Өтініш «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының құралы ретінде

 Ел Президенті Қ.К. Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей «сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі.., ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болып саналады….»

«Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтініш, шағым, сұрау, үндеу, ұсыныс, мемлекетке жүгіну нысаны және онымен диалогтың басталуы болып табылады.

Егер жеке немесе заңды тұлға өзінің құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға жәрдем көрсетуді сұраса, не ол заңның бұзылуына куә болса, не оның өтінішін қарайтын мемлекеттік қызметшілердің жұмысына наразылығы мен сыны болса, ол сол немесе өзге мемлекеттік органға не осы органның басшысына «Арызбен» жүгіне алады.

Мемлекеттік органның не мемлекет жүз пайыз қатысатын ұйымның лауазымды адамы жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүдделерін, құқықтары мен бостандықтарын бұзған жағдайда, ол бұзылған мүдделерді, құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіру үшін жоғары тұрған лауазымды адамға немесе ведомствоға «Шағым» жасауға құқылы.

Жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызықтыратын мәселелер бойынша ақпарат алу қажет болған жағдайда жеке және заңды тұлғалар тиісті мемлекеттік органға «Сауал» жүгінуге құқылы.

Егер адам мемлекет жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатқа, сондай-ақ қоғамдық сипаттағы оқиғалар мен құбылыстарға өзінің көзқарасын білдіргісі келсе, ол мүдделі мемлекеттік органға олардың атына «Үн қосу» арқылы жүгіне алады.

Заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру, мемлекеттік органдардың қызметі, қоғамдық қатынастарды дамыту, мемлекет пен қоғам қызметінің әлеуметтік-экономикалық және өзге де салаларын жақсарту жөніндегі ұсынымдар болған кезде жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік органдарға «Ұсыныспен» жүгіне алады.

Мемлекеттік органдарға жазбаша, ауызша (телефон арқылы немесе жеке қабылдауда), электрондық үкімет порталы арқылы (www.egov.kz), не бейнеөтініш (бейнеконференцбайланыс) құралдары бойынша жүгінуге болады.

Өтініште жүгінген адамның деректері (жеке тұлға — аты — жөні, ЖСН, кері почталық мекен-жайы, қалауы бойынша байланыс телефоны, заңды тұлға-оның атауы, БСН, кері почталық мекен-жайы) көрсетілуге және жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі қол қоюға тиіс.

Сондай-ақ, өтініште оның авторының дәлелдері болуы тиіс (не талап етеді, қандай құқықтарды іске асырғысы келеді не немен келіспейді, қандай органның немесе лауазымды адамның әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалады және т.б.).

Мемлекеттік органның өтінішті қарауы күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс, ал егер ол бойынша тексеру жүргізу немесе тиісті ақпарат алу қажет болса, қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.

Бұл ретте өтінішті қарау мерзімі оның мемлекеттік органға келіп түскен күнінен бастап есептеледі.

Өтініште баяндалған мән-жайларға қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған ерекше жағдайларда оны қарау мерзімі,  ол туралы өтініш авторын міндетті түрде хабардар ете отырып, оны күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының кейбір заңдарында өтініштерді қараудың өзге де мерзімдері белгіленетініне назар аударған жөн.

Мысалы, Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 43-бабының 3-бөлігіне сәйкес жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі ол келіп түскен сәттен бастап он бес жұмыс күніне дейін құрайды.

Адвокаттық сауал «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес он жұмыс күні ішінде қаралады.

Құрметті азаматтар, егер Сіз мемлекеттік органның Сіздің өтінішіңізді қабылдаудан және тіркеуден бас тартуына немесе оны қарау мерзімдері бұзылуына тап болсаңыз, Сіз Ақмола облысы бойынша Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Басқармасына 8-7162-76-19-62, 8-7162-76-19-10 телефондары бойынша хабарласа аласыз.

 

С. Жұмақаев, Ақмола облысы бойынша ҚР БП Құқықтық статистика және

арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті басқармасының аға прокуроры

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.