«Көкшенің Ұлы Батыры»

Екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін аянбай айқасса да, аты аталмай ерлігі мойындалмаған батырлар көп болды. Солардың бірі қанды қырғын майданда фашистерге тойтарыс берген, сұм соғыстың нүктесін қойған, Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ азаматы ақмолалық Рақымжан Қошқарбаев еді. Рақымжан атамыздың ерлігі қайтыс болғаннан кейін ғана мойындалды. Өйткені ұзақ уақыт бойы Жеңіс туын Рейхстагқа Михаил Егоров пен Мелитон Кантария орнатты деген пікір болды.

Ол 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. Оған ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлеріне жіберілді. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберілді. Өзінің өмірі туралы Қошқарбаев өзі жазған «Штурм» атты кітабында жан-жақты баяндады. 1942 жылы 18 жасында әскер қатарына келді. 1943 жылдың жазында біздің Көкшетаулық полктен офицерлік училищеде оқытуға сержанттардың бір тобы іріктеліп алынды. Рақымжан осы топқа ілігіп, Ресейдің Тамбов қаласынан қоныс аударды. Кейін Фрунзе қаласына орналасқан офицерлік училищеге келеді. Рақымжан училищенің қоғамдық өміріне белсене араласты және партия мүшелігіне кандидат болып қабылданды. Училищені 1944 жылдың қазан айында тәмамдаған оған кіші лейтенант шені берілді. Р.Қошқарбаев бірінші Беларусь майданының 3-ші пәрменді армиясына 1944 жылғы қараша айының ортасында жетті. Ол I Беларусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты.  Аз уақыттың ішіде өзін батыл командир ретінде көрсетті, Берлин үшін шайқаста оның взводы алдыңғы қатарда  жүріп,  «Гиммлердің үйіне»  бірінші болып жетті.  Берлиннің ең ортасы – Рейхстаг. Корольдік алаңда тұрған Рейхстагты алу керек болды. Оған келгенде немістер бар күшін салып, ештеңе аямай аспаннан да, артеллериямен де жуытпай қойды. Таятпайды, кіргізбейді. Бір нәрсе қылт етсе, атып түсіреді. 1945 жылы Кеңес әскерлері  Рейхстагқа жақындайды. Туды орнатуды Қошқарбаевтың өзі былай сипаттайды: «Комбат Давыдов мені терезе қасына шақырды. «Көрдің бе, -дейді, — Рейсхстагты? Керекті адамдарды таңда, туды тігетін боласындар». Сосын маған сырты оралған, ауыр салмақты матаны берді. Бұл – қара қағазға оралған ту еді. Бір топ барлаушылармен терезеден шықтық. 350 метр жер алыс болмағанымен, бірақ бұл мен үшін өмірімдегі ең ұзақ, шегіне жеткізбейтін ауыр жол болды. Біраз уақыттан кейін бәрімізге жерге жата қалуға тура келді. Атыс үдей түсті. Қасымда тек бір-ақ жауынгер қалды. Ол Григорий Булатов болған. «Біз не істейміз, жолдас лейтенант?»,-деп сұрай берді. Біз екеуіміз суға толы шұңқыр қасында жаттық. «Туда өз тегілерімізді жазып қояйық»,-деп ұсындым. Содан соң химиялық қарандашпен: «674 полк, 1 батальон» сөздерін жаздық. Қасына өз аттарымызды қостық: «лейтенант Қошқарбаев, жауынгер Булатов». Сол жерде қараңғы батқанға дейін жатуға тура келді. Сосын артиллерия соққы жасай бастады. Осы сәтте Рейхстагқа қарай жүгірдік. Құрылысқа жеткен кезде мен Булатовты көтердім, оның бойы екінші қабатқа жетті. Екінші қабат деңгейінде туды орнаттық…». Осылайша, қазақ батыры ең алғашқы болып, Рейхстаг қабырғасына қызыл туды қадайды. Қазақ батырының ерлігін сол кезде барлық майдан газеттері жарыса жазды. Дегенмен Кеңес үкіметі қазақ жігітінің батырлығын мойындағысы келмеді, неміс әскерінің әлсірегені мен Берлиннің тізе бүгетіні белгілі болғаннан кейін, соның бір символикалық көрінісін көрсету үшін Жеңіс туын Рейхстагқа Михаил Егоров пен Мелитон Кантарияға қайтадан орнатқызады.  Осылайша, нағыз батырлар есімі  санадан да, тарихтан әдейілеп өшіріле бастады.  Соғыстан кейінгі жылдары Р.Қошқарбаев   Ақмолаға оралып, ел қатарлы өмір сүреді,  батырмын деп кеуде соқпады, атақ сұрамады. Гүлжихан есімді бойжеткенмен танысып, отбасылы болады, алайда олардың бақытты күндері  ұзаққа бармады: ерлі-зайыптылар Мойынтөс темір жол құрылысында істеп, тұрмыстары түзелгенде, аяғы ауыр Гүлжихан баланы босану үстінде көз жұмады. Рақымжан кішкентай шақалақпен жалғыз қалады, ол сәбидің де бұл дүниедегі күндері санаулы болады, батырдың тұңғыш ұлы 6 айлық кезінде шетінеп кетеді.  Өмірде көп қиындық көрген таудай тұлға барлық жақындарынан айырылып, күйзелісте болады. Кейін Алматыға келіп, жаңа өмір бастауға тырысады. 1953 жылдан  3 жылдай Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімде қызмет атқарды. 1958 жылы Бауыржан Момышұлымен кездесіп, оған өз өмірі жайында айтады. Оның Берлинде жасаған ерлігі туралы естіген Б.Момышұлы сол кезде журналист болып істеген Кәкімжан Қазыбаевқа қоңырау шалып, Р.Қошқарбаев туралы мақала жазуға тапсырады. 1958 жылы 21 ақпанда «Лениншіл жас» газетінде К.Қазыбаевтың «Рейстагқа ту тіккен қазақ» очеркі шығады. Сөйтіп, қазақ елі 13 жыл бойы белгісіз болған батыр туралы естіді. Рақымжан Қошқарбаев ол кезде Рәхила есімді бойжеткенді ұнатып, отбасын құрады. Батырды жоғары деңгейде таныту, мойындату процесін Б.Момышұлы өз қадағалауына алады. Жеңістің 20 жылдығына орай, Қошқарбаевты кеңестер одағының батыры атағына ұсыну жұмысын бастайды. Бар қажетті материалды журналист Кәкімжан Қазыбаев жинақтап, тиісті жерге жеткізеді. «Бірақ Мәскеу үндемейді. Атақты халық жауының баласы болғандықтан бермеген екен. Олардың бір сылтауы сол»,- дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың зайыбы Орынша Қарабалина-Қазыбаева.

Мәскеу мойындамаса да елі, қазағы оны батыр деп біле бастайды. Ал Рақымжан Қошқарбаевтың жанында бірге жүріп, ту тіккен Григорий Болатовты өз отандастары мойындамады. Ақырында оны «Гришка Рейхстаг» деп келекете бастады. Мұндайды көтере алмаған Григорий ел қатарлы өмір сүріп кете алмады. Ішкілікке салынып, ақырында жұмбақ өліммен көз жұмады.

Рақымжан Қошқарбаевты жан-жақтан арнайы іздеп келушілер көбейді. Бұл кезде ол қалалық моншаны басқаратын. Б.Момышұлы Р.Қошқарбаевты іздеушілер көбейген сайын қазақ батырының моншада жүргеніне ұялып, қызметін өсіру туралы мәселе көтереді. Сөйтіп, 1962 жылдан бастап қазақ батыры «Алматы» қонақүйінің директоры қызметін абыроймен атқарады. Б.Момышұлының бастамасымен К.Қазыбаев, одан Ж.Ауыппаевтар батырға тиісті атақты алып беру мақсатында тоқтаусыз еңбек етіп, материалдар жинақтап, билікке жеткізіп отырды. Жеңістің 25, 30, 35, 40 жылдығына Мәскеуге қайта-қайта өтініш жазды. Бірақ, жазылған хат қараусыз, айтылған сөз жауапсыз қала берді. Бұл процеске тоқтауды Брежнев қойды. Алматыға сапарлап келген Брежневке қалың жұртшылықтың өтінішін Қонаев жеткізген еді. «Қонаевтың аузымен Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаевтың атағы жоқ екендігі, Б.Момышұлының атағы жоқ екендігі айтылды. Бірақ, Брежнев тарихты қайтадан қарамайық деді»,- дейді  ҚР  еңбек сіңірген қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың зайыбы Орынша Қарабалина-Қазыбаева.

Дегенмен, Кәкімжан Қазыбаев зерттеуін тоқтатпады. Ол күндердің күнінде батыр тиісті деңгейде мойындаларына сенді. Бірақ, осы атақты Р. Қошқарбаев көзі тірісінде алмады. Ол 64 жасында, 1988 жылы дүниеден өтеді. Мұның алдында ол К.Қазыбаевқа өзін көзі тірісінде саясында жүрген Бауыржан Момышұлының қасына жерлеуін өтінеді. Бүгінде қос батыр қатар жатыр.  Бір жылдан соң, Р.Қошқарбаев өмірін зерттеген К.Қазыбаев та дүниеден өтеді. Бірақ, дәмі таусыларын сезді ме, ол 7 ай бұрын шәкірті Ж.Ауыппаевқа бар жиған архив материалдарын табыстайды. Бұған дейін де батырдың өміріне қанық Ж.Ауыппаев үлкен аманатты арқалап, алып қалды.

Ауыппаев реті келгенде Қошқарбаев туралы мақалалар жазып, халықтың пікірін оята береді. Ал, газеттің 1999 жылғы санында «Халық ала алмаған қамал» деп, көлемді мақала береді. Жан-жақтан хаттар ағыла бастайды, бәрі әділеттің орнауын талап етеді. Сол кездегі мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаев Ауыппаевтан Қошқарбаев туралы бар материалдарды сұратады. Бұл кезде қазақ батырын Халық қаһарманы атағына ұсынып жатқан болатын.

Көп ұзамай,  ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың Рақымжан Қошқарбаевқа Халық қаһарманы атағын беру туралы жарлығы жарияланды. Бұл ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Қазақ батырының ерлігі осылайша ұлықталды.  Берлин шабуылының қаһарманы, Рейхстагқа ту тіккен Ұлы Отан Соғысының батыры Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі 62 жылдан соң ғана мойындалды.

Бүгінгі таңда Рақымжан Қошқарбаевқа қатысты мұрағат құжаттары ашылып, Берлин операциясы туралы толыққанды ақпарат тарих беттерін толықтыра бастады. Қошқарбаев құрметіне Алматы қаласында мемориалды тақта орнатылған, оның есімі көше, мектеп, ауылдарға беріле бастады:  2006 жылы Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Романовка ауылы  Рақымжан Қошқарбаев ауылдық округі боп атала бастады. Р. Қошқарбаев атындағы №1 Қосшы орта мектебі бар

Нұр-Сұлтанның орталық көшелерінің біріне батырдың есімі берілді. 2016 жылы 19 қазанда сол Нұр-Сұлтан қаласында Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтеді Облысымыздан шыққан алып тұлғанының ерлігін насихаттау мақсатында мектебімізде де түрлі іс-шаралар өткізіледі,

Жерлесіміздің  ерлігін  ешқашан ұмытпайық, қадірменді ағайын.

 

Бурабай ауданы білім бөлімінің  «Щучинск қаласының № 11 мектеп-лицейі» мемлекеттік коммуналдық мекемесі

Есмакова Айгерим Кенжебулатовна

География мұғалімі  

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *