А Б А Д А Н (романнан үзінді)

 Арланды азаптау

Иығына шошайтып мылтық асынғанның бәрін аңшы деп ойлайтын санатқа мал басын құрап, қожалық құрған Бектемір де іліккен. Осы күні Жолдас, Қайсар сықылды ауылдың пысық жігіттері соның төңірегіне жиналып, түз тағыларына қарсы адиын-ашық соғыс жариялаған түрлері бар. Оның үстіне ауланған әр қасқырдың терісіне, ол болмаса құйрығына қаржылай сыйақы береміз дегенді естігелі бері делебелері қозып, шыңғытабан мотоциклге мініп алып, дала шиырлаудан бір шаршамайды. Осылардың кесірінен жақын маңайда итқұс та қалмауға айналды. Қыбырлап-жыбырлағанның бәрін құртты. Қарсақ пен түлкі, қоянға шейін қарауылға ілігіп, қанжығамайлар олжа болды. Күні кеше Оралдан қосылған орыс достарымен бірге отыз бес қасқырдың көзін құртып, аймаққа аттарын шығарды. Бүгінде Бектемірдің облыстық газет пен радио, тіпті республикалық телеарна тілшілеріне орысша-қазақша сұқбат беріп, бір күнде «батыр» болып шыға келген түрі бар. Осы желік Бектемір бастаған топты жаңа ерлікке жетелеген үстіне жетелеп барады. Обал мен сауап туралы ойланып, тоқтап, тыным алар түрлері көрінбейді. Оны мынадан көреміз. Иә, киені ұмытқандарға сондай ерлік болып көрінетін, елді шулатқан кейінгі оқиға былай басталған болатын.

— Бекес, әу, Бекес деймін. Сен естідің бе, жоқ па, қырда отырған Ғилымның малына қасқыр шауыпты. Өзі нән арлан дейді. Жаңа хабарласты. Ізі сайрап жатқан көрінеді. Қорадағы малын жайратып кетіпті. Ғилым зар еңіреп отыр…

— Ғилым дейсің бе? Е, оның өзіне де сол керек. Бір жылы жеріңді бере тұршы деп сұрағам, өзімнің малымнан ауыспайды деп қара жерді қызғанды ғой. Құдайдың жері кең, ал ол қызғанып, өліп барады.

— Бекес-ау, сен кімнен жер сұрағандайсың, өзіңнің де жерің жетеді емес пе? Қызықсың-ай!.. Ғилымнан жер сұрадым деп қояды…

— Оның жерінің шөбі шүйгін… Әйтпесе, жер баршылық қой. Сонымен неше малын қырыпты сараң байдың?

— Ол жағын білмедім. Бір жылқысын да жеп кеткен көрінеді. Мініп жүрген аты сияқты. Телефонда еңіреп тұр ғой өзі. Ботадай боздайды. Келіп, көкжалдың ізіне түсіңдер. Ақыларыңды жемеймін дейді. Беке, соған тартып кетейік. Айтпақшы, Қайсар мен Жолдас сайланып жүрген. Бізді тастап кетіп қалмасын,-деп Қапал қаралай қиналды.

— Сен ол екеуіне айт, менсіз аттап баспасын. Көліктеріне жанармайды кім екен беретін? Мылтықтарына оқ дәріне ше? Бар, ал мен де үйге барып қаруымды сайлап шығайын,-деп кәнігі аңшыларша балпаңдай басқан Бектемір қүбірлеп барады. «Ғилым… өз обалың өзіңе… малыңа қасқыр шапқан екен ғой. Барайын. Ұсқыныңды бір көрейін»

Қос шаңғы табан көлікке мінген топ Ғилым отырған орынға ән сағатта жетіп барып, жайраған малды, сорлаған малшыны көрді. Қожалық иесі Ғилымның өзі бір шаруамен көрші ауылға кетіпті. Тоғыз қой мен бір жылқысын өлтірген жаманауыздың ізі жалғыз болмады, төртеу екен, екеуі бір жақ және екеуі бір жаққа қашыпты.

— Жолдас, сендер сол қапталға қарай кеткен іздің соңынан түсіңдер. Біз Қапал екеуміз оңға бұрылдық,-деп Бектемір қос ауызын кезене ұстап, қосшысына белгі берді. Сөйтіп екі көлік ақ қарды айырып, із басып, зымырап берді. Қапал екеуі қожалықтан он шақырымдай ұзап шыққанда әудемде кетіп бара жатқан қос төртаяқтының сұлбасы қарауытты. Ойдан қырға ауысып, ақ кеңістікке бір сүңгіп, бір шығып, зулаған көлік қос тағының адымын аштырмай жетіп алды. Қарындары тоқ қасқырлар құсып та үлгермепті. Шамасы, соңдарына түскенен қуғыншы болмас деп ойласа керек, екеуі күртік қарды омыраулай кешіп барады, тіпті бейқам. Оқ жетер жерге жеткенде ошарыла бұрылған екеуін Қапал мен Бектемір асықпай тұрып нысанаға алып, оқ атты. Мылтықтың тарсылынан естерін жиып болмай жатып, омақаса құлады. Өткір оқ бірінің аяғын бірінің желкесін жұлып түсірді. Ақ қарды қызылға бояп, жанталаса тыпырлаған қос қасқырға және бірнеше дүркін бытыра босатқан екі аңшы өлген қасқырға жақындай алмай біраз кідірді. Мылтықтарын мықтыны майып қылар оқпен оқтап алып, әреңдеп жүріп өлі тағыларға таяп, көлікке өңгерді.

— Қапаш, сенде әлгі не бар ма?

— Нені айтасың?

— Нені ғой, әлгі, неғыл деуші еді? Әй, құрымағырды, әлгі «тырсылдақ»?

— Фотоаппарат па? Телефон ба?

— Иә, сол…

— Барын бар, бірақ соны жөндеп үйрене алмай жүрмін. Жолдас қой оның шебері. Қасқырдың терісін қалай сыдырып жатқанын олай да былай да түсіреді. Сондай мақтаншақ өзі.

— Ә, несі бар? Оныкі дұрыс. Бізге де керек сол. Мен мына мылтық атуды сендерден үйрендім. Енді сол телефонын үйреніп алсақ, суретке түсеміз, таратамыз, мақтанамыз,-деп Бектемір кеңкілдей күлді,-біздің Жолдастан қай жеріміз кем екен? Ә, Қапаш? Әкел, мен көріп жіберейін, балам үйретіп еді,-деп Қапалдың қалта телефонын алып жіберіп, айналдыра қарап, аздан соң түсіру тетігін іске қосып, ыржалақтай күлді,- міне, Қапаш, бұл түк емес, оңай, кел, мен саған үйретіп жіберейін, сосын сен өзің-ақ түсіре бересің, қане, тақау кел.

— Жолдас демекші, олар қайтті екен? Біз ғой қос қасқырды оңай алдық. Бұл екеуі тәжірибесіз жас қасқырлар болды. Бізді көргенде аңтарылып тұрып қалды. Қашпады. Атады деп күтпеді. Екеуміз жетіп келдік те «тарс та тұрыс» еткізіп атып алдық. Жолымыз болды. Ал олар нағыз көкжалдың ізіне құлады. Мә, менің «соткіммен» де түсіруге болады екен-ау. Керемет. Қайсы, қай тетікті басамын,-деп Қапал Бектемірге иық тірестіріп, оқушы баладай оның әр қимылын қағып алмаққа бар зейінін салған. Бектемір болса жерде жатқан қос қасқырды асықпай түсіріп, өздерін де қамтып, ернін жалап алып, үлкен шаруа бітірген адамдай керіле сөйледі:

— Сен солай ойлайсың ба? Олар көкжалдың ізіне түсті ме сонда? Ендеше ендігі бір жайлы қылған шығар, а? Онда біз бұл арада айналмайық, не болса да із шыққан жаққа баралық. Сосын көре жатармыз,-деп қанжығалары майланған екеу қожалыққа қайтып, Жолдас пен Қайсардың оралмағанын біліп, олжаларын қалдырып, көліктеріне отырды. Ғилымның үйінен ұзап шыққан екеу биік шоқының басында тұрған жалғыз аттылыны көріп, оны кімге ұқсатарға білмеді. Бектемірдің ойына бірден аңшы Мансұр келе қалды. Ал Қапал болса Киікбай мен Қисымның бірі шығар деп топшылады. Сөйтіп келе жатқанда бұлар тұсына жақындай бергенде дүрбімен қарап тұрған аттылы еңіске құлады да көзден таса болды.

Көкқұрыш пен Айқылыштың кіндігінен тараған Айшолпы құмның көкжалы Көксұрмен жарасып, екі бөлтірік туып, биылғы қысқы жорыққа тәуекел еткендері еді. Аштық не жегізбейді, төрт бірдей ауызға азық табылмай, айналадағы қораларға көз сүзіп, иіс аулап, естері кеткен соң осы қожалықтың малына қырғидай тиді. Көксұр мініс атты жайратса, Айшолпы бастаған апалы-інілі қос бөлтірігі жабық қотандағы қойды дүрліктірді. Қойға бірінші рет ауыз салған бөлтіріктер құртқаның қылығын қайталаумен болды, өз беттерімен бірде-бір малға шаппады, сөйтіп жатқанда үй жақтан «аттандаған» дауыс шығып, бұлар қашудың қамына кірісті. Айшолпы Көксұрымен бірікті. Қос бөлтірікті қыр асырып жіберді. Олардың ойынша қуғыншы бола қоймайды, болған күннің өзінде бөлтіріктердің емес, біздің ізімізге түседі деп, жайраған жылқыдан ұзап кетпей әрлі-берлі із тастап, жүріп алды. Алайда дүрілдеп жеткен қос көлікті көрген бойда бөлтіріктері кеткен жақтан жалтарып, басқа бағытқа бұрылуға тура келді, сөйтсек бұл адамдарды алдап соғамыз десе керек. Жолдас пен Қайсар мінген шаңғытабан Көксұр мен Айшолпыны біраз қуды. Жетіп барып, әлденеше рет нысанаға алып, ата бергенде, ойға жасырынып, қырға өрлеп, біресе ілгері, біресе кейін қашып, сытылып кете берді. Екеуі бір ылдиға түскендей болған, бір қарағанда одан арлан қасқырдың өзі ғана шығып, «мені көрдіңдер ме?» дегендей бұлардың тұмсығының астынан өте берді. Әбден зығырданы қайнаған Жолдас пен Қайсар қатарласа атып, ақыры көкжалды жаралады. Бөкселігінен, аяғынан тиген оқтан белі шойырылып, жүре алмай қалған Көксұрды тақап барып және атты. Дырау басы сылқ етіп құлаған бөріні өлдіге санап артқы сирағынан ұстап, сүйреймін дегенде қозғалып, «гүж» етті. Қайсар қаруын тастай қашты. Жолдас жетіп келіп, жаралы көкжалдың үстіне құлай кетіп, қолындағы кендір арқанмен шандып байлап тастамағанда бір шөйтім болар ма еді, кім білген? Әйтеуір, аңшылар қатты састы. Денесіне пәлен қайтара оқ дарытқан дырау тағы тірі екен. Тіпті жақсы болды. Жолдасқа да керегі осы, көптен тірі қасқырды қолына түсіре алмай ойыны осылып жүрген, бүгінгі олжасы қалпақтай, көзі күлімдеп, ыңылдап, әндетіп қояды.

— Жолдас, мына арлан өлмеген екен. Мен жаңа шаруам біткен шығар деп ойладым. Сен болмағанда,-деп Қайсар көкжалдың азу тістерінің арасындағы таяқты түртіп, арқанмен буындырылған тұмсығын тексеріп, көзіне қарап, шыдай алмай назарын тайдырып әкетті,-кісіге жаман қарайды, тұла-бойым сұп-суық боп кетті ғой, құдды ажалдың өзін көргендей болдым. Кәпірдің түрі жаман!..

— Ә, солай ма екен? Қайсар, қорықпа, Жолдекеңнің қолына түскен қасқыр құтылмайды. Жаны шықпай тұрғанда ауылға жетейік, жоқ, айтпақшы, жаңа өткенімізде осы жолда бір ағаш болып еді ғой. Тезірек сол ағашқа жетіп алайық. Сол арада біз мынаның әуселесін көреміз.

— Ағаш дейсің бе? Артта қалды. Бірер шақырым жүрсек, бір ағаш тұрған… Оны қайтпексің?

— Үндеме. Көлікті тұтандыр. Кеттік,-деп арланды үстінен басып, ыңылына басқан Жолдас көзін қысып қояды. Олар айдаладағы ескі үйдің қар басқан орнына келіп, қатып-семіп тұрған ағаштың жанына тоқтады. Көліктен түсе салысымен Жолдас арланды дырылдатып сүйреп ала жөнелді. Денесін қан жуған бөрі ырылдап қояды. Қар беті қызыл жолақтанып сала берді. Басын төмен қаратып, артқы аяғынан шандып байлап, ағаштың бұтағына апарып асқан арланды салбыратып ілу екеуіне біраз күшке түсті. Әлдері жетпеген соң арқанның бір ұшын көлікке байлап, тартып, әрең дегенде басы жерге тиер-тиместей етіп іліп қойды.

— Міне, енді әп-әдемі болды. «Өмір, өмір, өмір неткен қатал-ай…» деп ыңылдаған Жолдас пышағын суырып, оны қайраққа жанып, жүзін бас бармағына басып көргенде қылпып тұрғаны сондай қызыл қан шып-шып берді,- ауыртпай, суда жүзген балықтай билей жөнелетін менің осы кездігім керемет, әп, бәлем, сайтан алғыр,-деп Жолдас өзінің үйреншікті, сүйікті кәсібіне кірісіп кетті. Көкжалдың артқы аяғынан бастап бөкселігіне шейін жортып отырған өткір пышақпен қоса ақ қарға қан сорғалап ағып жатыр… Қайсар болса қалта телефонының камерасына түсіріп, екі езуі екі жағына жайылып, сондай мәз.

— Жолдас, мына арланға сенің пышағыңмен сипалағаның ұнап жатқан сияқты, әлі бір қозғалған жоқ, дыбыс бермеді, әлде жүрегі жарылып өліп кеткеннен сау ма өзі, ә?-деп қажаған, қасапшы пышағымен терісіз жалаңаш дененің бірнеше жерінен осып-осып жіберді. Осыған шейін тырп етпеген Көксұр бөрі басын көтеріп, болар-болмас ырылдады да қойды. Көзін жұмып алған. Адамдардың азабына көніп, «не істесеңдер де ырықтарыңда, қыларыңды қылып қал» деген сыңай танытады. Көкжал дырау басын көтергенде-ақ Қайсар шеткеріге ығысып кеткен болатын, түрінен қорқып тұрғанын аңғару қиын емес.

— Сен немене, жаралы, байлаулы, тірілей терісі сыдырылып жатқан қасқырдан да қорқасың ба, а? Қайсарлық танытпайсың ба? Әй, сені де еркек дейді-ау! Балсезімнің қасына кіммін деп жатып жүрсің? Ха-ха-ха!..

— Жол,Жолдас, сенде бар ғой осы, сенде жүрек жоқ. Болса да басқа жүрек. Қалай ғана қорықпайсың? Мынаның түрі жаман. Көзін көрдің бе, көзін? От шашады… Тура қарауға дәтің жетпейді. Ал сен болсаң әндетіп тұрып, тірі көкжалдың терісін сыпырасың… Сенде жүрек жоқ.

— Әй, басты қатырмашы! Неге жоқ болсын, бар, менікі сендердікіндей емес, тастай жүрек! Айтпақшы, арланның аузындағы таяқты алып тасташы. Қиналғанын естиік…

— Не болса да жүрегіңнің түгі бар екен. Мен сенің қасыңда жүріп, қанша қасқырды тірілей қинағаныңды көріп келемін, бірақ әлі күнге етім үйренебей қойды. Ой, оны өзің алмасаң, мен…-деп Қайсар қаралай дірілдеп, орнынан тырп етпеді.

— Өй, сужүрек. Жақсы, өзім,-деп барып Жолдас арланның аузындағы таяқты суырып алды. Азу тістің кірш қадалған тұстары шұқырайып қалған таяқты Қайсардың қолтығына сүңгіте салған, соған бола шошып, қолындағы телефонын түсіріп ала жаздады,- Сені білем ғой, досым. Мынаны қой құсатып жайратып сойып тастауға да болады, бірақ сен қасқа сирағын ұстауға да жарамайсың, сол себепті ағашқа асып қойып, міне, осылай-осылай,-деп пышағын сойдақтата тілгілеп, арланның терісін белден асырып, мойындығына таман жүгіртті. Сол бір сәтте Көксұр дырау басын қайқита көтеріп алып, ұлығандай айбатты дыбыс шығарды. Жолдас етігінің біздей тұмсығымен арланды теуіп кеп жіберді. Ошарыла, белін қайқита бұрылған бөріні балағаттап, басынан да бірнеше қайтара тепті.

— Сен тырп етпе, істі бүлдіресің. Саған әлі өлуге болмайды. Аузыңды босатты екен деп еркінсіме. Және оп-оңай жанымды шығара қояды деп ойлама. Мен сені анадан жаңа туғандай жалаңаш күйіңде жерге түсірем, сонда тірі болсаң, онда мен бақыттымын! Ха-ха-ха! Қайсар, қызықтың бәрі енді болғалы тұр. Бекестер қайда жүр екен? Қызықтан құр қалатын болды. Біздің қолымызға түскені нағыз көкжалдың өзі, мұны біз әлі қинаймыз, бұл жарық дүниеге келгеніне өкініп, құдайын қарғайтын болады. Ха-ха-ха! Сен соны көресің. Ана камераңды сол сәтте қосуды ұмытпа. Жігіттерге көрсетесің. Мақтанасың!-деп келіп Жолдас арлан терісін іреуді жалғастыра түсті. Бұлар сөйтіп жатқанда Қапал мен Бектемір де келіп жетті.

— Мәссаған, керек болса! Екеуің не істеп жатсыңдар? Айдалада ағашқа асып қойып, бір семіз қойды… ойбой, тоқтай тұр… бұл, бұл деген…-деп Бектемір тұтығып, әрі қарай сөйлей алмай қалды. Мотоциклді өшіріп, кейіндеп жеткен Қапал жағдайды бірден түсінген.

— Оһо! Қасқырдың қасапшысына жұмыс табылған екен де! Қане, былай, былай тұрыңдар, мен мұны,-деп телефонының тетігін басып, астыңғы ернін жымқырып алып, айнала жүріп, түсіріп жатыр.

— Жолдас, бұл анық қасқыр ма?-деп Бектемір таңғала сұрады.

— Енді ше? Нағыз көкжалдың өзі. Қайсар екеуміз әрең дегенде қуып жетіп, пәлен қайтара оқ жұмсап, ақыры қолға түсірдік. Екеуіңді жаңа ғана айтып жатқам, қайда жүр екен деп, келгендерің мұндай жақсы болар ма? Сендер де қызыққа куә болатын болдыңдар. Әй, Қапал, басына жақындама. Абай бол. Сол аулақтан түсірсейші,-деп ескерткенінше болмады Көксұр басын кекжитіп алып, өзіне қайран қалып, тұрып қалған Қапалға қарай аузын арандай ашып, шап бергенде шалқалай құлаған аңшының жеңі қасқырдың азуына ілігіп, дар етіп айырылды. Қатты жерге шүйдесімен соғыла жаздаған Қапалды Жолдас сүйеп қалды.

— Айттым емес пе? Сақ бол деп… Бұл арланның азуына іліксең жұлыныңды қиып жібереді.

— Ей, сонда бұл жалмауыз әлі тірі болғаны ма? Денесінің сау жері қалмаған, сен болсаң терісін сыпырып тастапсың. Сонда да тірі…

— Иә, сонда да тірі. Бұлардың жаны сондай сірі келеді,-деп Жолдас пышағының ұшымен нұқып, арланның қарнын тескіледі. Пышақ піскен жерден қан шығып, сорғалай ағып жатыр,- ә, тынышталдың ба? Қасқырым, аз қалды, шыда…

— Жолдас, сен мұның бас терісін де сыпырасың ба? Онда өліп қалмайды ма?

— Жоға, біз бас жаққа барыспаймыз. Өле алмай жүр дейсің бе?-деп Жолдас күжірейген мойнына келгенде теріні дөңгелете тіліп, алқым тұсына түскенде тартып тұрып, пышағымен айырып, буы бұрқыраған теріні қардың үстіне тастай салды,- ал, жігіттер, шегініңдер. Мен қазір мұны босатып қоя беремін. Не істер екен. Біреумізге тұра шабар ма екен, әлде сеспей қатар ма екен?

— Жол, сенің де шығармайтының жоқ. Терісін сыпырғаның аздай, енді не істегелі жатсың? Апырмай, ә?-деп Бектемір қобалжып, кері шегінді. Үш аңшы да мылтығын кезеніп, Жолдастың қимылына, үстін қан жуған қызылшақа қасқырға қарап, әріде тұр. Қасапшы арланды жерге баяу түсірді. Аяғын босатты. Қар үстінде созылып жатқан жалаңаш денесі дір-дір еткен бөрі буы бұрқыраған күйі әреңдеп орнынан тұрды. Басын бұрды. Қай жаққа жүруі керек? Үстінде терісі жоқтығын қаперіне алмайтындай тәлтіректей басып, сәл алға жүрді де бұрылып, өзіне қарсы қадалған ұңғыларға қарап, азуын ақситты. Дәл осы мезетте мылтық даусы саңқ етті де бөрінің дырау басы жерге сылқ түсті. Оның артынан қан сорғалаған қызылшақа денесі майысып құлай берді.

— Кім атқан?-деп Жолдас айтып үлгермей жатып атының танауынан буы бұрқырап, Жүсіп аңшы да жақындап қалыпты.

— Жігіттер, мына қорлықты Құдайдан қорықпай қалай жасадыңдар? Қап, кеш байқадым, әйтпегенде бөріні бұлай азаптауға бермес едім,-деп атынан түсіп, арланның терісін көтеріп, қан сорғалаған денені соған орады,- сендер аңшы емессіңдер… сендер…

— Әй, Жүсіп, сен неғып қару асынып алғансың? Мылтық ұстамайтының қайда?-деп Бектемір сөзге килікті.

— Оны сенен сұрамаймын. Өзім білем, қару ұстаймын ба, жоқ па, онда сенің шаруаң болмасын, Бекес. Кешегі қойшы бүгін аңшы болғанда, біз не, Құныскерейдің ұрпағы қарусыз жүрсін дейсің бе? Атамыздан қалған ақ мылтықты қашан қолға алсақ та өз ықтиярымызда. Ал жігіттер, екі жас бөріні өлтіріп, Ғилымдікіне қалдырыпсыңдар, енді міне, олардың әкесін де алыпсыңдар. Осымен жетер, а? Қолдарыңа қару тисе өз далаңның киесін қырып салудан тайынбаған түрлерің құрсын!.. Сендерді көргім келмейді.

— Сені осы араға біреу шақырып па? Жолың әнеки! Кете бер. О несі-ай, «сендерді көргім келмейді» деп қояды тіпті. Өй, пәтшағар…-деп Бектемір шырт-шырт түкірді,-жаңа дөң басынан көпініп, шайтанға ұқсап жоқ болған сен екенсің ғой, аңшы Жүсіп?.. Бар, аңшылығымыздың шырқын бұзба!

— Кетем, кетем, Бектемір. Текке күйме. Ғилым мініс атымды жеп кетті деп еңіреп отыр екен, «келіп, менің бір атымды алып кет» дедім, ал сендер…-деді де аңшы атына қарай қозғалды.

— Жүсіп, малымызға шапқан итқұсты аяиды екенсің, ендеше мынаның өлімтігін алып кетпедің бе?

— Оны мен қайтем? Атқан, азаптап қорлаған сендерсіңдер. Ертең жауап беретін де өздерің. Сондықтан мені бұл қылмысқа тартпаңдар. Айтпақшы, менің қос тазымды атып кеткен де сендер емессіңдер ме?

— Сенің иттеріңді біз емес атқан…-деп Бектемір жер шұқып, жанындағы жігіттерге ұрлана көз қырын салды. «Бұны да біліп қойыпты» деген сыңай барлығының көзінен көрініп тұр. Жүсіп кекесінмен езу тартты да: «Шу, жануар!» деп атын тебініп қалып, келген жағына қарай желе жортып кете барды. Оның соңынан қарап қалған төртеу бір-бірін кінәлайтындай күйбеңдеп, не істерге білмеген, шарасыз күйге түсті. «Құныскерей» атанған аңшыдан ығып, әлгінде оған қарсы бірдеңе деуге жүрегі дауаламаған Жолдас әлдене деп міңгірлеп мотоцикліне қарай жүрді. Көксұрдың өлі денесін қармен көміп, терісін қанжығасына басқан Қайсар серігінің соңынан ілесті. Бектемір мен Қапал да шаңғытабандарына отырып, Ғилымның үйін көздеген. Күн суытып, аяз күшейіп, төңіректі қараңғылықтың табы ала бастаған. Түзде қасқыр ұлыды. «Ууу!..» Бұл үйірінен айырылған Айшолпының жоқтауы еді… «Уууу!..»

Мұнайдар Балмолда

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *