Дала даланың данагөй демократиясы

Шыны керек, Тұранның тарланы екеніміз тарих таңбасынан да, генофонд түрғысынан да, руханияттың рухымен де дәлелденіп, осы сайын сахараны біздің ата тектеріміз: сақ, сармат, ғұн, көктүркілер бертін келе қимақ, қыпшақ, қарахандар және тағы басқа көптеген тайпалық одақтан ұлы держава деңгейіне көтерілген ұлы ұлыстар мекен еткені тарихи анық жағдай, әрі бүгінгі күннің ашық реалиі.

Ұрпақтар сабақтастығының барысында бабаларымыздан бізге жеткізген ұлы мұрасы «Дала демократиясы». «Дала демократиясы» — ел тарихында жазылмаған «Дала заңдарымен», «Қасым ханның қасқа жолымен», «Есім ханның ескі жолымен», Әз Тәукенің «Жеті Жарғысымен» үндесетін ұғым, саяси сананы қалыптастыратын салт, әдеттегі құқық ескерткіштерінде бекітілген нормалар, дәстүрлер, ережелер мен ұйғарымдардың жиынтығы. Бұл концепция қазіргі таңдағы бей-жай қарауға болмайтын ұғымдардың бірі. Себебі, Еуропада табиғи құқық теориясы тек ХҮІІІ ғасырда пайда болған болса, көшпенді қоғамның бастауында демократиялық құрылымның принциптерінен туындайтын дала тұрғындарының табиғи құқықтық нормасы ретінде қалыптасты. Айта кетерлігі бұл демократия қазіргі таңдағы демократиямен қатты ұқсас емес. Бірақ басты жетістігі — сайлаудың болғаны. Яки Ордаға хан сайлау Еуропа елдерінде секілді абсолюттік монархияның принциптері бойынша емес, Құрылтай жиналысында шешілетін болған. Құрылтай- ежелгі Моңғол империясынан бастап, Қазақ хандығына дейін жұмыс атқарған жоғарғы билік институты. Құрылтайға мүше ретінде хандықтағы әрбір бес қаруы сай ер қатыса алады. Көбінесе ел басында жүрген билер, батырлар, сұлтандар қатысқан. Хан сайлау — сонау ҮІІІ ғасырда Білге-Қаған ескерткішінде: «Әуелі әкелері қаған болады, одан соң інілері қаған болды, содан кейін балалары қаған болды», — деп жазылған. Сол ықылым заманнан бекіген дәстүр Қазақ Ордасында да өз негізін тапты. Осы туыстық қатынастардың сақталуы елге бейбітшілік орната алды, тарихи текетіресті тоқтата білді. Қазақ тарихында ешқашан да хан көтеру барысында революцияның болмауы, сол замандағы «Дала демократиясының» электоратпен тығыз байланысты орната білуінде деп топшылаймыз. Тарихшы М. Мағауин өз еңбегінде: «Қазақ салтында хан көтерілу, тақ алмасудың сонау Түрік қағандығы заманында қалыптасқан, өзіндік ұлттық ерекшелігі бар, — деп  «Дала демократиясының» ел арасындағы жоғары  беделге ие болып, оның тарихи тағылымы мол екенін көрсетеді.

Құрылтай билігінің белгісі ретінде тағы бір айғақты келтіруге болады. ХҮІ ғасырдың бас шені. Тарихшылар бұл кезеңді «Қиғылық жылдар» деп атайды. Билік басындағы қатыгездікпен көзге көрінген Тайыр ханды Құрылтай жиналысы биліктен аластатып «хан талау» рәсімін өткізеді. Яғни оны бар билік пен мал-мүліктен айырып далаға босытып жіберді. Тайыр ханның әлі күнге дейін қай жерде жерленгені де белгісіз. Міне, бұл тағы да ел басына  күн туғанда ерлеріміздің қасқыр мінезін көрсетуінің бір парасы.

Құрылтай жиналысының құзыретімен таныс  болсақ ендігі кезекте хан институтымен сізді таныстыра кетейін. Хан институты-ол мемлекеттегі ішкі және сыртқы саясатты қоса алғанда, жоғарғы билікке толық ие болған. Хан мемлекеттегі барлық жайылым мен қыстаулардың орындарын, биліктік рулар мен тайпалардың шекараларын анықтауға құқылы. Әскердің бас қолбасшысы. Хандықтың сыртқы саясаттағы серіктерімен байланыс орната алады. Жоғарғы судья яки оның билік беделі өлім жазасын кесуге және сұлтандарға үкім шығаруға құқылы болған. Осы ретте оқырманның: сайып келгенде ханның билігі шексіз екен ғой деген күмән туындауы мүмкін. Бірақ ол билікті ұлыстардың басшыларымен, сұлтандармен, билермен, ірі рулардың басшыларымен бөлісетін болған.

Міне, осылайша біз тағы да даланың «көп» ойлағандай тағы емес, терең түбірлі, теңдессіз саяси табиғатына куә болдық.

Р.S. Бұл қысқа мақаланы «Дала демократиясының» бастапқы әліппесі ретінде қабыл алыңыздар.

Асқар Несіпбай,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.