Арлы ұл — қоғам  тірегі

«Ұл тәрбиелеу — ұлтты тәрбиелеу»- дейді атам қазақ. Иә, біз қашан да ұлына төрден орын беріп, төбесіне көтерген елміз. Бір сөзбен айтсақ: «Мұрагерлерін бесіктен бастап үйретіп, Құлагерлерін құлын кезінен баптаған»- дана халықтың ұрпағымыз. Сол бір қандағы қасиет пен даналықтың арқасы болар, қазақтың хас батырлары Қабанбай, Бөгенбайлар жастайынан өлмес ерлік көрсетті, 13 жасында құранды толықтай жатқа білген Төле би, ел аузында қалған Қазыбек, Әйтеке билер 12-15 жастарында ханның алдында дат айтып, елдік даулы мәселелерді шешті. Шоқ жұлдыздай жарқ еткен Шоқан да 3 жасынан хат таныды. Айта берер болсақ жастайынан жарқырап, маңайына сәуле нұрын шаша білген ұлтымыздың ұлы тұлғалары жетіп артылады. Мұның бәрі тал бесіктен бастау алған ұлттық тәрбиенің арқасы және ешбір ғылым, білім алмастыра алмайтын «әке» мектебін ерекше атап өткен жөн. Ал, қазір ұлттың ұйтқысы болар ұл тәрбиесінде салғырттық танытудамыз. Тіпті мүлдем ажырап бара жатқан тұстарымыз да бар. Оны қазіргі жасқаншақ, нәзік, ақсаусақ, секемшіл болып өсіп келе жатқан ұлдардың бойынан аңғарасың. Әрине, бәрі емес. Десе де қазіргі таңда осы бір дерттің жайлап бара жатқаны жасырын емес. Бұрын бала әкесінің қабағына қарайтын, қазір әке баласының қабағынан қорқады, ол аздай айғайға басып артында анасы жүреді. Мектепте жүріп сүрініп қалса да, бір жері ілініп қалса да анасы мектепке жүгіріп, бәрін аяғынан тік тұрғызып, айды аспанға шығарады. Мұны көріп өскен бала ертең қандай азамат болады? Дәл осыдан кейін кекшіл, кешірімсіз, арызқой, қазымыр жігіттердің шықпасына кім кепіл.

Бүгінгі қоғамның жан айқайын айтыскер ақын Арман Бердалин:

Баланы іздеймін атаның атын танытқан,

Бес жастан би боп оқ бойы озған халықтан.

Аятта айтқандай екі жыл бойы емізіп,

Анасы оны ақ уызына жарытқан.

Дәретін алып, дәстүр мен дінін дәріптеп,

Сүтпенен бірге сүйекке мінез дарытқан.

Бала көбейді бәленің бәрін білетін,

Бесіктен боқтап, есіктен сыбап кіретін.

Экраннан көрген құбыжықтарға еліктеп,

Ер Төстік жайлы ертегі айтсаң күлетін

Ұяда жүріп ұяттың ұқпай не екенін,

Қияда жүріп қиянат жасап жүретін[1],- деп жеткізсе,  Төле би:

Атадан ұл туса игі

Ата жолын қуса игі.

Өзіне келер ұятын,

Өзі біліп тұрса игі.

Жаудан бұққан немені,

Ортасынан қуса игі[2]— деген еді.

Ұлт тағдырымен тікелей байланысты ұл тәрбиесін жолға қою үшін өткенімізден үлгі алғанымыз жөн-ау. Осы орайда Мағжан Жұмабаев: «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әр ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлы үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесі мен тәрбие қылуға міндетті»[3]-дейді. Иә, ұлттық тәрбие. Қазіргі ұлдарымыз қурай басын сындырмайтын қуыс кеуде болып бара жатқаны да осы ұлттық тәрбиенің жетіспеуі. Дәстүрін дәуіріне діңгек еткен бабаларымыз «тәрбие тал бесіктен»-деп әңгімені ар жағынан бастаған. Ес біле бастаған ұлын еңбекке бауылып, әулеттің, елдің, жердің тірегі болуға тәрбиелеп, жақсылыққа жанын үйір қылып өсірген. Бес жасынан-ақ тақымын тайға бекітіп, «сен азаматсың, ұлан-байтақ жердің иесісің»-деген сөздерді санасына сіңіре білді. Бұл елін-жерін жаудан қорғаған батырлар мектебінің алғашқы қадамдары еді. Мұның арқасында осындай дала заңында шыңдалған Махамбеттер:

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,

Тебінгі терге шірімей,

Терлігі майдай ерімей,

Алты малта ас болмай,

Өзіңнен туған жас бала

Сақалы шығып жат болмай,

Ат үстінде күн көрмей,

Ашаршылық, шөл көрмей,

Арып-ашып жол көрмей,

Өзегі талып ет жемей,

Ер төсектен безінбей,

Ұлы түске ұрынбай,

Түн қатып жүріп түс қашпай,

Тебінгі теріс тағынбай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?![4] — деген еді. Қазір де сол ерлердің ісі бітпей жүрген секілді. Өкінішке орай күйбең тірлік, қара бастың қамының төңірегінде ғана. Ісіміздің бітпей кеткені соншалық бала тәрбиесінде шаруамыз да болмай жатады. Мәселен, қаладағы белді білім орындарының бірінде сабақ беретін бір танысым айтып еді:

«Қарамағымда көптеген жастар білім алады. Бір күні студент шәкіртіммен жолымыз бір болған соң сапарлас болдық. Әңгімеміз отбасылық жағдайға ауысқанда әлгі шәкіртім өзінің әкесінің қайда қызмет атқаратынын, қай саланың маманы екенінен, тіпті нені жақсы көріп, нені жек көретінінен бейхабар болып шықты. Әкесімен бір дастарханда отырып тамақтанып, әңгіме-дүкен де құрмайды екен»-деп. Біреуге күлкілі болса да бұл шындық. Баласының ішіп-жейтін тамағының, киетін киімінің ақшасын тапқанға мәз болып, соны әкелік міндет санап, сонымен шектеліп жүргендер қаншама?! Қазақтың: «Әке көрген оқ жонар», «Жақсы әке балаға азық, жақсы ұл әулетке өмірлік қазық», «Әке-балаға сыншы»- деген астырлы сөздер қайда қалды?!

Ұлан Шарипов,  Бурабай ауданының бас имамы

[1] А.Бердалин, Жүрші әке намазға жығылайық, 47 бет

[2] https://bilim-all.kz/quote/6258

[3] https://adyrna.kz/post/13687

[4] М.Өтемісұлы, Өлеңдері мен күйлері, 1 том, 55 бет

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *