Білім марафоны

 Мұғалімдік мамандық — бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер — ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады.

 (В.А.Сухомлинский)

Дана халқымыз «Мектеп — кеме, білім — теңіз» демекші, балаларға оқу — білім мен тәлім — тәрбие беруде мектептің орны бөлек. Әр баланы білім нәрімен сусындатып, оның жүрегіне жол таба білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бүгінгі таңда білім беру саласы бірталай өзгерістерге ұшырап жатқаны бәрімізге мәлім.

2020 жыл дүние жүзінде COVID-19 індеті таралуы, еліміздегі әртүрлі салалардың жұмыстарының өзгеруіне әсерін тигізді. Мектептер қашықтықтан оқуға көшірілді. Соған қарамастан «Ұстаз» деген Ұлы аттың иелері өздерінің жұмыстарына жан-тәндерімен кірісіп, оқушыға білім беріп қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына, функционалдық сауаттылықтарын арттыруға ат салысып, ашық сабақтар, сыныптан тыс сайыстар, спорттық ойында өткізіп жатыр. Ұстаз — ұлағатты есім. Шәкірттеріне тәлім-тәрбие нәрін егіп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Мұғалім — оқушыны білім нәрімен сусындатып қана қоймайды, өзі де үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп, санатын көтеріп, әрқашан өсу мен ізденіс үстінде жүретін дара тұлғалар.

Щучинск қаласының №11 IT мектеп-лицейінде 12-23-қазан аралығында аттестатталушы мұғалімдерінің «Білім марафоны» онкүндігі өтті. Онкүндік аясында түрлі тақырыпта ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар оқушылардың пәнге деген сүйіспеншілігін, ұстаздардың педагогикалық шеберлігін дамыту, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру мен шығармашылық қабілеттерін жетілдіру мақсатында түрлі платформалар мен мессенджерлер арқылы жүргізілді.

Онкүндік аттестатталушы мұғалімдердің отырысы және олардың жетістіктері қойылған «Білім марафоны» көрмесін ұйымдастырумен ашылды.

Мектеп психологі Тагирова Алия Расулбекқызы 6 «а» сынып оқушыларымен «Өзіне сенім» атты ашық сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушылар Ник Вуйчич жайлы ақпараттар алып, сенімділік арттудың маңыздылығын түсінді. Өз ойларымен бөлісіп, адам бойындағы жақсы қасиеттердің бірі сенімділік жоғары белестерді бағындыруға жол көрсететінін таныды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тикишева Рақия Жәнібекқызы 5 «в» сыныбында қазақ тілі сабағынан «Отбасылық ғұрыптар» тақырыбында сабақ өткізді. Сабақтың мақсатын ашу барысында ой — түрткі сұрақтары беріліп, еліміздің танымал әншісі Қ.Әбілдинаның әнінің төңірегінде отбасы құндылықтары мен отбасының орны туралы ойлар айтылды. Аталмыш сабақ барысында балалар қазақ халқының ғұрыптарымен, салт-дәстүрлерімен танысып қана қоймай, өлең жолдарындағы сөздердің мағынасын ашып, өмірмен байланыстырып, талдап, жан-жақты жұмыс жасады.

Математика пәнінің мұғалімі Қалықова Шынар Кеңесқызы «Көпмүшелер» тақырыбында ашық сабақ өткізді.

Сабақ барысында оқушылар көпмүшелерді бірмүшеден айыруды, көпмүшелерге амалдар қолдануды, сонымен қатар түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, интернет платформаларында жұмыстар жасай алды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жартыбаева Айгерім Қайроллақызы 7 «в» сыныбында «Ғаламдық экология мәселелері» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Балалар «Суреттер сөйлейді» әдісі арқылы тақырыпты ашты. «Арал теңізі — экологиялық аймақ» тақырыбында бейнебаян тамашалап, онда кездескен жаңа сөздерге аударма жұмысын жүргізді. Сұрақ-жауап, сәйкестендіру, синквейн әдістері тиімді қолданылды. Қазіргі кездегі өзекті тақырып экология тақырыбын ашуда география, тарих пәндерімен байланыс жасалып, оқушылардың өзіндік ізденісі артты. Оқушылар сабаққа белсене қатысып, қызығушылықпен жұмыс жасады.

Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қалиенова Эльмира Қонысқызы 6 «а» сыныбында» Кейіпкерлерді құру» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақта оқушылар қуыршақ театрының түрлерімен танысты. Оларды неден, қалай жасау керектігін білді және оқушылар өздері құрған сценарий бойынша ертегі кейіпкерлерін жасады. Сабақ оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, өте ауқымды, қызығушылықпен өтті.

Ағылшын тілі мұғалімі Жапарова Назгүл Байзоллақызы «Білім марафоны» онкүндігінде 6 «а» сыныбында Zoom платформасында «Talking about helping with housework» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақта оқушылар грамматикалық құрылымдарды, жаңа лексиканы қолдана отырып, үй шаруасына қалай қатысатынын талқылады. Сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын арттыру, ауызекі сөйлеуді дамыту, күнделікті өмірмен байланыс, өмірлік қажеттілікке жаңа сөздерді қолдану мақсатында әртүрлі жаттығудың түрлері ұйымдастырылды. Балалар сабаққа белсене қатысты.

Тарих пәнінің мұғалімі Батқолла Айнұр Әскерқызы 7 «а» сыныбында «Ағартушылық дәуірдің қандай идеялары еуропалық монархтардың қызметінде көрініс тапты?» деген тақырыпта тарихи деректерге толы, ауқымы кең сабақ өткізді.

Технология пәнінің мұғалімі Нұрғали Ербол Абдуллаұлы 7 «ә» сыныбымен «Пирография өнері» тақырыбында ашық сабақ өткізді. «Пирография өнері» ағаш бетін күйдіріп әсемдеуге бағыттайды. Оқушылар ағаштан жасалған бұйымдарды күнделікті өмірде көріп жүргендіктен бұйымдардың көркемдігіне, әсемдігіне деген қызығушылығы артты.

«Ұстаз болу — өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» — деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару — екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу — жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу — шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу — жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Ұстаздарымыз онкүндік барысында сабақ қана беріп қойған жоқ, сонымен қатар оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыру мақсатында сыныптан тыс іс-шаралар да өткізді. Атап өтер болсам, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тикишева Рақия Жәнібековна zoom платформасы арқылы оқушылардың қазақ тілінің қадір — қасиетін түсіне білуге шақыру мақсатында 10 «а» сыныбында «Қазақ тілі мақтанышым»-атты сыныптан тыс іс-шара ұйымдастырды.

Қалықова Шынар Кеңесқызы zoom платформасы арқылы 9 «а» мен 9 «ә» сыныптарының арасында «Математикалық пирамида» атты сыныптан тыс іс-шара өткізді. Оқушылар математика сабағында алған білімдерін көрсете алды. Қатысушылар бірінің пікіріне бірі құлақ аса отырып, өз ойларын толық ортаға салды.

6-шы сыныптар арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жартыбаева Айгерім Кайроллақызының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі әлемінде» атты сыныптан тыс іс-шара өтті. Интеллектуалды сайысқа 2 топ қатысты «Сұңқар» тобы және «Тұлпар» тобы. Сайыстың мақсаты: оқушылардың білімдері мен біліктіліктері арқылы ой-өрістерін дамыту, ұшқырлық, ойлау қабілеттерін шыңдау, шапшаңдық пен нақтылыққа бейімдеу болды. Қатысушылар сайыстан жағымды әсер алып, білімдерін шыңдады. Сайыс мұғалімнің қорытынды сөзімен тәмамдалды.

Технология пәні мұғалімі Қалиенова Эльмира Қонысқызы 6 «ә» сыныбында «Шығармашылық сәт» атты «Әртүрлі материалдардан сәндік бұйымдар жасау» тақырыбында сыныптан тыс іс-шара өткізді. Сабақ барысында оқушылар қалдық материалдардан түрлі декор жасауға болатынын білді.

Онкүндік барысында мұғалімдер қашықтықтан оқыту жағдайында жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен қолдана білді. Барлық сабақтар жаңашыл тұрғыда, танымы мен тағылымы мол жоғары деңгейде өтті. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші — білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім ке­істігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті — ұстаздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер — бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» — деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату — екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу — жүректің батырлығы деп бағалауға болады.

Алда осы мұғалімдердің біліктілік тестілеуден сүрінбей өтуіне тілектеспін! Мұғалімдер ұжымына еңбекте шығармашылық табыс, таусылмайтын шабыт тілеймін! Білімге құштар ақылды оқушыларымыз күн санап өсе берсін! Еліміздің болашағы жарқын болсын!

Н. Жапарова, Щучинск қаласы №11 IT мектеп-лицейінің ағылшын тілі мұғалімі

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *