ДӘРІГЕР ХАМЗИН…

 «Егер ісім өнсін десең, ретін тап»

Абайдың отыз жетінші қара сөзі

 

Жетпісте жер таянар дейді. Құдай-ау, тоқтай тұрыңыз. Бұл жетпіске аяқ бастым деп таяқ ұстанып, шәлжиіп, шай ішіп, қалған ғұмырымда істеген еңбегімнің зейнетін көрейін деп жатса ше? Сонда ұлы Гиппократтың алдында берген анты қайда қалады? Ел ішіне ендеп кірген мына тілсіздің беталысы жаман, алып ұрып, шалып жығып жатыр. Қарсы дәрмен қылар әріптестерін көрді кеше, сүрініп, қабынып шаршап, шалдығып жүр, әйтеуір елді аман сақтап қалсақ дейтін көкіректерінде сәулелі үміт бар, тек сол үміттері алдамасын деңіз. Көгілдір экранды қоссаңыз да, жағасына кір түспейтіндердің де бәрінің аузында бір ғана сөз «коронавирус» індеті. Мұншалықты ауыздықсыз кеткен аурудың алшаңдығына ызасы келді. Құрғақ сөз, бітпейтін ұран, мылжың миды езген мырың әңгімені қоя тұрып бір жолын табу керек. Бәлкім…

Іші ала құйынданып, санасына сан сауал жылт етті. Оң жағында отырған періштесі күбір еткендей болды: -Хамидолла иә, қалың елің қазағың дертке шалдығып жатқанда сенің бұл ойың құптарлық,-дейді. — Әй!- дейді, сол жағындағы белгісіз құбылыс, алпыстан астың, жетпіске аяқ бастың, деміңді ал, басқалар істесін, дәрігер жетпей жатса, өз обалдары өзіне һім… қайтеді ей?-деп сол құлағына сыбырлайды. Оң жағындағы биязы, ұяң үнде күмбірлейді, халқың ғой, сен ғұмыр бойы қара басыңнан гөрі алдыңа келген пациенттің өмірін бірінші санатқа қойдың, сол үшін тіпті жанталастың, талай адамды ажал құрығынан арашалап, дем беріп алып қалып, өмір сыйладың. Осы бір қысылтаяң тұста халқыңмен бол!-деп сыбырлайды. Сол жағындағы демігіп, бұл пәленің не екенін өзің білесің, жер ортасына келгенде қойшы-ей өзің білерсің, байқа Ахметжарович! Байқа,-деп сылқылдап сыбырлайды.

Санасы санға бөлінді. Зейнеткермін деп шәлжиіп жатып алса, ешкім бұны қыстап, қыспаққа алып, желкесінен төмпештеп сүйреп шықпас, бірақ періштесі халқыңмен бірге бол деп күбірлеп тұр. Жүрегімді тыңдайын. Ажал деген жас таңдамас, үйде отырса да ауада қалықтап жүрген сол тілсіз вирусың күндердің күні… Алла сақтасын! Санасына кірген ауыр ойдан арылып, есін жиып жан-жағына қарады. Дүние тамылжып, әдемі реңге түсіп, маужырап тұр екен. Таңғы көрініс. Жер үйде тұрғандығы мұң болды. Көпқабатты пәтерде еңсең езіліп, жүйкең жұқарады, мына аздап болса да қимылдап шаруа күйіттейсің. Көгілдір Көкшенің басы да ақ бұлтқа оранып, ойға батқан есті келіншектей алыстан бұлдырлайды. Жылжып жылдар өтіп барады. Шіркін өмір-ай! Өмір деген тезек тастап, тас қуалап, қаша жөнелетін түлкі сияқты бұлаңдаған. Міне кеше ғана Қарағанды медицина институтының қабырғасында жүрген студент, бүгінде ел ағасы жасынан асып жетпіске аяқ басты. Шіркін-ай, таңғы ауаның тазалығын-ай! Көкірек кере дем алып, тағы ой құшағына еніп кеткені.  Баяғыда, Қызылту ауданында істеп жүргенде ғой. Асқазанда асқынып кеткен жарасы бар, жас шамасы отызға аяқ басқан жігіт пен ғасырдың сүргінін көрген  алпыстан асқан қария жатты. Ота жасатамыз деп. Жас жігіт жиі күрсінеді. Бұл бөлмеге кірген сайын көкірек тұсы удай ашып: Хамидолла Ахметжарович мен әлі өмір сүргім келеді,-деп көзі боталайды. Қария «Өмір-ай, пәшістің қаңғырған оғынан өлмеген, оғлан басым ота жасағыштардың кездігінен кете ме, гөй-гөйлейді. Апта жатып, тиісті ем-домын алып, ота үстеліне салып екеуі де айығып шықты. Жас албырт, аңғал жігіттің өмірге деген сүйіспеншілігін сонда көрді. Қайта-қайта дәрігерлер қауымының қолын қысып, алғысын айтып, аттанып еді. Сол жігіт артынан естісе, аяқ астынан ат теуіп, содан тіл тартпай кетіпті. Қария болса ажалдыға араша болған сендерден айналайын деп, рухтанып таяғын тықылдатып рақметін айтып, батасын беріп, шапаның желбегей жамылып аһ жаратқан Алла-ай!-деп аттанып еді ғой.

Шіркін ол да бір есте қаларлық кезең екен ғой. Таңғы шайын ішіп, жұмысына келді. «Авиценна-Бурабай» серіктестігінің іші бейнебір төңкеріс, ұлы сүргін, қанды қасап болып жатқандай. Мұндағы дәрігерлер айлап үйлеріне бара алмай жүр. Қаптаған ауру. Әлемді шарлаған дерт, ат төбеліндей қазақтың басына келіп, батпандап нықтап отырып алған сияқты. — Ахметжарович-дейді терапевт жігіт. Күніне он адамнан артық науқас түседі. Өкпеден алып жатыр. Сары су жиналып қалады да, тыныс алу жолдары бекітіліп ауырлайды, жасанды аппарат беріп тыныс беріп амалдап отырмыз. Қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз деп уһілейді. Бас дәрігердің орынбасары астыңғы ернін тістелеп, мына түрімізбен аз ғана қазақтың барлығы тырапай аспаса, өзге ұлт өкілі аз, біздің қазақ қана жаназа, той-томалақ, ырың-жырың деп көбейтіп алды деп күрсінеді. Қолдан келер дәрмені қайсы? Аурухана дәлізінің ішіне ақ матадан тартып тастапты. Ауа жетпей деміккендерді кеуде сырылы… аралап шықты. Медицина саласында қанша жылдан бері еңбек етіп жүріп, дәл мұндай сұмдық беретін көріністі көрмепті, тәжірибелі дәрігер ретінде талай практикадан өткен еді. Бірақ дәл мұндай емес…

Жансақтау бөліміне кіріп еді. Қараторы қалың қабақты әріптесінің реңінен шаршағандық белгісі көрініп тұр. Көзінің асты көгеріп, жүзі жабыққан. Не болып кетті Ахметжарович,-дейді. Өзіңізді байқаңызшы, мына пәле ауру алпыстан асқандарды қалпақпен ұрғандай қылып көгендеп жатыр. Байқаңызшы Ахметжарович!-деп жанашырлық рең танытты. Тағы сол жағынан күбір ете түсті: — Оу, Ахметжарович, айттым ғой, қайтесің, барлығы түгел тып-типыл болса да ауыра берсін, ауырсын деп. Жоқ дейді оң жақтағы періштесі халықпен халық бол. Сен ғұмыр бойы антыңа адал болдың, кесе көлденең ешкімнің алдынан өтпедің, жас кезіңнен тәжірибелі адамсың, ем-деміңді ел біледі. Қиын жағдайда халқыңның қамын ойла, қысқа жібі күрмеуге, ұзын жібі жөрмеуге келмей жатыр деп сыбырлайды. Аурухана ішін аралап шықты. Барлық бөлмелердің ішінде ауыр науқастар. Өмір үшін арпалыс. Өкпе қабынған, дене қызуы түспей жатқан жандар. Апырым-ай, бұрын-соңды болмаған ұлы сүргін ғой мынау. Тілсіз жау деп күбір ете түсті.

Кешкі жұмыс уақытын аяқтап, үйіне бет алды. Екі шекесі солқылдап, тынысы тарылып, жүрек тұсы удай ашыды. Көзінің алды қарауытып есіктен кірді. Апыр-ай, түр-түсін келмей тұр ғой,-дейді бәйбішесі алаңдап. Тіл қатпады. Бар айтқаны уайымдама-а, -деп күбір ете түсіп, бірер кесе шай ішіп, білегіне укол салды. Кәрілік емес, сірә, көпке келген ұлы той бұған талып, талықсып, жылмия күліп жеткен білем. Қой-ей, әлі қайда, болмашы бір тұмау-сұмау болар. Бірақ!..

Айттым ғой,-дейді сол жағындағы жүрген болмашы, әзәзіл бейнесі, алыстан көмескіленіп, танау астынан міңгірлеп, халқым деп аурудың ортасында жүрдің, сол халқың қамыңды ойлағаны қане, біттің, таусылдың, енді осы аурудың тұтқыны боласың дей ме, дейді санасында сақылдап.

— Жоқ, -дейді оң жағында жүрген ақ періштесі, Ахметжарұлы, сен сонау Қарағандыдан білім алып, ақ халат киіп, абзал жан атанғалы шипалы қолың талай дертке ем болды. Алланың саған берген нығметі, ақ жүрегіне сыйлаған мейірімі қай қиырда жүрсең де жүрек түбіндегі жалғыз тамшы мейіріміңді көппен бөлістің. Ата-анаң берген тәлім ғұмыр бойы жан-жағыңа ақыл дәні қылып егіп келесің, міне шөбере сүйіп отырсың, ұлың Жасұлан шаңырақ иесі, қызың Әсел де қияда. Шарапат екеуің солардың бақытын тілеп жүргеннің өзі ғанибет емес пе? Дұрыс, дұрысы сол…

Ел ішіне кірген мына тентек аурудың аяғын қия бастырмаймын деп білек сыбана кірістің. Мейірімге шөлдеп отырған елге қанатыңмен су тасыған қарлығаштың қарекетіндей ғажап сауапты іс атқарып отырсың. Мінезге байсың ғой, Хамидолла. Әлі-ақ сауығасың ертең балыққа барып, туған күніңе әкелген желқайықтың үстінде майда толқынды тамашалап жүріп, балық аулайсың, бұл болмашы нәрсе, қамықпа, үгілме, бүгілме, қайраттанып, алға көз тік, көңіл дүрбіңді салшы қанекей дейді.

Дене қызуы көтеріліп, өкпесі сырылдап уһіледі. Су ішті. Жеміске тәбеті тартып көзі қарауытты. Апыр-ай, шынымен желкемнен алды ма, санасындағы сан сауал миын тескілеп жатқандай.  Жоқ. Мен бақыттымын! Бақыт базары осы, ақыры аяқталды. Жетпістің көк желкесіне шыға бере мұрттай ұшады ма? Ойы онға бөлініп, санға сан тарауды қуалаған бұлақ көзіндей ой тұтқынына айналды. Өмір өтіп барады. Зырылдап. 1950 жылы қаңтар айының жиырма жетінші жұлдызы күні тоқсан жолдың торабына айналған ІІ Көкшетау станциясында Ахметжардың отбасында дүние келіпті. Әкесә мен анасы Әмина екеуі үкінің баласындай үлпілдетіп өсірді. Үлкен шаңырақта інісі Қуандық отыр. Жас кезінен сүбесіне құйған ұлы сөз санасында осы күнге дейін жатталып ғұмырлық қағидасына айналды. Балам деген әкесі «өмірде ұят сызығын аттап кетпе, Абай абыз айтқан «дүниеде жалғыз қалған адамның өлгені» деп, дүр дүниеде қызық қуып я болмаса серілік құрып адаспа, ақылға сал, сабырлық қыл, сонда ғана мақсатыңа жетесің. Елмен ел, ағайынмен ағайын, халықпен халық бол!»-дегені әлі күнге есінде. Сол сөзді өмірлік ұстаным қылып әсте есінен де, санасындағы жүрек түкпірінен де өшірген жоқ.

Тағы да жұмысына барды. Аурухана іші абыр-сабыр. Өлім мен өмірдің арпалысы. Дүние көшін салып біреулер кетіп жатыр. Перзентхана жақтан іңгәлап жылаған сәби үні талықсып естіледі. Біреу жарық дүниеге келіп жылап жатса, біреу жалған өмірдің қамшы сабындай шолақ екендігіне кейіп кетіп жатыр. Дүние — жалған! Ахметжарович, түсіңіз келмей тұр,-дейді әріптестері. Жылы жымиды. Ішіндегісін айтқысы келмеді. Болмашы ауру ғой. Болмашы. Ескі ауруым,-деп жасырды. Байқаңызшы, аға, -деп бас дәрігердің орынбасары күдіктене қарады. — Қорықпа інім. Алаңдама,- деп жұмысына кірісті. Дене қызуы көтеріліп үйіне бет алды. Қанша жылдан бері сыртқы келбеті ауыспайтын бір сарынды тіршілік. Шіркін-ай, Айнакөлге я болмаса Ақылбай көліне барып жайланып жатып балық ауласа дейді көңіл шіркін қуаттанып, қиялы биікке самғай жөнелгені. Былтыр туған күніне әкелген қайықты қызықтап тамашалаған, көктем шықсын, күн ұзарсын, балық аулап мына қайықпен сәруар самалға бір желпінейін деп күн санады. Еһ өмір-ай!.. Сөйтсе…

Жедел жәрдем келгенде сұлқ қалды. Жансақтау бөлмесі. Тынысы тарылып екі шекесі солқылдап жатыр. Осы жерде қызмет істегенде талай адамның жанын арашалап қалған жан еді. Енді өзі түсті. Ахметажаровичтің жағдайы қалай?-дейді әріптестері. Күннен-күнге айтарлықтай емес…

Жылт етіп өте шыққан өткінші ғұмыр. Артында халқына сіңірген еңбегі қалып барады. Өтеусіз еңбек. Талай игі жақсымен дәмдес, тұздас болған адамның жаны пейіш төрінде болар. Еһ өмір-ай!

Хамидолла Ахметжарұлы Хамзинді осы аудан жақсы біледі. Ауданды былай қойып республикалық шипажай орталығында да қызмет атқарды. Қызылту ауданында еңбек етті. Екі перзент өсіріп, олардан немере, шөбере көрді. Құдай қосқан қосағы Шарапат та ақ халатты абзал жан, еңбек демалысында. Жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы, табанының бүрі бар азамат жайлы жазсаңыз деп өтінішпен келген бажасы Жұмағат ағаның құсни тілегі бұл. «Бурабай-Авиценна» серіктестігінің дәрігерлері де әріптес ағалары жайлы пайымды пікірде. Өз ісінің кәсіби маманы еді дейді. Жаратқанға да жақсы керек деген тәмсіл бар. Жұмағат аға айтады «Бейбіт кезеңнің батырына, Котовский көшесінің атауын берсе «Доктор Хамзин көшесі» деп өтінеді. Себебі ұзақ жыл осы көшеде тұрды. Өмірінің соңы ауруханада өткен ғазиз жанды сонда ұрпағы сабақтастырып, келешекке үлгі болар еді дейді әріптестері мен Жұмағат аға. Бұл енді уақыт еншісінде… Хамидолла Ахметжарұлы жиырма бірінші ғасырдың, жиырмасыншы жылы болған әлемді шарлаған  коронавирус дертімен күрескен дәрігердің бірі. Ел есінде қалуы заңдылық. Азаматты елі ұмытпайды… Өйткені ол жиырмасыншы жылдың һәм бейбіт кезеңнің батыры доктор Хамзин!..

                                                                          Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.