы ғана емес осыдан бес жыл бұрын,экологияға кері әсерін тигізеді деген соң, ақырындап жауып жатырмыз. Алдағы кезеңде, ауданымызға қарасты жақын ауылдың маңайынан арнайы қоқыс төгетін полигон ашамыз деген жоспарымыз бар. Осы ауданға қарасты бірқатар курорттық картадан табылатын ауылдардан қоқыс қалдығың соған тасымалдайды. Әзірге халық тарапынан түсіп жатқан, шағым-ұсыныстарға байланысты уақытша полигонға қоқыстарды төгіп жатырмыз. Егер жаңағы белгіленген орыннан полигон аймағы ашылатын болса, мұндай мәселелер болмайды.

  Тілші: Щучинск қаласының орталығы саябағы. Жай ел аузынан естуімізше түрлі хауыздар, көңіл көтеретін орындар ашылады дейді. Осыны кеңірек айтып өтсеңіз?

 Әкім Ерлан Қаппасов:- Орталық саябақтан көңіл көтеретін ойын-сауық ашпаймыз. Себебі бұның тарихы тереңде жатыр. Қай діни сенімде болса да, тым шектен шыққан қатыгез болмаса, бізді түсінуге тиіс. Орталық саябақта зират бар. Совет Үкіметін құруға ат салысқан белгілі адамның соның қасындағы революция  жауынгерлерінің мүрделері жерленген. Бұл тарихи факті ретінде айқын. Жалпы тұрғындардың демалып, таза ауамен тыныс алатындай қылып, барымен базар қылып көрікті, көңілді алаңға айналдырамыз.

 Тілші: Щучинск қаласындағы Капай ықшамауданының құрылымдық жүйесі жайлы айта кетсеңіз, ол жақтағы тұрғындардың көкейтесті мәселесі алдымен жол, жолдары қашан, қай жылы жоспарға еніп отыр?

Әкім Ерлан Қаппасов: Капай ықшамауданының жолы жайлы біз жақсы білеміз. Әлеуметтік желіде көбіне сол ауданның жолы жайлы жиі талқыланады. Қорыта айтатын болсақ, биылғы жылы Щучинск қаласында жеті көше күрделі жөндеуден, қалған он төрт көшенің жолы жамалып, бүтінделді, жалпақ тілмен айтқанда жиырма бір көшені қалыпқа келтірдік. Ал енді Капай ықшамауданының көшесін тегістеп, түзеу ол уақыт еншісінде алдағы жылдары толыққанды түзейміз деген жоспарымызда бар.

 Тілші: Қыстың көзі қырауда. Былтырғы жылы қар біз ойлағаннан да, мөлшерінен тыс көп жауды. Көшелерде тротуарларға шейін тау-тау қар үйілді. Арнайы жауапты мекемелер үлгере алмай жатты. Биылғы қысқа дайындығы жайында айтып өтсеңіз?

Ерлан Қаппасов: Былтырғы жылы, расында да қар мөлшерінен өте көп жауды. Орта есеппен емес, нақты цифрге сүйенетін болсақ жүз жиырма мың куб қарды тысқа шығарыппыз. Жергілікті кәсіпкерлер, жауапты мекемелер бар, барлығы жұмыла көтерген жүк жеңілмен қарбалас сәтте иық тіресіп қызмет атқарды (оларға шын ниетіммен рақмет айтамын). Ал енді биылғы жылы республика бойынша тұңғыш рет біздің қаламыздан арнайы мекеме ашылмақ, бұған техникаға және оның жасау-жабдығына жүз жиырма сегіз миллион қаржы бөлініп отыр. Аудан тарапынан алпыс сегіз миллион, қалалық әкімшіліктен алпыс миллион қаражат қарастырды. Енді жалпы қаламыз бойынша қыста ешқандай мәселе туындамауы мүмкін. Дегенменде бұл шаруа қолға алынып, жүйелі түрде іске асатын болса, қолымыздың ұзарғаны деп білеміз.

 Тілші: Жалпы әкім болып қызмет атқарудың өзіндік қиындығы бар, осы қиындығы жайлы өз ойыңызды ортаға салсаңыз?

Ерлан Қаппасов: Дұрыс айтасыз, меніңше әкім ол халықтың қызметшісі. Қарабайыр, қарапайым тілмен ағайын-жұртқа жеткізетін болсақ, барлық мекемелерде  «завхоз» деген мамандық бар. Ол мекеменің барлық бүге-шігесіне шейін жауапты шаруашылық меңгеруішісінің мойынында. Жарығы жанбай қалса да, ауласының алдының қары тазаланбай қалса т. б шаруалар сол адамның мойынына жүктелген. Менің мойынымда тұтас қырық сегіз мың тұрғыны бар халықтың жауапгершілігі артылған. Бәріне бірдей әкімшіліктің үш-төрт адамымен жауап бере алмайсың, таң бозынан тұрып, атқа қонатын кезіміз болады. Көше тазалығы, қоқысты тысқа шығару, жол т.б күнделікті көпшіліктің мүддесінің кем-кетігін толтыру. Әрине, ауызға оңай, бұның барлығы, сондықтан да тұрғындар тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымның барлығына дерлік жауап беріп, айтылған ұсыныстарды орындауға тырысамыз.

 Тілші: Қазіргі күні қырық сегіз мың тұрғыны бар қаланың барлығы баспанамен қамтамасыз болды ма, бұл сауал жалғыз біздің ауданда ғана емес, республика бойынша кеңінен талқыланатын ортақ мәселе. Алдағы уақытта үйлер салына ма?

 Ерлан Қаппасов: Бұл сауалға қысқаша ғана жауап берейін. Үйлер салынады. Бұл жоспарда бар. Бәрі уақыт еншісінде.

Тілші: Капай ықшамауданының  көшелерін жөндейтін болсаңыздар, алдымен қандай көшеден бастайсыздар?

Ерлан Қаппасов: Аталмыш аудандағы ең өзекті көше ол, Маяковский мен Паровозный көшесі. Сол көшенің тұрғындарынан жиі өтініш хаттар түседі. Сол көшелер нысанада тұр.

 Тілші: Бұрын әкім болып қызмет атқардыңыз ба?

Ерлан Қаппасов: Әкім болып алғашқы рет қызмет атқарып жатырмын. Бұған шейін облыс, Жақсы ауданында жауапты қызмет атқардым. Мен қара басымнан гөрі, халыққа адал әрі сенімді қызмет атқарғанымды дұрыс деп санаймын. Әу бастан бойыма  сіңген қасиеттін бірі осы. Сондықтан өзімнен гөрі халықтың мүддесі қымбат. Қай салада жүрсемде ел алдында мәртебем биік болса екен деймін. Сонымен қатар курорттық аймақ болып табылып отырған қаламыз өсіп-өркендесе, жетілсе, жан-жақтан келетін туристер бар тағы басқа меймандарымыз бар, өсіп-өркендеген қаланың сыртқы ішкі келбетіне сүйсініп қараса, менің ол мәртебем деп білемін.

Ерлан Темірханұлы қызметіңізге табыс тілеймін. Данышпан халқымызда керемет нақыл бар «әкім бол, әкім болсаң, халқына жақын бол» деген. Халқыңыз еңбегіңізді бағалап, биік сатылардан көрініп алғысқа бөлене беріңіз. Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет.

 Сізге де рақмет, шығармашылық табыс тілеймін!

                                                                    Сұхбатты жүргізген Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.