Ақмола облысында «Қыс 2020» республикалық штабтық жаттығу өтуде

2020 жылғы 5-6 қараша аралығында Ақмола облысында «Қыс 2020» республикалық командалық-штабтық жаттығуы аясында тактикалық арнайы оқу-жаттығу басталды, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.

Жаттығу азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің және халықтың қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайларды жоюға әзірлігі мен қабілетінің деңгейін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі ТЖ-ға ден қоюға әзірлігін тексеру мақсатында жүргізіледі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша мұндай оқу-жаттығулар жыл сайын республиканың барлық облыстарында өтеді. Оқу-жаттығу жұмыстарын пысықтау мақсатында облыстың барлық қалалары мен аудандарында жедел штабтар құрылды.

Құтқарушылар төтенше жағдайлар кезінде іс-қимыл алгоритмдерін екі күн қатарынан шартты режимде карантиндік шектеулерді сақтай отырып, ZOOM интернет-платформасы арқылы пысықтайтын болады.

Жаттығуға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары, облыстық, қалалық және аудандық шұғыл ден қою жасақтары, авариялық-құтқару қызметтерінің құрамалары, ҚР ҰҰ 5510 әскери бөлімі және халықтың тіршілігін қамтамасыз етудің барлық объектілері тартылды.

Айта кетейік, өткен жылдың қыс мезгілінде Департаменттің бөлімшелері полиция департаментімен, қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен, жол қызметтерімен бірлесіп жолдарда 924 авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді.

3518 адам құтқарылып, эвакуацияланды, оның ішінде 306 бала.

Жылыту пункттерінде 3126 адам орналастырылды, оның ішінде 181 бала. Қар құрсауынан 179 бірлік техника шығарылды.

 

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *