Тәжтажалға таба болмайық!..

Тағы да босағадан аттады. Осы жыл қазақстандықтар үшін оңай соққы болмады. Біраз қазақтың тектілері, жақсылары мен жайсаңдары аталмыш дертке ұшырап, қаншамасы о дүниеге аяқ астынан сапар шекті (иманды болсын!) әлемді тітіркендіріп тұрған аурудың себеп-салдарының қайдан шыққанын? Бүгінгі көзі қарақты, ойы салмақты ағайын жақсы біліп отыр. Түпкі ошағы Қытайдан шықты. Бірақ түрлі болжамдар, әртүрлі қауесет ел ішінде алуан түске боянып тарап жатыр. Иә, ел не демейді? Тәжтажал тағы құтырды. Жиын-той, т.б. бітпей қойған ырың-жырыңды қоя тұру керектігін үкімет басшылары айтып, қатаң карантиндік режим де өтті. Қаншама қалалардың шыға беріс тас жолдарына блокбекеттер қойылып, кіріп-шығуды медицина қызметкерлері қатаң бақылады. Бұл көзге көрінбейтін ажал елесі ел ішін кезіп жүргенде, жағасы жайлау қазекем салғырттыққа салынып, сарыжағалы басылымдардың қауесет өсегіне сеніп, жасырын той-томағалын өткізіп жатқандығын түрлі ақпарат бетінен көріп жатырмыз. Бірақ, аурудың бар екендігі жасырын емес, түбін қазсаңыз -ақиқат.

Сонымен Щучинск қаласындағы Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жанындағы «Көкше» облыстық оңалту орталығына» хабарласып, бас дәрігердің м.а. Нұргүл Қаражанова ханыммен телефон арқылы тілдестік. Бас дәрігер науқастар саны артып жатыр, өңір бойынша 66 адам бүгінгі таңда осы жерде ем алуда, бұларға ауысыммен 25 медицина саласының қызметкерлері қолдан келген көмектерін аянып қалмай, болашақ үшін шыбын жандарын шүберекке түйіп еңбек етіп жатыр. Аурудың алғашқы белгілері: құрғақ жөтел, бойдағы қызу, сүйектің сырқырауы, дәм сезбей қалу, мұрынның бітелуі, қанның шамадан тыс ұйып қалуы сияқты алғашқы белгілерден-ақ сіз бірден, жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалып, өзіңізді жайсыз сезініп тұрғандығыңыз жайлы хабарлауыңыз керек. Және өкінішке орай, бұл дерттен көз жұмғандар да баршылық.  Асқынып кеткен аурудың ең соңғы дауасыздыққа ұшырататыны ол өкпенің шектен тыс қабынуы. Қазіргі күні толыққанды  аппараттармен, т.б. медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп отырмыз,-деді.

Бурабай ауданы бойынша -13 кісі ем алып жатыр екен. Нұргүл Амангелдіқызы ауру ауа арқылы көпшілікке кеңінен тарайды, қоғамдық жерлерде бетперде киіп, өзіңіз толық сақтанып жүруіңіз керек, бастысы-тазалыққа мұқият болған жөн деп отыр. Расында бұл ауру елімізге кіргелі біраз өңірге қырғидай тиді. Ауру-астан, дау қарындастан дейтіндей тұмау-сымау емес, қадалған жерінен қан шығармай, қара басыңды қақшып алатын аса қауіпті ауру екендігіне көзіміз жетіп отыр. Сондықтан құрығы ұзын, адымы-алғыр, көзге көрінбейтін ауруды бірлесіп қана жеңетін шығармыз.

Осы дерт ел ішіне кіргелі күні-түні елдің амандығы үшін еңбек еткен ақ халатты абзал жандардың еңбегі адал. Әрине, бұл салада қызмет атқарған біраз дәрігерлер де дертке шалдығып, елдің амандығы жолында құрбан болғандары бар.

Карантиндік режим қайтадан қаулы бойынша күшіне енді. Облыс орталығы Көкшетау «сары аймақ» қатарына кірді. Осыған сәйкес карантин аймағына коронавирус індетінің ПТР тестінсіз кіруге рұқсат етілмейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифинг барысында облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті.

Бұл ауру осал жау болмай тұр. Жайдан-жай 65-тен асқан адамдар сақтанып жүрсін демейді. Пайғамбар жасынан асқандарды былай қойып, біздегі ауруханада осы дертке шалдыққан орта жаста, отыздан асқандардың да бар екендігін айтқымыз келеді. Сондықтан абай болғанымыз абзал, ағайын! Бірлесіп күш біріктіріп, бұның да бетін қайтаруға болатынын білгеніміз дұрыс. Ол сіздің қолыңызда. Жақынымызға жанашыр болып, өршіп тұрған аурудың бетін бірлесіп қайтаратынымызға кәміл сенеміз.

                                               Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *