Құс тұмауы,  болмасын десең…

 

Солтүстік өңірден бастау алған құс тұмауы қазіргі күні көпшілікті алаңдатып отыр. Бүгінгі таңда өңір бойынша бірқатар аудандардан шыққан құс тұмауына қарсы карантиндік режим орнатылып, қатаң бақылауда ұсталынып отыр. Осы жағдайды білмекке Бурабай ауданы ветеринария бөлімінің басшысы Қайыржанов Әскер Батхоллаұлымен тілдесіп қайттық.

— Әскер Батхоллаұлы, солтүстік өңірден анықталып отырған құс тұмауы өршіп барады. Бұл бұрын-соңды болды ма, сіздердің практикаларыңызда кездесті ме?

— Бұдан он-он бес жыл бұрын мұндай ауру болған. Ресейдің Түмен облыстарынан жылыстап, біздің солтүстік облыстарға кеңінен таралған. Құс тұмауы кеңестер одағының тұсында да болғандығын айтқым келеді. Ұшқан құстан таралатын инфекция үй құстарына жұғып, содан жаппай қырылады. Оның етін қанша жерден қайнатып жесе де, бәрібір бойында вирус қалады. Демек құс тұмауы анықталды ма, бірден бар құстың көзін жойып, сол айналаны инфекцияға қарсы дәрі қолданып тазарту керек.

—  Бұл тұмау қай кезеңге дейін созылады. Мезгілімен тоқтай ма әлде?..

— Құс қайтып, қар түсе инфекцияның беті қайтуы мүмкін.

—  Біздің ауданнан анықталып жатыр ма?

— Әзірге, ондай қауіп сезілмейді. Бірақ ветеринария қызметкерлері аудан бойынша барлық ауыл-аймақтың құстарына вакцина егіп жатыр. Аудан тұрғындарына айтарымыз ветеринария қызметкерлері еріккеннен көше кезіп жүрген жоқ, вирус қаупі өршіп тұр. Кейбір тұрғындар қарсылық танытып, қолындағы құстарына вакцина еккізбей, теріс ықпал жасап қарсылық көрсетіп жатыр. Вакцинаны еккеннен кейін құсты далаға шығармай үйде ұстау керек. Атап айтар болсақ Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола өңірлерінен анықталып отырған вирус бірер күнде міне Қарағандыдан шығып отыр. Құстардың қайтуына әлі екі ай бар. Демек екі ай бойы құс тұмауы жүреді деген сөз.

— Данышпан халқымызда «мал жемейтін шөптің шықпағаны жақсы» деген сөз бар. Әлеуметтік желінің бетіндегі гу-гушілердің айтуына қарағанда базарға түсетін құс еті, жұмыртқа сияқты өнімдерді әзірге тұтынуға болмайды дейді, бұл қаншалықты рас?

— Бұрыннан тұрған құс еті болса, оны тұтынады. Онда вирус жоқ, ал енді жұмыртқадан вирус болмайды. Біздің Бурабай ауданына қарасты Құс фабрикасын ұстап тұрған шаруашылықтың барлық құсына дерлік вакцина егілді. Вакцина егілген құсты 21 күнге дейін жылы жерде ұстау керек. Бір ай көлемінде вакцина егілген соң, етін тұтынуға болмайды.

— Күз мезгілі құс қайтатын кезеңде аңшылардың қанды аузын бері тарт дейтін мезеті.  Аңшылыққа да толық тыйым салынды ма?

— Аңшылыққа толық тыйым салынды. Барлық ауыл әкімдеріне ескертіліп, жергілікті құзырлы орындарға тапсырылды. Сонымен қатар, сіздердің басылымдарыңыз арқылы барлық аудан тұрғындарына айтарымыз құс тұмауы өте жұқпалы, бұған салғырттық танытып, бей-жай қарауға болмайды. Ертең вакцина егуге қарсылық танытып, ол үйдің құсына тұмау анықталып жатқан жағдай болса, арнайы сараптама орталығы арқылы анықталған қағазбен толыққанды жауапкершілікке тартылады. Қазіргі күні Үкімет бұған қыруар қаржы бөліп, жолына тосқауыл болудың амалын жасап жатыр. Біздің әріптестеріміз барлық елді-мекенді аралап, вакцина егіп жатыр. Кейбір тұрғындар үйде балам жоқ, ол не қылған тұмау, өтірік жай сөз деп түсінбеушілік танытып жатқанға ұқсайды. Я болмаса вакцина егілгеннен кейін далаға шығарып жібереді.  «Сақтықта -қорлық жоқ» деген.  Сондықтан сақтанып, неге болсын жұмылып, бірігіп кез-келген аурудың алдын алуға болатынын айтқымыз келеді.

— Әскер Батхоллаұлы әңгімеңізге рақмет.

— Сізге де рақмет…

Р.S. Құс тұмауы өршіген аудан, өңірлердің біразы қазіргі күні ала жаздай баптап бағланға теңесіз қылып қойған құсын амалсыздан жоюға әрекет жасап жатыр. Аса қауіпті ауруға қарсы қарекет қылып, тұмаудан алып қалуға жәрдемші, ветеринария қызметкерлерінің еңбегін бағалап, қолдан келгенше көмектесіп жұмылғанымыз дұрыс, ағайын. Бұның барлығы сіздің денсаулығыңыз үшін.

                                                 Сұхбатты жүргізген Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.