Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар

 2020 жылы 6 қазанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Заңда мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйға тартушының пайдасына жасаған әрекеттері үшін сыйлықтарға, материалдық сыйақыға және қызмет көрсетуге толық тыйым салынған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 509-бап келесі редакцияда жазылды: Құны заңнамалық актiлерде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын әдеттегi сыйлықтарды қоспағанда: 1) жас балалар мен әрекетке қабiлетсiз деп танылған азаматтардың атынан олардың заңды өкiлдерiнiң; 2) емдеу, тәрбиелеу мекемелерiнiң, әлеуметтiк қорғау мекемелерiнiң және басқа да осыған ұқсас мекемелердiң жұмыскерлерiне олардың емдеуiндегi, асырауындағы не тәрбиесiндегi азаматтардың, осы азаматтардың жұбайлары мен туыстарының сыйға тартуына жол берілмейді.

Мемлекеттік қызметшілерге және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдаған өзге де адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдаған мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың сыйға тартушының пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін, егер мұндай әрекеттер аталған адамдардың қызметтік өкілеттіктеріне кіретін болса немесе осы адамдар лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал етуі мүмкін болса, сыйлықтарды сыйға тартуға жол берілмейді.».

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 412-1-баппен толықтырылды. Осы  толықтыру бойынша, жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның кейін әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген заңсыз әрекеттерді жасалғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.

Заңда туыстардың бір ұйымдағы бірлескен жұмысының жекелеген мәселелерін реттеуге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабардар етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдеріне және басқаларға бағытталған нормалар да көзделген.

 

Г.Шайкенова, судья

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *