Сауалнамаға қатысқан мемлекеттік қызметшілердің 98,5% тәлімгерліктің тиімділігіне оң баға берді

 

Мемлекеттік қызметтегі тәлімгерлік жас мамандарды бейімдеу мен оқытудың сыннан өткен әрі тиімді әдісі ретінде танылып үлгерді. Тәлімгерлікті ұйымдастыру мәселелерін талқылау үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті онлайн режімде «Кәсіби мемлекеттік қызмет – елдің тірегі» тақырыбында TEDx ұйымдастырды. Іс-шараға мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол тәлімгерлер мен мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген жастар қатысты.

Департамент басшысының орынбасары Райхан Братаева жастардың дамудың қозғаушы күші, қоғамның әлдеқайда белсенді, бастамаларға толы бөлігі екендігін, сондықтан да мемлекеттік қызметте жас мамандарға ерекше көңіл бөлінетіндігін және сынақ кезеңінде оларға жылдам бейімделу үшін тәлімгерлер тағайындалатынын атап өтті.

«Тәлімгерлік институты жас мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттырудың қозғаушы күші. Жыл басынан бері 261 жас маман тәлімгерлікпен қамтылды» — деп Р.Братаева атап өтті.

Департаментпен алғаш рет қабылданған мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген жасырын онлайн сауалнаманың қорытындылары ұсынылды. Сауалнамаға қатысқан жас мамандардың 98,5% тәлімгерлік институтының тиімділігіне оң баға берді.

Тәлімгерлер тәлімгерлік қызметті ұйымдастырудағы өз тәжірибелерімен, кәсіби бейімделу саласындағы идеяларымен және кеңестерімен бөлісті. TEDx-тің алғашқы спикері ретінде Жарқайың ауданы әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметінің басшысы Николай Подрезов сөз сөйлеп, тәлімгерлікті ұйымдастыру кезіндегі өзекті мәселелерді жиі талқылауға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл өзгерістерге уақтылы ден қоюға және жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Ақмола облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Искакова қойылған мақсатқа жету үшін өз білімін үнемі толықтырып отыру, өзін-өзі дамытумен айналысу, ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысу және патриот болу қажеттігін атап өтті.

Р. Братаева Елена Искакованың мансаптық ілгерілеудің жарқын мысалы екендігін, мемлекеттік қызмет жүйесінде 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, өз қызметін бас маман лауазымынан бастағанын атап өтті.

Зеренді ауданы әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметінің басшысы Жанна Ибраимова өзінің тәлімгерлік қызметіндегі жеке тәжірибесімен бөлісті.

«Мемлекеттік қызметке алғаш келген кезде жұмыста белгілі бір қиындықтарды бастан кешірдім. Тәлімгер маған осы қиындықтардан сүрінбей өтуге көмектесті. Екі жылдан кейін мен кадр қызметінің басшысы болып тағайындалдым және менің осылай кәсіби тұрғыда өсуім тәлімгерлік институтының арқасында болды. Бүгінгі таңда мен жас мамандардың тәрбиесіне зор көңіл бөлемін» — деп Ж.Ибраимова атап өтті.

Іс-шара соңында мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан жас мамандар TEDx-ті ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.

«Мен үшін тәлімгердің рөлі баға жетпестей құнды. Ол әрқашан күрделі міндеттерді шешуге көмектеседі, пайдалы кеңестер береді. Кәсіби қолдауды сезіну керемет» — деді сынақтан өтіп жатқан мемлекеттік қызметшілердің бірі.

Қатысушылар толғандырған сұрақтарын қойды.

«Аға буынның жинақталған көп жылдық тәжірибесі қызметкерлердің жас буыны үшін әрқашан маңызды болған және болып қала береді. Бүгінгі іс-шара тәлімгерлер үшін де, жас мемлекеттік қызметкерлер үшін де пайдалы болғанына сенімдімін» — деп Р.Братаева іс-шараны қорытындылап, мемлекеттік қызметшілерге қатысқаны үшін алғысын білдірді.

 Жазира Тоқтар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.