Бурабай үнқағазы төріңізде тұрса…

Арғы-бергі танымын, тарихын, өсіп-өніп, өрлеп-жетіліп, ағымды ақпаратын айтып, сөзбұйдаға салуды жөн көрмедік. Әлһәмін айтайық. Биылғы жылы әупірімдеп сыннан да, сынақтан да, сұрақтан да аман өттік. Әлі де пісіп-жетілмеген кемшіл тұстарымыз бар, былтырғы жылы тендер деген әрі-бері тартыстан мұрттай ұшып, он екі беттік басылымның жағдайы төмендеп, пәсейіп қалды.

Қазақ айтушы еді ғой «өлмегенге міне көктем, міне май» демекші, соның керімен ілдебайлап көктемге жетіп, көтерем жылқыдай ырсиған қабырғамызды жасырып, әйтеуір бойымызды тіктеп келеміз. Бірақ, басылымның жай-күйі ат төбеліндей ғана ұлтшыл, діншіл, тілім-дейтін бірен-саран осындағы қазекеме ғана керек сияқты. Бұрындары білім бағбандары газетке жазылып, бір жағынан қолдаушы, қорғаушы, қолданушы оқырманымыз болып, бірліктің-тірліктің танымдығын танытып жататын-ды.

Жаңа заң бойынша «ұстаз мәртебесін көтерді» деген, білім саласының мамандары һәм алты алаштың баласының бас қосқан жерде, барлығы төр ұсынатын ұстаздар, жазылымға дегенде ат басын кілт бұрды. Жарайды делік. Ұстаздың мәртебесін көтеріп, барлық жүктен, ауырлықтан босатып қойсын. Дұрыс, осы күнге дейін білім бағбандарының жұмысының ауыр болғандығын бәріміз білеміз, оқу -инемен құдық қазғандай болса, әріп танимын деген баланың сауатын ашу нағыз таза еңбектің жемісі. Алдынан мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, әрқайсына өмірлік жолдама беріп, ата-анасынан кейінгі бағыт сілтеуші, бағдар беруші жандардың еңбегін ескеріп, нақты батыл қадам жасап жатқан үкімет, министрлікке мың да бір алғыс!

Бәрімізге жақсы таныс сонау алпысыншы жылдары, мүмкін одан да әрі шығар көгілдір экран пайда болғанда жаһандық өрлеу жұмысы қарқынды тыныс алып, ақпарат жүйесі толыққанды осыған ауысады деп көзілдірікті ғалымдар алыстан болжады, бірақ осындай пікір білдіріп, сүбелі ой айтқан ғалымдардың сөзінен кейінде баспа жұмысы тоқырап та, абыржып та қалмай одан әрі жұмысын атқарып келе жатыр. Қазіргі күні жасыратыны жоқ, көптеген ғаламторда отырып алып, ананы-мынаны сынап, пікір білдіріп, сыңаржақтанып жататындардың жазу емлесіне үңілсеңіз көптеген қателіктер өріп жүр. Себебі біреуі де ынта қойып кітап, газет-журнал оқымай ғаламторға ғана иек артып, пәлен мен түгеннің сандырақ, сандалбайынан әрі аспай ортақ шеңберде ғана өмір сүріп жатқан мұндайларға өкпе-реніш жоқ.

Ғаламторда не жоқ, бәрі бар. Негативтік көзқарас, бейпіл сөз, бетімен кеткен образ қысқасы бара-бара бүйте берсек, ұлттық нышан, рухани құндылықтан жұрдай болып, таза мәңгүрттік, жұтаңшылыққа ұшырауымыз мүмкін. Батыс елдерінің көбі, әлі күнге дейін былығы мен шылығы көп ғаламтордағы материалдарға мән бермей, газет-журналдарының санын арттырып, ашылуға, халыққа таралуына барынша жол ашып беріп жатқанын бүгінде көріп жатырмыз. Тәуелсіздігімізбен бірге жасасып, аудан өмірінің айқын, жарқын тұстарын насихаттап келе жатқан аудандық басылым «Бурабай» газеті түрлі рубрикалар ашып, қазіргі күні кеңінен серпіліп жұмыс атқарып жатыр. Бірақ «не ексең, соны орасың» демекші, өзіндік стильмен көпшіліктің көңілінен шығып отырған газетке жазылу бәсеңсіп қалды.

Ауданымыздың барлық тұрғындарына оның ішінде тілім дейтін, дінім дейтін терең ойлы азамат пен азаматшалар аудан айнасының бетіне сызат түспесін десек, сіз болып, біз болып, демеуші ретінде газетке жазылып ана тілімізге үлес қосайық. Бағасы да қымбат емес, 1 жылға -4680 теңге, жарты жылы -2340 теңге ғана. Ұлт болып ұйысып, бірлігіміз бекем болып, мерекеміз көбейіп, жұлдызымыз жоғары болсын. Ауданымыздың білім бағбандары оның ішінде «менің тілім!» деп жүрген барлық азаматтарымыз, ана тіліміздің айнасы, жақсылықтың жаршысы-«Бурабай» басылымына жазылуға бірге ат салысайық.

 Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *