Той-жиынды қоя тұрайық

Жайшылықта той десе қу басы домалайтын қазақтың бұл жолғы тойының сәні де, мәні де бөлек болды. Әлде, тойды сағынды ма, жоқ қасақана әдейі әрекет пе, ол жағының түпкі негізін түсінген жоқпыз. Әйтеуір Солтүстік Қазақстан облысының бір ауданында коронавирус ауруынан айыққан жеңгеміздің ерсі қылығы ақпарат саласына үлкен жаңалық әкелді. «Ауыра-ауыра қожадан ұят болды» демекші, әлемді шарпыған аурудан ел есін жинай алмай жатқанда жеңгеміздің жер астынан жеті бақыр тапқандай айрықша қуанып, туған-туысқанды жинап алып, көңілді кеш ұйымдастырғаны қызық болды.

Жалпы қазіргі таңда пандемия ауруының белең алғаны соншалық біраз аймақтарға карантиндік қатаң бақылау қайта орнатылды. Әсіресе солтүстік өңір ушығып тұрғандығы жасырын емес. Сондықтан болар, барлық той-томалақ, басқа да көпшілік бас қосатын жиындарға шектеу қойылып жатыр. Дейтұрғанмен, кеңқолтық, алды-артына баға жасап, біржақты шешім шығармайтын кейбір ағайындар пандемия өршіп тұрғанда қуыс-қуыста жасырын түрде той өткізіп жатқандықтарының куәсі болып жатырмыз. Баяғыда сақалы беліне түскен қолының жымысқысы бар бір ұры ай жарықта ұрлығы әшкере болып «мен ұрлық қылғанда, ай да жарық болды-ау» деп өкініпті ғой. Мақтаншақтық, дарақылықтың алуан түрінің бірі қазір той жасап, сосын түрлі желі арқылы көпшілікпен бөлісіп жататындарға таң қалғаннан басқа амалымыз жоқ. Жақсы көргенін айтар дейтін қазақ едік. Күн өткен сайын мінез-құлқымыз өзгеріп, басқаша сипатта өріліп бара жатыр.

Той-томалақты кең көсіліп тойлайтын да кезең келер. Бірақ, шыдамды болып, неге болсын тереңінен үңіліп, баппен, байыппен қарап, алды-артына көз жібергеніміз абзал ма деймін. Иә, сан ғасырдан бері той құдай-қазынасы дейтін қазақтың нені болсын марайма мінезбен қарсы алып, құдайдың бергенін көппен бірге бөлісетін жаны жомарт, көңілі мәрт екендігінде дау жоқ. Бірақ, коронавирустан жазылып шығып, той жасап жатыр дегенді естіп, оқығанда таң қалғаннан басқа амалымыз қалмады. Бұл дарақылық па, әлде… әйтеуір түсініксіздеу құбылыс.

Жеңіс Оспанов

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *