Тәрбиелі қыз – ұлт болашағы

Ұлын қонысына балап, «қызым — өрісім»- деген қазақ қашан да қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қырық үй болып қылығын қадағалап, ел болып ертеңіне алаңдаған. «Қыз өссе елдің көркі», «Жақсы қыз — жағадағы құндыз», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»-деген даналы сөздер осыдан қалса керек. Тіпті күллі әлемді өзінің рақым мейірімімен жаратқан Алла Тағаланың өзі қараңғылық дәуірінде хақ дінін жіберіп қыз баланың, әйел затының мерейін үстем етті. Қараңғылық дәуірі деп отырғанымыз Ислам діні келгенге дейін Араб қоғамында қыз бала дүниеге келсе арланатын, тірідей өлімге қиып, көміп тастайтын. Бұл туралы қасиетті Құранда:

وَإِذا بُشِّرَ أَحَدُهُمْ بِالْأُنْثى ظَلَّ وَجْهُهُ مُسْوَدًّا وَهُوَ كَظِيمٌ (58) يَتَوارى مِنَ الْقَوْمِ مِنْ سُوءِ ما بُشِّرَ بِهِ أَيُمْسِكُهُ عَلى هُونٍ أَمْ يَدُسُّهُ فِي التُّرابِ أَلا ساء ما يَحْكُمُونَ

«Кейбіреулері қызды болғанын естігенде, ашудан жүздері түтігіп, түнеріп кетеді. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастағаны дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?!»[1]-дейді. Мейірімі шексіз Алла Тағала өзінің асыл дінін жіберу арқылы әйел затын бұл азаптан, қорлықтан құтқарды.

Атам қазақтың қыз тағдырын ұлт болашағымен ұштастыруында да үлкен мән жатыр. Текті қыздан – атой салып аламанға кіретін, намысы найзағайдай, жігері жасымайтын текті ұл туады деген. Иә, Махамбетше сөйлесек: «Жақсыдан болат ұл туса – жауырынынан өтін алса да, жамандарға жалынбас»[2]. Ал, қазір осы ұлт болашағын дүниеге әкелер, текті ұрпақ тәрбиелейтін нәзік жандыларымыздың дәрежесі қандай?

«Жоғары қырда ананың бағасы бек,

Алдында бас иеген данасы кеп.

Далада өсіріпті қызды ардақтап,

Болашақ рулы елдің анасы деп…»[3]— Фариза Оңғарсынова жырлағандай қазіргі қаракөздеріміз болашақ рулы елдің анасы болуға лайық па? Қылығын қадағалайтын «қырық үйдің» өзінде қадір бар ма? Осы төңірегінде ой толғап көрейікші?!

Дала заңына бағынып, билер соты билік құрған кезде Күлтөбенің басында күнде жиын еді. Телі мен тентекті тезге салған «Қасымханның Қасқа жолы», «Есімханның Ескі жолы», «Әз-Тәукенің Жеті жарғысы» ұлт болашағы, бала тәрбиесінен де айналып өтпеген. Әкесіне қол көтерген ұлды қара сиырға теріс отырғызса, ата-анасына дауыс көтерген қыздың жазасын анасына қалдырған екен. «Қайран біздің шешелер арды ойлаған»-деп Мұқағали айтпақшы ол кездегі аналарда да қызын лайықты түрде жазалап, тәрбиелей білген. Қорқыттың: «Ұл ақылды хош көрмес – ата үлгісін көрмесе, қыз жарытып ас бермес – ана үлгісін көрмесе»[4]-деуі де осыған байланысты-ау.

Жалпы қазақ қызын «қонақ» деп құрметтеген, босағаға отырғызбаған, ұлттың ұйытқысы болсын деп көңіліне қаяу түсірер сөздер айтпай, ерекше ілтипат танытқан. «Алып анадан туады»- дегенді де осы бір үлкен құрметтің аясында айтылған болар.

Ал, қазір… «Оқыс сөз, одыраң мінез – үлгісі жоқ ұлдың, кер кеткен қыздың белгісі»[5]— деп Ғабит Мүсірепов айтпақшы кейбір қазақ қыздарының жандарына жат келеңсіз қылықтарының куәсі болып жатамыз. Иә, баршаға топырақ шашудан аулақпыз. Десе де қазіргі таңда ұлттың болашағы саналар  қыз тәрбиесінде айылымызды тарта алмай, ауыздыққа әліміз келмей бара жатқан сияқты. Бүгінгі күннің от ауыз, орақ тілді ақындарының бірі Арман Бердалин бұл туралы:

Қыздарым мынау бояуын жағып бір батпан,

Сыр сіміріп, темекісінен күл қаққан.

Тұрмысқа шықпай балалы болып үлгеріп,

Қыз Жібектерім қызығын ерте ұрлатқан.

Ләйлімдер ләйліп, Еңліктер ашып етегін,

Томиристерім түнгі клубтарда түн қатқан[6]— дейді. Ащы болса да қоғамда орын алып жатқан олқылықтар. Ол аз дегендей біреу көшеге баласын тастап кетсе оның жазасын бермей, зардабын түсіндірмей, қайталанбас үшін алдын алу шараларын жасамай тұрып оның жақсылап тұрып жарнамасын жасаймыз. Көгілдір экраннан күнде көрсетіп, ғаламтордың жұлдызына айналдырып, жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазып, ұлардай шулап қоя береміз. Бұл талай жастың санасына кері әсерін тигізіп жатыр. Осы орайда желіккенді жөнге салар, адасқанға ақыл айтар алдыңғы буынның аздығына қынжыласың. Жан ашып жол көрсеткеннің орнына сынап, мінеуге дайын тұрамыз. Осы орайда хакім Абайдың: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі кінәлі»- деген отыз жетінші қара сөзіндегі айтқан нақылы санаңды тілгілеп өтеді. Осы қара сөзінде дана Абай тағы да: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың: адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың»-деп қара бастың қамынан адамдықтың қарызын биік қояды.

«Баланы жастан…»-дейді қазақ. Қыз тәрбиесін де әуелі бесіктен бастаған жөн секілді. Осы орайда баяғы көгілдір экран мен ғаламторды жаулаған жарымжан жарнамалар аяққа тұсау болады. Неге десеңіз оң-солын әлі танып үлгермеген балаға жастайынан әлеуметтік желі арқылы төсек қатынасы, ішімдік, есірткі тағы басқа көптеген кері әсер ететін дүниелерді әдемі қылып көрсетеміз. Қазіргі таңдағы қоғамда орын алып жатқан олқылықтардың басты себебі де осы. Ол аздай қазір мектептегі 3-сынып оқушыларына жыныстық қатынас туралы оқытуды ұсынып жатыр. Бұл ерте жүктіліктің алдын алу емес керсінше соған итермелеу емес пе? Өз өзімізге ор қазып, мәселенің мәнісін анықтағанның орнына күрделендіре түскендейміз. Бала не көрсе соны жасайды. Осыдан кейін:

Қыздарды іздеймін лайлатқызбаған тұнығын,

Қырық үй болып қадағалаған қылығын.

Айнадан басқа ажарын ешкім көрмеген,

Бес күнде тарап, он күнде өрген бұрымын.

Домалақ ана, Айғаным менен Зередей,

Асылдарымның таба алмай келем сынығын[7] — деп Арман ақынға қосылып жоқ іздеп кетпесек жарар еді?!

Осы орайда қыздарымызды қызғыштай қорғайық десек әуелі имани тәрбие беріп, «есті қыз етегін жауып жүреді» дегенді саналарына сіңіргеніміз жөн. Екі дүниенің сардары сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с):

كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤول عَنْ رَعِيَّتِه…

 

«Сендердің әрқайсың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер…»[8]— деген еді…

Ұлан Шарипов, Бурабай ауданының бас имамы

[1] «Нахл» сүресі 58-59

[2] https://bilim-all.kz/quote/4093

[3] http://www.elarna.net/kitap_kk.php?id=998&oku=5357

[4] https://bilim-all.kz/quote/10302

[5] https://bilim-all.kz/quote/12473

[6] А.Бердалин, Жүрші әке намазға жығылайық, 47 бет

[7] А.Бердалин, Жүрші әке намазға жығылайық, 46 бет

[8] Бұхари, Мүслим

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *