Коронавирус басқа вирустарға қарағанда несімен қауіпті — вирусолог

ҚазАқпарат – COVID-19 әлемде күн санап өршіп келеді. Бұл қауіпті инфекцияның салдары мен залалы жайлы қалың бұқара білгені абзал.

Осы туралы С.Асфендияров атындағы «Ұлттық медицина университеті» АҚ Микробиология және вирусология кафедрасының лекторы Зәмзәгүл Ханділла айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Маманның айтуынша, коронавирус басқа респираторлық вирустар сияқты жоғары тыныс алу жолдарының зақымдану симптомдарын тудырады. Сондай-ақ пневмония және ауыр респираторлық синдромның дамуы түріндегі асқынуларды тудыруы да мүмкін. «Екі вирус та респираторлық топқа жатады, дегенмен вирустық қоздырғыштар мен олардың таралуы тұрғысынан маңызды айырмашылықтар бар. Короновирустың респираторлық трактінің зақымдануын тудыратын басқа вирустардан айырмашылығы — оның таралу қарқыны жоғары. Тұмау кезінде жасырын (инкубациялық) кезеңнің орташа ұзақтығы және генерация уақыты (бір адамды жұқтыру мен екіншісін жұқтыру арасындағы уақыт) аз. Covid-19 кезінде генерация уақыты 5-6 күнді құраса, ал тұмау кезінде ол 3 күнді құрайды. Бұл дегеніміз, тұмау COVID -19-дан тезірек таралады деген сөз. Соңғы деректер бойынша, COVID-19 ересектерге қарағанда балаларға аз жұғатындығы анықталды. Басқа респираторлық вирустар үшін жас ерекшеліктеріне сәйкес айырмашылықтар жоқ. COVID-19 кезінде аурудың ауыр және өте ауыр ағымдағы клиникалық түрлері тұмауға қарағанда жоғары. Ал ең басты көрсеткіш — COVID‑19 кезінде өлім-жітім пайызы 3-4%.

Маусымдық тұмау кезіндегі өлім-жітім әдетте 0,1% деңгейінде болады. Маусымдық тұмауды жыл сайын вакцина егумен алдын-алуға болатыны белгілі, ал қазіргі таңда COVID-19 алдын алуға бағытталған, рұқсат етілген вакциналар мен препараттар жоқ. Басқа респираторлық вирустардың да арнайы вакцинасы жоқ, алайда халық үшін олар елеулі қауіп төндірмейді», — деді Зәмзәгүл Ханділла. Оның сөзіне қарағанда, қазір ел арасында вирусты қолдан жасап таратуы мүмкін деген қауесет көп. «Ғалым ретінде зертханада кез келген вирусты жасауға болады деп жауап бере аламын. Бірақ ондағы мақсат не ? Міне, осыны анықап алу керек. Яғни бұл әрекет этикалық құқықты бұзу емес пе? Бұл маған және қоршаған адамдар үшін қаншалықты қауіпсіз болады? Бұл — өлім қаруы ретінде пайдаланылуы мүмкін вирусты зерттеумен айналысатын ғалымның қылмыстық жауапкершілігі емес пе?», — дейді ғалым. Вирустарға кез-келген тірі тіршілік иесі тәрізді кез келген қолайсыз жағдайларда тірі қалып, өмір сүруге ұмтылу қасиеті тән. Оның үстіне, вирус — жасушаішілік паразит, яғни тірі қалу үшін тірі жасушаны қажет етеді. «АҚШ пен Қытайдан келген ғалымдар тобының (Бейжіңде белең алған) коронавирус инфекциясының жұғу қабілетінің жоғарылап мутацияға ұшырағандығы туралы берген мәліметтері олардың аман қалуға ұмтылу эволюциясын растайды. Нуклеотидтік құрылымның өзгеруі – бұл мутация, мысалы, дәрілік препараттың вирус геніне әсері кезінде пайда болуы мүмкін және соның салдарынан тұрақтылық пайда болып жаңа штамм ескі «жабайы» штаммның орнын баса бастайды», — деді ол. Маманның айтуынша, Қазақстанда адамдардың пневмониядан жаппай қайтыс болуы COVID-19 вирусынан болуы да мүмкін. «Әрине, қорытынды диагнозды қою үшін зертханалық растау қажет, бірақ эпидемиологияда «ықтимал жағдай» ұғымын жиі қолданады, яғни барлық симптомдар мен мұқият тексерулер белгілі бір инфекцияға сәйкес келіп, бірақ оны бірнеше себептер бойынша зертханалық түрде анықтауға келмейтін жағдай болады. Оның үстіне коронавирус инфекциясының патогенезі толығымен анықталған жоқ. Біз коронавирус өкпенің қабынуын арттыруымен альвеолды зақымдайтынын білеміз, бірақ бұны зертханалық растаусыз 100% COVID-19 деп айтуға болмайды. Сонымен қатар, клиникалық хаттамаға «коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайы» ұғымы енгізілді. Бұл ПТР тестінің COVID-19 оң не теріс болуына қарамастан осы ауруға болжам диагноз қоюға және емделушілерге ем алуға мүмкіндік береді», — деді ол. Маман ретінде Зәмзәгүл Ханділла Қазақстанда беймағлұм қоздырғыштан туған пневмониядан адамдар қайтыс болып жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкеспейтінін алға тартады. «Оның үстіне, эпидемиологиялық үрдістің заңдары бойынша бір мезгілде екі індет жүре алмайды. Қоздырғыш сәйкестендірілмеген, себебі пневмония кезінде материалды жинауда қиындықтар бар, ол құрғақ жөтелмен жүретін сатысында өтіп жатыр. Сондықтан хаттамаларда аралас үлгілерді (зерттеу материалын): мұрыннан және мұрын-жұтқыншақтан жағындыларды, қақырық пен мұрын-жұтқыншақтан жағындыларды қайта алу жазылған. Сірә, ковидті инфекцияның ең ауыр ағымы өтіп жатыр және біз бұл пневмония екенін білеміз. Әрине, бұл жағдайға қоғам, соның ішінде шетелдік БАҚ тілшілері де көңіл аудармай қалмайды. Мемлекет тарапы мен тұрғындар жұмыла күш сала отырып бұл жағдайдан, пневмония салдарынан өлім-жітімнің жоғарылауынан жақын арада арыламыз деп ойлаймын. Бұл жағдайдан шығу бірлесе отырып күресуге байланысты, әрбір азамат бұған атсалысуы қажет, жеке басының сақтық шараларын сақтау қажет», — деді С.Ж.Асфендияров атындағы «Ұлттық медицина университеті» АҚ Микробиология және вирусология кафедрасының лекторы Зәмзәгүл Ханділла.
https://www.inform.kz/kz/koronavirus-baska-virustarga-karaganda-nesimen-kauipti-virusolog_a3732389

Оставить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *